ПОДЕЛИТЬСЯ
19 ноября 2019 | 16:07
Мойынқұмдағы сұмдық. Атақты әнші 21 жыл бұрын жоғалған ағасын өлтіргендерді тапты
"Тараз" триосының мүшесі Асылхан Шүңіреков ағасы Кеңесхан Мәдіхановты іздеп жүргеніне 21 жыл болған. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының тұрғыны, 1950 жылғы ағасы 1998 жылы белгісіз жағдайда жоғалып, хабар-ошарсыз кеткен. Сол кезде полиция із-түссіз жоғалу дерегі бойынша тіркеуге алған. Бес жыл өткен соң айғақтардың болмауына және мерзіміне байланысты іс қысқарған. Алайда жоғалғанына 21 жыл өткенде жантүршіктірер оқиғаның шет жағасы ашыла бастаған. Ауыл тұрғындарын дүрліктірген қылмыстың мән-жайы Tengrinews.kz материалында.
ПОДЕЛИТЬСЯ
"Тараз" триосының мүшесі Асылхан Шүңіреков ағасы Кеңесхан Мәдіхановты іздеп жүргеніне 21 жыл болған. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының тұрғыны, 1950 жылғы ағасы 1998 жылы белгісіз жағдайда жоғалып, хабар-ошарсыз кеткен. Сол кезде полиция із-түссіз жоғалу дерегі бойынша тіркеуге алған. Бес жыл өткен соң айғақтардың болмауына және мерзіміне байланысты іс қысқарған. Алайда жоғалғанына 21 жыл өткенде жантүршіктірер оқиғаның шет жағасы ашыла бастаған. Ауыл тұрғындарын дүрліктірген қылмыстың мән-жайы Tengrinews.kz материалында.
Іздеу жұмыстары қалай жүрді?"Іс қысқарған соң біз өзіміз іздей бастадық. Жұрттардың "Шу қаласының маңындағы фазендалардан көрдім, мал бағып жүр", "базарда жүр" дегендерін бәрін тексердік. Әркім ана жерден, мына жерден көрдік дегенін барып қарап жүрдік. Ағам өзі жастайынан атқа құмар еді. Талай көкпарға қатысты. Соңғы бір жылда сыбыстар шыға бастады. Бір әңгімелер жетті. 2018 жылы полицияға қайта арыз бердім, олар тексеруге шықты. Сосын ешкім мойындамаған соң, тергеуші де зейнетке шықты, солай қысқарып қалды. Биыл тамызда прокуратураға барып, арыз жаздым", - дейді Асылхан Шүңіреков.
Кеңесхан Мәдіханұлы Мәдіханов 1950 жылғы. Ел арасында Советхан деген атпен таныс
Осыдан кейін прокуратураның бақылауымен іс қайта қаралып, Жамбыл облысынан және Мойынқұм ауданынан тергеушілер жұмылып, істің беті таяуда ғана ашылыпты. Сөйтсек, бұрындары құқық қорғау органдарында істеген бір ер адам қылмысын мойындап, марқұмның сүйегі соның ауласынан табылған. "Енді қандай жағдайда өлгені бізге беймәлім, тергеушілер біледі, деп отыр Шүңіреков.
"Тараз" триосы. Асылхан Шүңіреков сол жақта
"Тараз триосы" тобының мүшесі ағасының өлімі жайлы жұрттан естігенін былай баяндайды:
"Сол 1998 жылы күзді күні ағаммен бірге үш адам болған екен. Сол жерде болған жігіттердің бірі үйіне жылап барған. Әйелі көрген кезде "Советханды (Кеңесхан) өлтіріп қойдық" деп айтқан. Бірақ әңгіме солай қалған. Сол үйде әйелдің ағасы жүрген, бір күні сол кісі де осы оқиға туралы естіген. Уақыт өте келе ағасымен сыйғызбай, үйінен қуа бастайды. Сол кезде ағасы күйеу баласына "Советханды өлтіргендеріңді айтамын" дейді. Күйеу баласы да "айтсаң айта бер, 20 жыл уақыт өтіп кетті ғой, енді ештеңе бола қоймас" дейді. Сөйтіп ағасы басқа бір үйге барып, малын бағады. Ағасы 2016-ның соңында ма, 2017 жылы ма қайтыс болады. Өлер алдында сол малын бағып жүрген Болат және Халима деген кісілерге айтып кетеді. Ал ол кісілер бізге рулас, туыс болып келеді. Біз өзіміз Таразда тұрамыз, сосын ауылға бір барғанымда, "Аға біз сіздерді анда-санда тойлардан ғана көреміз, айтуға ыңғайсыз, бірақ ішке сыймайды. Ұйқы жоқ" деп келініміз арқылы айтып жібереді".
Сонша жыл бұрын жоғалған ағасының өлімі туралы хабарды ол осындай жағдайда естиді.
"Өзіміз жүздесіп сұрадық, сонда осы әңгімені айтқан адам қайтыс болған екен. Осы іске тергеушілер кірісе бастады. Олар үш адамның атын атады. Сосын мен прокуратураға жаздым. Жамбыл облыстық прокуратураның тапсырмасымен Мойынқұм аудандық прокуратурасының бақылауымен үш айдың ішінде істің беті ашылды", - дейді Шүңіреков.
Ауыл тұрғындарының бірі қылмысын мойындап, өз ауласында ағасының мәйітін көміп тастаған екен. Ағасының сөзінше, бұрындары сол жерде қора болған, қазір ол жерге бастырма соғып, жерді цементтеп тастаған екен.
"Ағамыз сол жерде 21 жыл жатқан", - дейді Шүңіреков.
Кісі өлтіру дерегіне қандай дәлел бар?Шүңірековтің айтуынша, қазіргі уақытта сараптама (ДНҚ) жұмыстары жүріп жатыр. Баласының қаны алынған. Кеңесхан деген ағасының тағы бір баласы таяуда ғана қайтыс болған екен.
"Негізі ағам аттан, мотоциклден бірнеше рет құлаған. Бұғанасында темір орнатылған. Сол арқылы да білуге болады. Бірақ онысы түсіп қалды ма, білмеймін. Өзіміз төрт ағайындымыз, екі ағамның тегі Мәдіханов, біз ініміз екеуміз атамыздың атымен - Шүңірековтерміз. Ағам өзі сегізінші сынып бітірген соң ары қарай оқыған жоқ, жастайынан малға үйір болды. Атқа өте құмар еді, көкпар тартатын. Асау аттарды баптайтын. Сиыр мен жылқы бақты. Үйленді. Тамара деген жеңгеміз бар. Екі ұл бір қызы бар. Барлығы үйленген. Қызы Теміртауда тұрады. Уәлихан есімді баласы таяуда қайтыс болды, бір ұл екі қызы бар. Кенже ұлы Серікхан ауылда қарашаңырақта қалды. Уәлиханның қырқын өткізген соң екі күннен соң осындай сұмдықтың беті ашылды", - дейді ол.
Оның айтуынша, күдікті адам ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.
"Уақыт мерзімі деген бар екен. Мен өзі осы іске байланысты "Алла жазасын берер" дедім. Бірақ енді ағамның артында балалалары, басқа да бауырлары бар, олар не дейді. "Қылмыс жасап, неге көшеде тайраңдап жүреді", - дейді. Мұның бәрі жүректі ауыртады екен. Жастардың кек аламын деп немесе бір нәрсе бүлдіріп қоя ма деп қорқамын. Бұрындары інім бір тәуіпке барған, сол кісі былай деген еді: "Ағаларыңыз өмірде жоқ. Оның нақты неден өлгенін білмеймін, бірақ бір ұрыс-керіс шығып, ұзақ уақыт өткенде қайда жатқаны белгілі болады", - деп баяндады марқұмның ағасы.
Tengrinews.kz тілшісі оқиғаның мән-жайы мен тергеу барысы қалай жүріп жатқанын білу үшін құзырлы органдарға сауалхат жолдады.
Вопрос от редакции
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также