ПОДЕЛИТЬСЯ
27 июля 2021 | 13:36
"Керуен-Сарайда" қайыққа отыру ақысы - 4 мың теңге. Кешен өкілдері түсінік берді
Түркістандағы "Керуен-Сарай" туристік нысанындағы қайыққа отыру құны қымбат болуы Желі қолданушыларының ашуына тиді. Туристік нысанның ресми өкілдері бұл мәселеге байланысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Түркістандағы "Керуен-Сарай" туристік нысанындағы қайыққа отыру құны қымбат болуы Желі қолданушыларының ашуына тиді. Туристік нысанның ресми өкілдері бұл мәселеге байланысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Желі қолданушылары туристік нысандағы қайыққа отыру ақысына көңілі толмайтыны туралы Facebook-те жаза бастаған.
"Түркістандағы "Керуен сарай". Қайыққа міну адам басына 4000 теңге. Баға қалай?", - деп жазды Тұрар Омаров есімді қолданушы.
Ал Серік Қалымбетов есімді қолданушының сөзінше, Түркістанда жататын демалыс үйлері, ішетін тамақ бағасы қалта көтермейді.
"Түркістан қаласын әрлеп, тарихи көрініс беретіндей соққанына, бір жағы қуансаң, бір жағы ойда қаласың. Рас керемет архитектура, көне Бағдад тәрізді, мұсылмандар әлемінің орталығы, туристік қала болар деп қабылдадық. Ел сөзіне қарағанда, барған ел тамсанып, таңқалыпта қайтып жатты. Бірақ, қайта көруге барайық, демалайық деген жанды естімедім. Өйткені, барлығы, жататын демалыс үйлері, ішетін тамақ басқасы жәй халыққа өте қымбат. Ал шет елдерден келіп жатқан туристер жоқтың қасы. Себебі, Түркістан климаты ыстық, көк аз, жанында ағып жатқан өзенде жоқ. Оның үстіне вирус індеті асқындап жатқанмен, қаланың құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр", - дейді ол.
Серік Қалымбетов Түркістанға бөлініп жатқан бюджет қаржысын басқа нәрсеге жұмсауды ұсынды.
"Осы орайда, кейде лажсыз ойға кетесің. Қаншама инвестиция құйылып, орасан бюджет қаржысы бөлініп жатыр. Егер, еліміздің әлеуметтік-экономикалық деңгейі жоғары болып, елдің тұрмыс жағдайы ойдан шығып жатса, білінбес еді-ау. Кейде, ой жүгіртсең, сол Түркістан қаласына бөлініп жатқан қаржыны, ауыл шаруашылығын дамытуға, елдің несие қарызын жабуға, өндіріс орындарын соғуға, басқа да әлеуметтік мәселелерді шешуге неге жұмсауға болмас еді деген ой мазалап кетеді. Көпшілік не айтар екен деген ой ғой", - дейді Желі қолданушысы.
Ал туристік нысан өкілдерінің сөзінше, Karavansaray Turskistan жеке инвестордың қаражатына салынған.
"Karavansaray Turkistan туристік кешені жеке инвестордың есебінен салынды. Кез келген жеке туристік ұйымдағыдай, бағалар қонақтар арасында сұранысты ескере отырып және жергілікті нарықты талдауды ескере отырып белгіленеді.
Кешен жайлы демалыс үшін максималды жағдайларды ұсынады, сондықтан қонақтар мен қала тұрғындары үшін аттракциондар мен қойылымдарға жеңілдіктер қарастырылған, сонымен қатар, ат спорты мен қайықпен арнайы бағамен баруды қамтитын тиімді комбо пакеттері жасалған", - деді кешен өкілдері.
Еске салайық, Түркістан қаласында "Керуен-сарай" көпфункционалды туристік кешені 10 сәуірде ашылған болатын. Құрылысы 2019 жылы желтоқсанда басталған кешен әлі де жұмысына толық кіріскен жоқ. Дегенмен қазіргі күннің өзінде жекелеген нысандары ашылған. "Керуен-сарай" кешені "Әзірет Сұлтан" мәдени қорығының буферлік аймағындағы 20,5 га аумақта, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қарама-қарсы орналасқан.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также