ПОДЕЛИТЬСЯ
16 марта 2020 | 17:14
Қазақстандағы коронавирус. Бүгінге дейін не белгілі?
Қазақстанда коронавирус жұқтырудың бірінші дерегі 13 наурызда тіркелді. Ол бірден екі қазақстандықтан анықталған, олар Германиядан келген. Елімізде коронавирус анықталғаннан бері қандай өзгерістер болды? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанда коронавирус жұқтырудың бірінші дерегі 13 наурызда тіркелді. Ол бірден екі қазақстандықтан анықталған, олар Германиядан келген. Елімізде коронавирус анықталғаннан бері қандай өзгерістер болды? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.
13 наурызда бірден екі қазақстандықтан коронавирустың жаңа түрі анықталды. Бірінші жолаушы Германиядан 9 наурызда келсе, екіншісі 12 наурызда оралған. Олар бірден карантинге жатқызылды. Министрлік коронавирус жұқтырған екі қазақстандықпен байланыста болғандарды іздестіре бастады.
Үш күн бойында елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 9-ға жетті. Оның алтауы Алматыдағы жұқпалы аурулар стационарында, екеуі - Нұр-Сұлтанда, тағы бір қазақстандық Германияда.
Қандай шектеулер қойылды?
Ең алдымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирусты пандемия деп атағаннан кейін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады.
"ДСҰ коронавирусты пандемия деп жариялады. Үкімет арнайы алдын алу шараларын қолға алады. Қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылады. Азаматтар азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен үздіксіз қамтылады. Шағын және орта бизнес зардап шекпеуі тиіс", - деп жазды Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында.
Сөйтіп, Қазақстан мектептерінде 16 наурыз - 5 сәуір аралығында каникул жарияланып, кинотеатрлардың жұмысы тоқтап, еліміздегі спорт матчтері көрерменсіз өтетіні белгілі болды. Сонымен қатар, адам көп жиналатын барлық шараға тыйым салынды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 15 наурыздан бастап Қазақстандағы жоғары оқу орындары онлайн оқуға көшетінін мәлімдеді.
"Колледждер мен ЖОО-лар онлайн оқуға көшеді. Көптеген оқу орнының қашықтықта оқу бойынша тәжірибесі бар. Сондықтан ол жағынан мәселе туындамайды. Classroom, Google секілді платформалар бар", - деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Аймағамбетов балабақшалар жұмысын жалғастыратынын, алайда коронавирус жағдайы тіркелетін болса, қажет шаралар қабылданатынын хабарлады.
Артынша елде коронавирус дерегі тіркелгеннен кейін, денсаулық сақтау министрі бұған дейін айтқан "Б" жоспары іске қосылғанын мәлімдеді.
"Б" жоспары іске қосылды. Елде коронавирус жұқтырғандар анықталды. Сондықтан халықтың қауіпсіздігі үшін, ең алдымен науқастардың қауіпсіздігі үшін шаралар қолданылады. Олар бекітілген санитарлық стандарттар мен алгоритмдерге сәйкес науқастармен байланысқан тұлғаларды іздеп, оларды оқшаулайды", - деді министр.
Одан бөлек, министр жағдай ушықса балабақшалар жабылуы мүмкін екенін ескертті.
"Мектеп бойынша шешім қабылданды. Ал балабақша туралы қабылданған жоқ. Бәлкім, ата-аналардың өзі белгілі бір шешім қабылдайтын болар. Олар жұмыс кезінде балаларын бір жерге қалдыруы керек қой. Егер жағдай қиындап кетсе, қажет шараны қабылдауымыз мүмкін. Ал аудан әкімдері өздері шешім қабылдауға құқығы бар", - деді Біртанов ОҚК брифингінде.
Коронавирустың тарауына байланысты Наурыз мейрамы өтпейтін болды, сондай-ақ, Нұр-Сұлтанда Жеңіс күніне арналған әскери парад өтпейтін болды. Сонымен қатар, ойын-сауық орталықтарында орналасқан балалар алаңы және спорт залдары жабылды.
Тоқаев Қазақстанда төтенше жағдай жариялады
Қазақстанға коронавирус жұқтырған елдерден қанша адам келді?
13 наурызда Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Қазақстанға коронавирус жұқтырған елдерден қанша адам келгенін айтты.
Қытайдан 1454 адам, 401 адам карантинге жатқызылды, олардың ішінде 90 - Қазақстан азаматы, 311- шетелдік, 306 - қытайлық. 232 адам карантиннен шықты, 169 адам әлі күнге дейін карантинде жатыр.
Ираннан 69 адам келді, оның 68-і карантинге жатқызылды. 52-қазақстандық, 16-шетелдік, 16 - Иран азаматы. 35 адам карантиннен шықты.
Оңтүстік Кореядан 819 адам келді. Олардың 764-і карантинге жатқызылды. 706 - қазақстандық, 58 - шетелдік, 13- Оңтүстік Корея азаматтары. 65 адам карантиннен шығарылды, 699 адам әлі күнге дейін карантинде.
Италиядан 37 адам келді, олардың барлығы карантинге жатқызылды. 33 - қазақстандық, 4 - шетелдік, бірақ арасында италиялықтар жоқ.
Франциядан келген 17 адам үйіне жіберілді. 12 - қазақстандық, 5 - шетелдік.
Германиядан келген 217 адам үйіне жіберілді. 108 - қазақстандық, 109 - шетелдік.
Испаниядан келген 31 адам үйіне жіберілді. 19 - қазақстандық, 15 - шетелдік. ЖРВИ және тұмау белгілерімен 23 адам ауруханаға жатқызылды.
Мерекелік концерттер көрерменсіз өтіп, ән кештері кейінге қалды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанда іс-шараларды өткізуге тыйым салу туралы айтқаннан кейін отандық жұлдыздар жоспарланған шараларын кейінге қалдырды.
Әнші Айқын Төлепберген түсірген "Где мое кольцо?" фильмінің тұсаукесері 9 сәуірде өтуі керек болған. Алайда әнші бүгін Instagram желісіндегі парақшасында премьера белгісіз уақытқа шегерілгенін хабарлады. Алайда ол кейіннен бұл жазбасын Instagram желісінен алып тастады.
Сонымен қатар, әнші Қайрат Нұртас 21 наурызда Нұр-Сұлтанда өтетін ән кеші болмайтынын мәлімдеді.
"ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне орай, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін, менің 21 наурыздағы "Тартылыс күші" атты ән кешім кейінге шегерілгенін хабарлаймын! Кештің нақты болатын күні алдағы уақытта белгілі болады. Еліміз тыныш, халық аман болсын! Жаратқан Ием сақтасын!", - дейді Қайрат Нұртас.
Елімізде коронавирус дерегі тіркелгеннен кейін белгілі әнші Марат Омаров Желі қолданушыларын бір күлдіріп алды. "Коронавирус, кет, кет, кет!" деп ән шырқаған әншіні Желі қолданушылары да қолдаған. "Керемет ән!", "Алас әні! Керемет. Қазақ осы ғой, шіркін", - деді Желі қолданушылары.
Сонымен қатар, қазақстандық боксшы Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі дебютті кейінге қалдырылды. Спортшының менеджері Саят Абдрахмановтың айтуынша, жекпе-жек коронавирус пандемиясы үшін кейінге қалған.
Айта кетейік, Алматының өзінде 600-ге жуық іс-шара кейінге қалдырылған.
Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады
Бүгін мемлекет басшысы елімізде коронавирустың тіркеліне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады. Тоқаев коронавирус уақытша дүрбелең екенін айтып, халықты сабырға шақырды.
"Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді. Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл - уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек. Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына ат салысуы қажет. Еліміздің барлық азаматтары өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетеді деп сенемін. Осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек", - деді Президент.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также