17 ноября 2020 14:26

"Маскасыз жүргендерді суретке түсіріп жатыр". Желіде тараған жалған ақпараттар

Қазақстанда маскасыз жүргендерді суретке түсіріп, жеке тұлғасын анықтап, айыппұл салады деген ақпарат тарады. Бірақ бұл жалған ақпарат. Сонымен қатар, Желідегілер Алматы облысында дезинфекцияшылардың бір адамды ұрып жатқан сәті түсірілген видеоны талқылап жатыр. Бұл да фейк болып шықты. Tengrinews.kz тілшісі желіде қазақстандықтар таратып жатқан фейк-жаңалықтар туралы жазады.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстанда маскасыз жүргендерді суретке түсіріп, жеке тұлғасын анықтап, айыппұл салады деген ақпарат тарады. Бірақ бұл жалған ақпарат. Сонымен қатар, Желідегілер Алматы облысында дезинфекцияшылардың бір адамды ұрып жатқан сәті түсірілген видеоны талқылап жатыр. Бұл да фейк болып шықты. Tengrinews.kz тілшісі желіде қазақстандықтар таратып жатқан фейк-жаңалықтар туралы жазады.

"Маскасыз жүргендерді суретке түсіріп, айыппұл салады" - фейк

Реклама
Реклама

Қазнетте маска тақпағандарға айыппұл салынып жатқаны туралы жалған хабарламалар тарады. Facebook қолданушысы желіде айыппұл туралы ақпарат жазған.

"Жаңа ғана ата-анаммен сөйлестім, ауылда көлікпен жүріп, маскасыз адамдарды суретке түсіріп алады екен. Кейін оның кім екенін анықтап, айыппұл салады. Бізде ғана медициналық көмекті жақсартудың орнына, адамдарды қорқытып, айыппұл салуға тырысатын сияқты", - дейді желі қолданушысы.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті айыппұл салудың мұндай схемасы туралы ақпаратты жоққа шығарды.

"Полиция қызметкерлерінің бақылау топтарымен бірге ойын-сауық орындарын, кейде көшеде адамдарды тексеретіні рас. Бірақ ережебұзушылық анықталған жағдайда олар рапорт дайындап, құқықбұзушыдан жазбаша түрде түсініктеме алуы керек. Содан кейін барлық құжат өңірлердегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қарауына ұсынылады. Cонда ғана айыппұл салынады. Фотосурет бойынша ешкім айыппұл салмайды", - деп түсіндірді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.

"Байқоңыр үстінен ұшатын беймәлім нысан өтті" - фейк

Қазір желіде Байқоңырда түсірілді деген видео тарап жатыр. Кадрлардан түнде қала үстінен ұшып бара жатқан бір жарықты көруге болады.

"Байқоңыр жақта ұшып жүр. Тағы да халыққа эксперимент жасап жатыр ма?", - дейді желі қолданушысы.

Stopfake.kz сайтының мәліметінше, бұл видео - түпнұсқа, бірақ ол Аустралияда түсірілген. Ерекше жарқыраған көгілдір-жасыл нысан биыл маусымда аустралиялықтар арасында қызу талқыланған.

Оның не екеніне қатысты әлі күнге дейін нақты жауап жоқ. Кейбір маманның пайымдауынша, бұл нысан бұрын ұшырылған, апатқа ұшыраған және атмосферада өртенген зымыранның бөліктері болуы мүмкін. Алайда, бұл жағдайда адамдар жарқын ұшқындарды көріп, қозғалыс бағыты басқаша болар еді.

Аустралия Кертин университетінің ғарыштық зерттеулер, ғылым және технологиялар орталығының зерттеушісі Рене Сайерс түнгі аспанда көрінген табиғи нысан деп санайды. Бұған нысаннан тараған жасыл жарық дәлел. Демек, заттың құрамында темір көп. Оның үстіне, қолдан жасалған нысандар осындай түзу траекториямен атмосфераға ене алмайды.

"Ресми: Қазақстанда тұмау жоқ" - фейк

Қазнет қолданушылары елімізде тұмаудың жоғалып кеткені туралы ақпарат таратып жатыр. Кейбірінің пайымдауынша, оны COVID-19 типтес пневмония ығыстырған.

"Қазақстанда енді тұмау болмайды. Бұл ресми. COVID-19 бен коронавирус типтен пневмония тұмаудың барлық штаммын елімізден ресми түрде ығыстырып тастады", - делінген WhatsApp мессенджерінде тараған хабарламада.

Қазақстандықтардың тұмаумен енді ауырмайтыны туралы қауесет биыл 12 қарашада өткен баспасөз мәслихатынан кейін тараған болуы мүмкін. Онда денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов бүгінде елімізде тұмаудың бірде-бір жағдайы тіркелмегенін атап өткен болатын.

Бірақ бұл коронавирусқа байланысты тұмау енді болмайды деген сөз емес.

"Қазақстанда тұмаудың алғашқы жағдайлары жыл сайын шамамен жылдың 45-47 аптасында тіркеледі. Бұл қараша-желтоқсанның басы. Қазір жылдың 46 аптасы. Сондықтан, коронавирус тұмауды ығыстырды деп айтуға болмайды", - деп түсіндірді ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова.

"Дезинфекторлар коронавирус жұқтырған адамды ұрған" - фейк

Қазақстандықтар дезинфекторларға қатысты тағы бір жалған ақпарат таратқан. Бұл жолы дезинфектордың бір адамды жабылып ұрып жатқан сәті түсірілген видео талқыға түсті.

"Күндіз коронавирус табылған адамды ұстап алған. Әріптестерім жіберді. Бұл - Алматы облысы", - дейді видео таратқан адам.

Stopfake.kz сайтының мәліметінше, видео биыл ақпанда Қытайдағы Тяньмэнь қаласында түсірілген. Ұсталған азамат карантин ережелерін бұзған. Бұл туралы SecretChina.com басылымы жазған.

Алматы облысында және Қазақстанның өзге өңірлерінде осындай ережебұзушылықтар үшін ұстау әрекеттері туралы ақпарат болмады.

"Лимон мен жылы су ішсең, коронавирус кетеді" - фейк

Қазақстандық арасында коронавирусты қалай жеңуге болатыны туралы түрлі ақпарат тараған. Бұған дейін коронавирусты арақ ішу, саунаға бару арқылы кетіруге болады хабарлама болған. Мұның бәрін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жоққа шығарған еді.

Ал соңғы уақытта аурудан лимон мен жылы су арқылы жазылуға болатыны айтылған хабарлама тарады. Хабарлама басында коронавирустың симптомдары жазылған.

"Жылы суға лимон қосып ішсең, ол коронавирусты өлтіреді. Вирус өкпеге жетіп үлгермейді. Ақпаратты барлық таныстарың мен достарыңа тарат", - делінген хабарламада.

Бірақ ДДҰ бұл ақпаратты да жоққа шығарды. Көп су ішу, лимон қолдану тұмаудың алдын алу кезінде иммунитетке көмектесуі мүмкін. Бірақ ол коронавирус жұқтырған адамға пайдасыз екен.

"Адамдарға лимон, зімбір немесе бал болса, ауырған кезде оларды қосымша қолдануды ұсынамын. Бірақ COVID-19-дан емдей алады деп дәлелденбеген болжамдар жасауға болмайды. Қазіргі уақытта расталған терапия жоқ", - деді ДДҰ Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар бағдарламасының директоры Майкл Райан.

Мәліметтер Stopfake.kz сайтынан алынды

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram