05 февраля 2019 | 14:51

"Кешіріңдер біздерді, бес періште!" Қазақстандықтар жоқтау айтып жатыр

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент
© Тұрар Қазанғапов

Астанадағы қайғылы оқиғадан кейін қазақстандықтар қаза тапқан бес баланы жоқтап, өлең жолдарын жариялап жатыр. Tengrinews.kz тілшісі қаймана халықтың қабырғасын қайыстырған қаза жайлы жазған ақындардың өлеңін топтастырды.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Астанадағы қайғылы оқиғадан кейін қазақстандықтар қаза тапқан бес баланы жоқтап, өлең жолдарын жариялап жатыр. Tengrinews.kz тілшісі қаймана халықтың қабырғасын қайыстырған қаза жайлы жазған ақындардың өлеңін топтастырды.

Асылбек Жаңбырбай:

Реклама
Реклама

Қыздардың қазасына

Өмір деген - ысыраптың дерті ме,

Өлім деген - ысыраттың өрті ме?

Бір бөлмеде бес гүл қатар өскен еді,

Ажал келіп, көз салыпты көркіне

Үй орнында қалды күл боп үйінді,

Қайран ғұмыр қыршынынан қиылды

Бес тағдырдың үзілгені-ай бір түнде, 

Зарлы дауыс жеп барады миымды

Пана таппай жұпар атқан өскінге,

Қорған болмай өтерміз-ау ешкімге.

Бес періште тәтті ұйқыда жатты да, 

Сыймай кетті тірлік деген бес күнге

Қапияда тіл мен жағым байланыс,

Қапаланды қалың елім қайғы алып

Жарық нұрды таратумен бес жүрек,

Жанып тұрды бес шыраққа айналып!



Мейіржан Әлібек:

Төрінде өртке оранып Астананың,

Ананың жасқа малып қос жанарын,

Бір үйдің бес баласы қаза болды,

Жоқ менің жұбатудан басқа амалым.

Жаратқан 30 ұлын бір күнде алған

Дәуіттей пайғамбарды еске аламын.

Одан соң 30 ұлға татитындай

Ұл берген құрсағына жақсы ананың.

Ол бала Сүлеймендей пайғамбар боп,

Дәуіттей ізін басқан хас дананың,

Артынан қиындықтың жеңілдік бар,

Алдыңнан шыққанымен тоспағаның

Енді осы ата-анаға ұл берші, Аллаһ,

Орынын басатындай бес баланың!

Бейбіт Сарыбай:

Жоқтау
Ашылса алақан, жұмылса жұдырық болатын бес саусақты жоқтау

Басбармақ-ай, басбармақ, 
Қарабауыр қасқалдақ... 
Жұртың сені жоқтауда, 
Жанарынан жас парлап.

Титтәй баланүйрегім, 
Жалын, отқа күйгенім. 
Қалай жерге қияды ел, 
Сүйінгенін, сүйгенін.

Ойбой, ортантерегім, 
Келте болды-ау дерегің. 
Мемлекетің менсінбей, 
Болды Аллаға керегің.

Шылдыр, шылдыр шүмегім, 
Ата-анаңның күні едің. 
Тәтті-ақ еді тілегің, 
Әппақ еді жүрегің.

Ей, кішкентай бөбегім, 
Ей, қайғылы өлеңім. 
Талбесіктен суырып, 
Жер бесікке бөледім...

Кеттік рас кердеңдеп, 
Тұрмын міне шер меңдеп. 
Қош деуге де шара жоқ,
Шолақ қолың ербеңдеп...




Аслан Тілеген:

Астана жақтан келеді хаттар көңілсіз

Күн қатты боран дейді, ертең дейді,
Юоранға кешегінің дерті өлмейді.
Болар ма аяз қатты одан асқан, 
Жүрегің оған неге өртенбейді?!

Бола алмай шырыл үнге ешкім қорған,
Будақтап түнге сіңіп көштің бе арман?! 
Бір шарпып жүректерді өтті бүгін,
Бес сәби - 
Бес күн жалған

Ақпанның аза түні нені ұқтырдың,
Қандайлық қасіретке жолықтырдың?!
... Көңілсіз хаттар әлі келіп жатыр,
Қалшылдап тоңып тұрмын...

Рахат Әбдірахманов:

Кешіріңдер біздерді, бес періште!

Көрген күннің айнасы осы деп біл, 
Жанарыма ызаның жасы кеп тұр! 
Бар қазақтың қайғысы бұл қасірет, 
Әр қазақтың қайғысы қасірет бұл.

Тоқ ұқпайды қарыны ашты әрине, 
Ол басқаша әлемде, басқа күйде! 
Қай қалталы түнімен нан тауыпты, 
Бесіктегі баласын тастап үйге.

Айлалылар ақыры ақ атанып, 
Айыптайды әлсізді тағы апарып. 
Алатынды алатын алаяқтар, 
Көресіні көретін қара халық.

Есіл елдің боялып беті қанға, 
Шенділер жүр оларға жекіп анда! 
Бәрі ғажап әкімнің есебінде, 
Бәрі ғажап көгілдір экранда.

Өрт сөнгенмен, жанған от өшпеді іште, 
Тағы көндік амалсыз өткен іске. 
Жаратушы жәннаттың төрін берсін, 
Кешіріңдер біздерді, бес періште!

Кешіріңдер біздерді, бес періште!



Саян Есжан: 

Жарық күнім Түнге айналды,
Шаттық үнім Мұңға айналды.
Аппақ Арман күлге айналды,
Үміт, Сенім құмға айналды...
Бес күн тірлік... Бес күндігім...
Кешірместі кештім бүгін!
...Жаңа ғана бүр жарған-ды
Кетті үзіліп өскін гүлің.
...Әрбір сәтін жеңіс көрер
Біз бе осы ең үстем Ел?!
...Аяусыз-ақ ұшты Көкке
Ең аяулы Періштелер...
Өмір сүріп Жын-қоғамда.
Қорланам да, жынданам да?!
...Өзі-ақ Отқа тастай салар
Нәлет онда, тұл қоғамға!
...Жарық күнім Түнге айналды,
Шаттық үнім Мұңға айналды
Аппақ Арман күлге айналды,
Үміт, Сенім құмға айналды...

Мирас Асан: 

Үй емес, менің өзегім өртенді,
От құшты жастық, көрпемді...
Бес қаруы сай батыр-ажалға жүгірдім,
Бес бүлдіршіннің орнына қи деп желкемді...

Сұп-суық төгеді аспан нұр,
Бес күннің көшерін ескертіп бастан бір...
Теледидарда - мерекелік отшашу,
Жеркепеде - отқа оранған бес тал гүл.

Арсыздың алшыдан асығы,
Дұрысым қате боп - руһым жасыды...
Сол жағалауда - бес жұлдызды қонақүй,
Оң жағалауда - бес бүлдіршіннің лашығы.

Флешмоб.
Форум.
Шоу.
Жыр кеші.
Керегін білмедім солардың кімге осы?!
Газетте - бес әлеуметтік бастама,
Өзекте - бес бүлдіршіннің мүрдесі.

Кеңшілік Тышқан:

Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз,
Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із.
Жер бетінен жайлы орын таба алмай,
Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз!

Уақыт боп, айырылдық жас жаннан,
Өміріміз тар бөлмеде басталған.
Барлық бала бақытты өмір сүрсінші,
Біз оларды бақылаймыз, аспаннан!

Қастарыңда болсын дайым анаңыз,
Әкетайың болсын дайым панаңыз,
Бұл өмірден пәтер көрмей кетсек те,
Ұжымақта зәулім сарай саламыз!

Енді аяздан ешбір сәби тоңбасын,
Жауқазын гүл ашпай жатып солмасын,
Ұрпағыңның жарық болып маңдайы,
Отанымда еш жамандық болмасын!!!

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная