ПОДЕЛИТЬСЯ
08 мая 2019 | 13:42
Қазақтың "Левитаны" - Әнуарбек Байжанбаевтың микрофоны
Қазақ радиосы саңлақтарының үнін тыңдарманмен қауыштырған бұл микрофон соңғы ширек ғасырлық тарихқа куә. Кезінде осы микрофонмен радио ардагері Әнуарбек Байжанбаев та "Алматыдан сөйлеген". Көненің көзіндей құрылғы қазір өткенді еске салып телевизия музейінде тұр.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақ радиосы саңлақтарының үнін тыңдарманмен қауыштырған бұл микрофон соңғы ширек ғасырлық тарихқа куә. Кезінде осы микрофонмен радио ардагері Әнуарбек Байжанбаев та "Алматыдан сөйлеген". Көненің көзіндей құрылғы қазір өткенді еске салып телевизия музейінде тұр.
"Бұл 1970 жылдары қолданылған МД-54 микрофоны. Әкем бұл микрофонмен тікелей эфирде мәтін оқыған. МД-12 деген кішкентай микрофон да болды. Оның алдында қолданғандары, өкінішке қарай, қазір жоқ. Бәрін таратып алып кеткен. Бұлар - қалғаны, қолдан жинағанымыз", - дейді ардагер инженер, Ә.Байжанбаевтың ұлы Арыс Байжанбаев сөредегі микрофондарды нұсқап.
"Қазақстан" РТРК мұражайында мұнымен қатар магнитофон, бобинка, катушкалық магнитофон, радиоқабылдағыш, радиола, диктофонның бірнеше түрі орналасқан. Әрбірінің халыққа хабар таратуға қосқан үлесі зор. Бағдарламаның тас-түйін дайын болып, тыңдарманға жеткенге дейін қанша кезеңнен өтетінін бірі білсе, бірі білмес. Бұл жөнінде Арыс Әнуарбекұлы былай деп еске алады:
"Бұрын пленкаға жазатынбыз. Катушка деген бар, пленкалар сол катушкада болатын. Пленканың астындағы тарелкені "бобина" деп атайды. Тарелке арқылы айналып отырады. Бағдарламалар солай таспаға түседі. Дикторлар мен бағдарламаға қатысатын қонақтар дауысы сөйлеу студиясында жазып алынады. Одан соң мәтінге байланысты режиссер әуенін таңдайды. Бізде студияда 5 магнитофон болды. Бірінде - қонақтың, бірінде - жүргізушінің дауысы, бірінде - музыка, бірінде - әрлеуші қосымша дыбыстар. Соның бәрін бесінші магнитофонға жинап, монтаждаймыз. Осылай келесі жұманың хабарын бір апта бұрын дайындап қоятынбыз. Ол кезде Қазақ радиосы мен телевизиясында баспахана да болды. "Қазақ радиосы эфирде" деген газетте эфирлік бағдарламалар тізімі жарық көретін".
Таспа хабарлар дайындауда Репортердің қызметі айрықша болғанын айта кету керек. Сұхбат алдын-ала басылып, магнитофонға көшірілген. Жазба уақыты аз, есесіне көлемді диктофондарды журналистер ауыр көрмей, өздерімен үнемі алып жүрген.
"Ол кезде репортер (диктофон) тек журналистерде ғана болатын, ал дикторлар олар дайындап берген дүниені оқиды. Репортердің салмағы 3 келі, пленкалары 20, 30 минуттық еді. Хабарды дайындау үшін ондағы жазбаны үлкен магнитофонға көшіреміз. Репортерлер 2000 жылдардың басына дейін қолданылды. Қазір олардың неғұрлым ықшамдалған, қалтаға салуға ыңғайлы, мүмкіндігі жоғары түрлері шықты. Қанша сағат сұхбат жазсаң да өз еркің, уақытына шектеу жоқ", - дейді Арыс аға.
"Елу жылда ел жаңа", Қазақ радиолары бүгінде техникалық жағынан жетілген, соңғы үлгідегі құрылғылармен жұмыс істейді. Дауыс жазу, монтаждау, сұхбат алу санаулы минутта іске асады. Құрамына Қазақ, "Шалқар", "Астана", "Классик" радиолары кіретін "Қазақ радиолары" ЖШС-ның директоры Құрманбек Жұмағали техникалық мүмкіндіктің артып келе жатқанын айтады.
"Жақында күрделі жөндеуден өткен Алматыдағы Қазақ және "Шалқар" радиосы бұған дейін бір студиядан шықса, енді бөлек-бөлек студиядан хабар таратады. Нұр-Сұлтан қаласынан You Tube желісіне тікелей қосыламыз. Ол үшін әр студияға үш ракурстан камералар орнатылды. Тыңдарман аптасына Қазақ радиосын 360 минут, "Шалқар" радиосын 270 минут, "Астана" радиосын 250 минут YouTube-тан көре алады", - дейді басшы.
Әке үнін бала күннен тыңдап өскен Арыс Әнуарбекұлы Қазақ радиосы табалдырығын 18 жасында аттаған. Әскердегі борышын өтеп келген соң да қара шаңыраққа оралып, қызмет етеді.
"Мен Талдықорған облысы Бөрілітөбе ауданында нағашыларымның қолында өскенмін. 4 айлығымда ол кісілер мені алып кетіп, бағып-қаққан екен. Сонда мектепті бітіріп, әскерге бардым. 1971 жылы алғаш рет радионың дыбыс жазу цехына оператор қызметіне келіп, 1972 жылы әскерге аттандым. 1974 жылы оралған соң қайтадан радиоға келіп, жұмысымды жалғастырдым. Ол кезде республикалық радио-телеорталық деген болды. 26 жылдай соның концерттік студиясында қызмет еттім. Радио-телеорталық оркестрінің әуендерін жазатынмын. 1996 жылы мені дыбыс жазу бөлімінің басшысы қызметіне жіберді. Оған дейін оператор болып істедім", - дейді А.Байжанбаев.
Қазақтың "Левитаны" атанған Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев Қазақ радиосы мен теледидарында диктор, аға диктор қызметтерін атқарған. Ұлы Отан соғысына қатысып, аяғынан ауыр жарақат алуына байланысты елге оралады. Содан бастап өмірінің соңына дейін радиода 50 жыл жұмыс істейді. Ол дүниежүзілік соғыс аяқталған тұста Ұлы Жеңіс хабарын қазақ даласына алғаш жеткізген.
"Әке көрген оқ жонар" демекші, оператор болып жүрген тұста Арыс Әнуарбекұлы радиодағы дикторлық іріктеу байқауларына бірнеше рет қатысады. Операторлық қызметті жетік меңгеріп алған жалынды жас өзін дикторлық қырынан да сынап көргісі келеді.
"Бірақ ешбірінен өтпедім. Бір кісілердің "Екі Байжанбаев болмайды" деген сөзін естідім. Содан соң техникалық бөлімге кетіп қалдым. Әлі күнге дейін сол жердемін".
"Жақсы әке жаман балаға 40 жыл азық" дегендей, тазалық пен адалдыққа жаны құмар Арыс әке атағын дикторлыққа өту жолында пайдалануды жөн көрмепті.
"Ол кісі маған үнемі "Барлығын өзің істе. Өз күшіңмен жет, мен ешқашан көмектеспеймін. Мені тыңдап келе жатырсың, қалай сөйлеу, қалай оқу керектігін білесің" дейтін. Осы сөзді жиі естіген соң өз бетімше байқауларға қатысқанмын. Әкем ешқашан ұрысу дегенді білмейтін, дауыс көтеріп сөйлеген емес. "Балаларым, өздерің біліңдер. Дұрыс жүріңдер, ешкімді өкпелетіп, ренжітпеңдер. Үлкенді - үлкен, кішіні - кіші ретінде сыйлаңдар" деп отыратын. Ол кісінің тәрбиесін алумен қатар, етік тігуді, ас әзірлеуді, шеге қағуды үйрендім", - деп еске алады ұлы.
18 жасында Қазақ радиосының табалдырын аттаған Арыс Әнуарбекұлы тапжылмай қызмет етіп, осы жерден зейнет жасына жетті. Үш жыл бұрын зейнеткер атанған өз ісінің шебері үнжарияның дамуына әлі де үлес қосып келеді. Ардагер инженер аппараттарды тікелей эфирге дайындап, торапқа қосып отырады.
Әнуарбек Байжанбаевтың "Алтын қорда" жүздеген жазбасы сақталған. Жақында Түркістан қаласындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде Ә.Байжанбаев атындағы шеберлік аудиториясы ашылмақ. Онда болашақ дикторлар, журналистикаға қызығушы жастар біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алады.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также