14 февраля 2020 | 10:28

Облыс әкімі қызметінде ең ұзақ және ең аз уақыт отырған шенеуніктер

© Tengrinews.kz коллажы

Таяуда Жамбыл облысының экс-әкімі Асқар Мырзахметов қызметінен кеткен еді. Ол бұл лауазымда 2 жылдан аса уақыт болған. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ең ұзақ уақыт облыс әкімі болған кім? Бір жылға жетпей қызметінен кеткен әкімдер болды ма? Tengrinews.kz тілшісі облыс әкімі қызметінде ең ұзақ және ең қысқа уақыт отырған шенеуніктерді топтастырды.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Таяуда Жамбыл облысының экс-әкімі Асқар Мырзахметов қызметінен кеткен еді. Ол бұл лауазымда 2 жылдан аса уақыт болған. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ең ұзақ уақыт облыс әкімі болған кім? Бір жылға жетпей қызметінен кеткен әкімдер болды ма? Tengrinews.kz тілшісі облыс әкімі қызметінде ең ұзақ және ең қысқа уақыт отырған шенеуніктерді топтастырды.

Ең ұзақ уақыт облыс әкімі болған кім?

Реклама
Реклама

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бір облысты ең ұзақ уақыт басқарған - Хабиболла Жақыпов. Ол Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметін 7 жыл, 11 ай атқарған. Бұл облыс әкімдері арасында рекорд саналады. Жақыпов БҚО әкімі болып 1993 жылдың қаңтарында тағайындалған. Бұл лауазымды XX ғасырдың соңына дейін, 2000 жылдың желтоқсанына дейін атқарған. Кейін вице-министр, Мәжіліс төрағасы лауазымдарында болған.

Одан кейінгі орында Қостанай облысын 7 жыл, 10 ай басқарған - Сергей Кулагин. Ол 2004 жылдың наурызынан 2012 жылдың қаңтарына дейін облыс әкімі қызметін атқарған. Хабиболла Жақыповтан айырмашылығы, бұрын оның әкім қызметінде тәжірибесі болған. Қостанай облысына келмес бұрын алты жылға жуық Ақмола облысын басқарған. Қостанай облысынан кеткеннен кейін Сенат депутаты болған, кейін үш жылдай Ақмола облысын қайта басқарған.

Елеусін Сағындықов Ақтөбе облысында тура 7 жыл әкім болған. Бұл лауазымға 2004 жылдың шілдесінде тағайындалып, 2011 жылдың шілдесіне дейін жұмыс істеген. Сағындықов басқа қызметке ауысуына байланысты жұмысынан босатылған. 2006 және 2009 жылдары "Жыл әкімі" атанған. Ақтөбе облысынан кеткеннен кейін ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесі құрамында болған.

Тізімге Ақтөбе облысының тағы бір экс-әкімі енді. Аслан Мусин - Ақтөбе облысы тарихындағы үшінші әкім. Ол бұл қызметке 1995 жылы қыркүйекте тағайындалған. Кейін қызметінен 2002 жылы сәуірде кеткен. Осылайша, ол Ақтөбе облысын 6 жыл, 7 ай басқарған. 

6 жыл, 5 ай бойы облыс әкімі болған екі шенеунік бар. Біріншісі - жақында ғана Жамбыл облысының әкімі қызметінен кеткен Асқар Мырзахметов. Ол 2009 жылы наурызда сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған. 2015 жылы наурызда бұл лауазымды босатып, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне ауысқан. Артынша ауыл шаруашылығы министрі, Жамбыл облысының әкімі болған еді.

Дәл осынша уақыт бір облыстың әкімі қызметін атқарған - Қырымбек Көшербаев. Шенеунік 2013 жылы қаңтарда Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалған. Бұл қызметте 2019 жылдың маусымына дейін болды. Содан бері екі қызмет ауыстырды. Алдымен ҚР Президенті Әкімшілігін басқарған, қазір мемлекеттік хатшы лауазымында.

Ең аз уақыт облыс әкімі болған кім?

Тәуелсіз Қазақстан тарихында ең аз уақыт облыс әкімі болған екі шенеунік бар - Жәнібек Кәріпжанов пен Леонид Десятников. Екеуі де бұл лауазымда 5 ай болған. Бір қызығы, Жәнібек Кәріпжанов - ел тарихында күнтізбелік бір жылдың ішінде облыс әкімі болып тағайындалып, қызметінен кетіп үлгерген жалғыз әкім. Ақмола облысының әкімі лауазымына 1997 жылы шілдеде тағайындалып, желтоқсанда басқа қызметке ауысқан. Кейін премьер-министр орынбасары, министр, мәжіліс вице-спикері секілді қызметтерде болды.

Ал Леонид Десятник өткен ғасырда әкім қызметін атқарған. 1995 жылы қарашада Шығыс Қазақстан облысының басшысы болып тағайындалған ол 5 айдан соң, 1996 жылдың сәуірінде қызметінен кеткен. Оған себеп - 1996 жылы наурызда Өскеменде митинг болуы. Желіде Леонид Десятник туралы мәлімет жоқтың қасы. Оның суретін де таба алмадық.

Ал Жансейіт Түймебаев 2018 жылы маусымда Түркістан облысының әкімі болып тағайындалған. Бұл жаңа облыстың енді құрылған кезі болатын. Түймебаев бұл лауазымда 7 ай болды. Дәлірек айтқанда, былтыр ақпанда қызметінен кетті. Сол күні Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған.

Әкім лауазымынан бір жылға жетпей кеткен тағы бір шенеунік - Владимир Гартман. Ол 1997 жылы желтоқсанынан бастап Ақмола облысын басқарған еді. Кейін Мемлекет басшысының жарлығымен қызметтік этика ережесін бұзғаны үшін 1998 жылы қыркүйекте қызметінен кеткен. Ол Ақмола облысын 9 ай басқарды.

Мемлекет басшысының жарлығымен аз уақыт әкім болып қызметінен кеткендер тізіміне Әділғалы Бергеневті де қосуға болады. Ол 2008 жылы мамырда Шығыс Қазақстан облысы әкімі болып тағайындалған. Бірақ 10 айдан кейін қызметінен кетуіне тура келді. Сол кезде ШҚО әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланбаев облыстық спорт және туризм басқармасының басшысын ұрғаны үшін жанжал болған. Нәтижесінде 2009 жылы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев қол астындағы адамдарды басқара алмағаны үшін Әділғазы Бергеневті отставкаға жіберген еді.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Общежитие горело в Кокшетау