28 декабря 2021 | 15:02

"Қолға алатыны - 903 179 теңге". Қала әкімдерінің жалақысы қанша?

Tengrinews.kz тілшісі облыс орталығы мен мемлекеттік маңызы бар қалалардың әкімдеріне сауалхат жолдады. Қала әкімдерінің жалақысын білмек болдық. Сауалхаттардың жартысына жуығына жауап келді.  

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Tengrinews.kz тілшісі облыс орталығы мен мемлекеттік маңызы бар қалалардың әкімдеріне сауалхат жолдады. Қала әкімдерінің жалақысын білмек болдық. Сауалхаттардың жартысына жуығына жауап келді.  

Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновтің жалақысы бұған дейін 946 мың теңге болған. Ал 2021 жылы Президент жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 1,9 есеге өскен. Сондықтан Шымкент басшысы бүгінде айына 1 935 000 теңге алады.

Реклама
Реклама

Мұрат Әйтеновтің Шымкент әкімі қызметіне тағайындалғанына қаңтарда екі жыл болады. Бұл - Әйтеновтің әкім қызметіндегі алғашқы тәжірибесі. 

Ал Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың жалақысы шымкенттік әріптесінен аздау. Байқағанымыз, мемлекеттік маңызы бар қалалардың басшылары облыс әкімдерімен бірдей жалақы алады. 

Ақтөбе қалалық әкімдігіне жолдаған сауалхатымызға мынадай жауап алдық. Шахаровтың лауазымдық жалақысы - 971 486 теңге, салықтан кейін қолға алатыны - 773 759 теңге. 

Шахаров Ақтөбе қаласының әкімі қызметіне 2020 жылы наурызда тағайындалған болатын. Оның алдында жеті жыл бойы аудандарды басқарған. Негізі ол халыққа дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, самбодан үш дүркін әлем чемпионы, Сидней Олимпиадасының қатысушысы ретінде танымал.  

Ержан Жылқыбаев Тараз әкімі қызметіне биыл наурызда тағайындалған еді. Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, әкімнің салыққа дейінгі жалақысы - 1 126 924 теңге. Қолға алатын сомасы - 903 179 теңге. 

Жылқыбаев қазіргі қызметіне келмес бұрын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Одан бөлек Алматыдағы Медеу ауданының әкімі болған.  

Семей әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы Бақытжан Байахметовтің салыққа дейінгі жалақысы - 975 861 теңге. Ал қолға алатыны - 777 820 теңге

Байахметов Семей әкімі қызметіне биыл маусымда тағайындалған еді. Әкім ретінде ШҚО-дағы екі ауданды, Аягөз қаласын басқарған. 

Ал Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметовтің бір айлық жалақысы - 1 149 460 теңге. Салықтарды алып тастағаннан кейін қолға 927 240 теңге алады. Бұл өңір әкімдігі ұсынған мәлімет. 

Ахметов 2019 жылдың ақпанынан бері Қостанай әкімі қызметін атқарады. Жалпы, ол кейінгі 19 жылдың 18-ін әкім қызметінде өткізген. Бұған дейін Қостанай облысындағы бірқатар ауданды басқарған. 

Асайын Байханов Павлодар қаласы әкімінің қызметіне биыл шілдеде тағайындалған. Бүгінде жалпы айлығы - 1 041 104 теңге, салықтар мен аударымдарды ұстап қалғаннан кейінгі төлем - 829 483 теңге

Бұл - Байхановтың әкім ретінде алғашқы лауазымы. Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметінде болған.  

Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев нақты жалақысын айтпады. Тек басқа әкімдермен бірдей екенін атап өтті. 

"Мемлекеттік саяси қызметшілердің жалақысы лауазымы мен жұмыс өтіліне байланысты​ Қазақстан Республикасы Үкіметінің​ 2021 жылғы 30 маусымдағы​ қаулысы негізінде белгіленеді. Осы қаулыға сәйкес Қарағанды қаласының әкімі басқа да облыстық орталықтар басшылары сияқты жалақы алады", - деп жазды әкімдік қызметкерлері.​

Алматы қаласының әкімдігінен өңір басшысы Бақытжан Сағынтаевтың жалақысын сұрағанымызда мынадай жауап алдық: 

"Облыс, мемлекеттік маңызы бар қалалардың және Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің жалақы мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі - атқарушы органдардың бүкіл жүйесін басқаратын және олардың қызметіне басшылық ететін жоғары тұрған орган белгілейді. Әкімдердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі талап-тілектеріне байланысты емес, белгілі бір тарифтік кестеге сәйкес белгіленеді". 

Ал Өскемен әкімдігінің қызметкерлері қазіргі уақытта өңір басшысы Жақсылық Омардың жалақысын хабарлай алмайтынын атап өтті. Себебі Жақсылық Омар қазір еңбек демалысында. 

"Жалақы туралы ақпарат жеке деректер болып табылады және меншік иесінен таратуға келісімді талап етеді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар жыл сайынғы еңбек демалысында, оның келісімін алу мүмкін емес. Жоғарыда айтылғандарға байланысты Сіздің сұрағыңызға жауап Жақсылық Омар жұмысқа шыққаннан кейін жіберіледі", - деп жауап берді әкімдік өкілдері.

Енді Өскемен әкімі Жақсылық Омар мен басқа да қала басшыларының жауабын күтеміз. 

Бұған дейін облыс әкімдерінің жалақысы туралы жазғанбыз. 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Tengrinews отмечает 14-летие
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная