28 февраля 2020 18:10

"Кешірім сұра, әйтпесе одан да жаман болады". Әнұранға билеген жігіт соққыға жығылғанын айтты

Видео кадрларынан коллаж

TikTok әлеуметтік желісінде Қазақстанның әнұранына билеп, видео түсірген жігіттің халықтан кешірім сұраған жазбасы тарап жатыр. Tengrinews.kz тілшісі роликтегі жігітпен әңгімелесіп, оқиғаның мән-жайын білді.

ПОДЕЛИТЬСЯ

TikTok әлеуметтік желісінде Қазақстанның әнұранына билеп, видео түсірген жігіттің халықтан кешірім сұраған жазбасы тарап жатыр. Tengrinews.kz тілшісі роликтегі жігітпен әңгімелесіп, оқиғаның мән-жайын білді.

Видео авторының өзіне хабарласқанымызда ол аты-жөнін айтқысы келген жоқ. Алайда 19 жаста екенін айтты. Ал әнұранды қолданған видеосын 20 күн бұрын түсіргенін айтады.

Реклама
Реклама

"Негізі бір жігіттің видеосын қайталадым. 20 күн бұрын жариялаған едім. Ол кезде ешқандай қаралым да болмады. Кейін видео көп қаралғандар санатына шығып, танымал болып кетті. Ата-анам бәрін біледі. Бірақ әрекетімді құптамайды. Бұл "қара хайп" болды. Бірақ өзім мұндай хайпты қаламағанмын, қаламаймын да", - дейді видео авторы.


Видео кадрынан 

Сол видео желіде тарала бастағаннан кейін оны, өзінің айтуынша, белгісіз біреулер ұрып кеткен.

"Үй жақтағы дүкенге шыққанмын. Ол кезде сағат түнгі екі болатын. Бір кезде қасыма үш жігіт келді, кім екенін білмеймін. Екеуі ұрды да, біреуі жай қарап тұрды. Расында, қатты ұрған жоқ. "Кешірім сұра, әйтпесе одан да жаман болады" деді. Интернетте бәрінің алдында кешірім сұрауымды талап етті", - дейді ол.


Видео кадрынан 

19 жастағы жігіттің айтуынша, оны ұрғандар өзінен үлкен. Бірақ құқық қорғау органдарына шағым түсірмепті.

"Полицияға арыз жазған жоқпын", - дейді ол.


Видео кадрынан  

Сонымен қатар, сол видеодан кейін ол оқу орнында да проблема туғанын айтады.

"Сол видеодан кейін мені колледжден шығармақ. Мен қазір соңғы курста оқып жатырмын. Енді не істейтінімді білмеймін", - дейді видео авторы.

Видеоға жазылған пікірлерде мұның бәрі өтірік екенін айтып жатқандар да бар. Біз видео авторынан оқиғаның шын-өтірігін сұрағанбыз, ол "бәрі шын" деп қысқа ғана жауап берді.

Айта кетейік, бұған дейін TikTok желісінде Қазақстанның әнұранын ремикс ретінде жасап, билеу трендке айналғаны жазылған еді. Оны біреулер түсінбей, жаңа трендке қарсы болса, басқалары "лайк" басып, таратып жатыр.

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram