ПОДЕЛИТЬСЯ
01 ноября 2019 | 15:09
Офицерлер үйі, кинотеатр, музей. 111 жыл бұрын салынған ғимараттың тарихы
Таяуда Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев көркін жойған бұрынғы тарихи нысандарды сақтап қалу мәселесін көтерген еді. Ол осы проблеманы шешу үшін сәулет келбеті сақталуы тиіс ғимараттар туралы мәліметтер жинап, қалалық ресурс іске қосылатынын айтқан. Солардың бірі - Алматының қақ ортасында орын тепкен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі ғимаратының тарихы ғасырдан аса уақытқа кетеді. Офицерлер үйі, кинотеатр, кейін музейге айналған бұл мекен жайлы дерек те, аңыз да көп. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің репортажында.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Таяуда Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев көркін жойған бұрынғы тарихи нысандарды сақтап қалу мәселесін көтерген еді. Ол осы проблеманы шешу үшін сәулет келбеті сақталуы тиіс ғимараттар туралы мәліметтер жинап, қалалық ресурс іске қосылатынын айтқан. Солардың бірі - Алматының қақ ортасында орын тепкен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі ғимаратының тарихы ғасырдан аса уақытқа кетеді. Офицерлер үйі, кинотеатр, кейін музейге айналған бұл мекен жайлы дерек те, аңыз да көп. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің репортажында.
Бұл ғимарат жайлы сөз болғанда атақты сәулетші Андрей Зенковты атамай өтуге болмас. Алматы орталығында бүгінге дейін жеткен ғимараттардың салынуына тікелей атсалысқан оның отбасы 1867 жылы сол кездегі Верный бекінісіне көшеді. Әкесі қала құрылысының бірінші жоспарын құрастырушылардың бірі болған. Әке жолын қуған оның да өмірі қала құрылысымен біте қайнасқан.
Андрей Зенков
Ол Омбы кадет училищесін бітіріп, кейін Санкт-Петербургтегі Николай инженерлік училищесіне түседі. 1893 жылы әскери-инженерлік академияны тәмдаған ол Семей мен Өскеменде жұмыс істейді. Ал 1898 жылы ол Жетісуға оралып, екі жылдан кейін облыс инженері және құрылыс бөлімшесінің басшысы болады. Осы қызметінде ол Алматының бүгінге дейін жеткен тарихи маңызы бар ғимараттарын салады. Оның жарқын мысалы - Вознесенский кафедрал соборы. Бұл ғимаратты 1907 жылы салып бітірген ол келесі жылы-ақ басқа нысанға ауысады - біздің бүгінгі тақырыбымызға айналып отырған "Бұрынғы офицерлер үйі".
Ғимарат - "Ропетовский" стиліндегі ағаш сәулет өнерінің ерекше үлгісі.
Зенковтың қызметіне үңілсек, тарихи деректерде оның сейсмикалық тұрақты құрылыстың негізін қалаушылардың бірі екені айтылады. Сол мәліметтердің бірінде 1911 жылы Алматыда 10 балдық жер сілкінісі болыпт. Сәулетшінің ғимараттары сол зілзалаға шыдас берген делінеді. Тіпті орыстың прозаигі әрі ақыны Юрий Домбровскийдің бұл зілзала жайлы былай деп жазғаны бар екен:
"...Страшнейшее землетрясение было! Земля провалилась, горы разошлись. А что зенковское было, то так и осталось стоять. Даже стёкла не вылетели..."
Сол еңбегі үшін Андрей Зенковтың құрметіне Алматы орталығындағы көшеге аты берілген.
Бүгінде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі бүкіл Орта Азия аумағындағы алғашқы болып құрылған бірегей музейлердің бірі, сонымен қатар, дүниежүзі бойынша халық музыка аспаптарына арналған бесінші музей ретінде әлемдік музейлер тарихында өз орнын айшықтаған.
Алайда музей алғашында қаланың Панфилов және Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы екі қабатты шағын көне ғимаратта орналасқан екен. Оның ашылу салтанатына ол кездегі Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан екен. Алғашқы музей үйі орналасқан мекенжайдың өз алдына тарихы бар ескерткіштердің біріне айналды.
Ғимарат қазақ мәдени ескерткіштері мен көне ғимараттардың мемлекеттік тізімі мен қорғауына алынған. Тарихи оқиғалардың куәгері болған бұл ғимаратта Кеңес үкіметінің жиындары өтіп, диқандар мен шаруалар түсетін қонақүй қызметін атқарыпты.
Музейдің директоры Рүстем Қайратұлы
Музейдің директоры Рүстем Қайратұлының айтуынша, ғимараттың музей үшін тарлығын ескерген Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев 1983 жылы Қазақ КСР мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековке қазіргі Гоголь мен Зенков көшелерінің қиылысында орналасқан бүгін біздің айтып отырған ғимаратқа, яғни тағы бір тарихи мекенжайға ауысуға нұсқау береді.
Директордың мәліметінше, музей Қазақстан үкіметінің 1980 жылғы тамыз айының 1 жұлдызында шыққан №358-р санды Жарлығы бойынша ұйымдастыру жұмыстарын бастап, 1981 жылы сәуір айының 24 жұлдызында халыққа есігін айқара ашты.
"Музейдің ұйымдастырылу, қалыптасу тарихы мемлекет және қоғам қайраткері, академик Өзбекәлі Жәнібековтің есімімен тікелей байланысты. 1990 жылы 11 наурызда музейге қазақтың аспап-музыка өнерінің ірі өкілі, қазақтың халық композиторы, қобызшы, қобыз мектебінің негізін салушылардың бірі - Ықылас Дүкенұлының есімін беру туралы шешім қабылданды", - деп әңгімеледі ол музейдің тарихын.
Ол 1979 жылы ағаштан ойылған өрнектерге қазақтың ұлттық оюлары қосылғанын айтады.
"Ағаш" - өмір ағашы, "шынжара" - толқындар тербелісі, "үзілмес" - шырмалғыш сабақ, "өткізбе" - мүйіз тәріздес шиыршық ұғымдарын береді", - дейді Рүстем Қайратұлы.
Директор ғимараттың тарихы жайлы баяндай келе, ол жайлы талай аңыз барын айтты.
"Музей 1911 жылы 10 балдық жер сілкінісіне төтеп берген, шыдас берген деген аңыз бар. Тіпті барлық ғимарат қаңырап қалған кезде, бұл үй теңселмей тұрды дейтін де сөз тараған. Бірақ бізде нақты құжат болмағандықтан, бұл үйдің шын мәнінде зілзалаға төтеп бергеніне куәлік те бере алмаймыз, оны жоққа да шығара алмаймыз", - дейді Қайратұлы.
Бұл ғимарат кезінде офицерлер жеке құрамының клубы, Жетісудың I ауылшаруашылық және өндірістік көрмесінің көрме павильоны, пошта-телеграф кеңсесі, "Красная звезда" ("Қызыл жұлдыз") кинотеатры, офицерлердің жиналыс үйі, аймақтық офицерлер үйі, Орта Азия әскери округі офицерлер үйі қызметің атқарып келіпті.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1980 жылдың 1 тамызындағы №358 жарлығы бойынша "Республикалық халық музыкалық аспаптар музейі" болып құрылып, қазіргі таңда музей қызметін атқарып жатыр.
Ал алғашқы жылдары халық музыка аспаптары музейін ұйымдастыру барысында Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен ұлт аспаптарын ғана емес, көршілес республикалар (ТМД) мен әлем халықтарының аспаптарын жинақтау көзделіп, оларға арнап экспозиция залдарын жабдықтау жұмыстары жүргізілген.
Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностар мен өзге ұлыс өкілдерінің музыкалық аспаптарын жинақтау барысында Алматы қаласындағы ұйғыр және корей театрларында қолданылған музыкалық аспаптар, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында, 1930-1950 жылдары Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрамында ойналған музыкалық аспаптар, Алматының ЖОО-да оқитын шетелдік студенттердің өз елдерінен алып келген музыкалық аспаптары музей қорына алынды. Соның нәтижесінде қазақ халқы мен әлем халықтарының музыкалық аспаптары музей шаңырағына топтастырылды.
Бұл музейге 2012-2013 жылдар аралығында Мәдениет жылы аясында музейде кең көлемді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
2013 жылы 15 мамырда халық музыкалық аспаптар музейі қайта ашылды. Экспозицияның сырт пішіні ғана өзгеріп қоймай, музей жұмысының концепциясы да толығымен өзгерді.
Музей қорында ұлттық музыкалық аспаптар мен қатар түрік халықтары, сондай-ақ, әлемнің 40-тан астам елінің музыкалық мәдениетімен таныстыратын 1200-ден астам экспонат бар.
Сол экспонаттардың ішінен Махамбет Өтемісұлының, Абай Құнанбайұлының, Жамбыл Жабаевтың, Кенен Әзірбаевтың, Ахмет Жұбановтың және тағы да басқа атақтылардың домбыралары сақтаулы.
Қазақ тарихынан ойып орын алған тұлғалардың домбырасы қайда сақтаулы?
7 экспозициялық зал жұмыс істейді. Олар: халық музыкасының басталу залы, үрмелі, соқпалы-шулы музыкалық аспаптар залы, мемориалды музыкалық аспаптар залы, қобыз залы, шеберлер залы, түркі тілдес халықтардың музыкалық аспаптары залы, әлем халықтарының музыкалық аспаптары залы.
Музей директорының айтуынша, бүгінде музейге келетіндердің 30 пайыздайы шетелдіктер екен.
Музейде экспонаттарды сақтау, насихаттау және музыкалық мұраны дәріптеу, сондай-ақ музей коллекцияларын ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғылыми бөлім мен қор сақтау бөлімдері, мәжіліс залы, 120 орындық лекция-концерт залы жұмыс бар.
Осы сияқты тарихи оқиғалардың куәгері болған бұл ғимарат қазіргі таңда сәулет және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қарауына алынған.
Мәтін: Ардақ Құлтай
Суреттер: Әлихан Сариев
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также