19 сентября 2019 | 17:39

"Оралман" сөзі қайдан шыққан?

Қабдеш Жұмаділов пен ақын Жәркен Бөдешұлы

Жазушы Қабдеш Жұмаділов пен ақын Жәркен Бөдешұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "оралман" сөзінің орнына "қандас" сөзін енгізу туралы пікіріне қатысты ой білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Жазушы Қабдеш Жұмаділов пен ақын Жәркен Бөдешұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "оралман" сөзінің орнына "қандас" сөзін енгізу туралы пікіріне қатысты ой білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қабдеш Жұмаділовтің айтуынша, термин сөзді "қандас" деп өзгерту дұрыс. 

Реклама
Реклама

"Оралманнан гөрі қандастар дәл келеді. Оралман деп келгендерді айтады, ал қандастар деп келмегендер туралы да қамтиды. Мәселе сонда. Бүкіл шеттегі қазақтардың бәрін қамтиды қандастар десек", - деп пікір білдірді қаламгер.

Жәркен Бөдешұлы да "қандас" сөзін қолдап отыр.

"Оралман деген келгендерді мұқату секілді естіледі. Неге дейсіз бе? Себебі олар атажұртына оралды. Олай болса атажұртын адаспай тапты. Бұл дегеніміз қандас жеріне келді дегеніміз. Атажұртының, аталарының, бабаларының туған жұртына келді", - дейді ол.

Бөдешұлының айтуынша, "оралман" сөзі 70-жылдары қолданысқа ене бастаған. 

"Қандас дегеніміз дұрыс, өйткені ата-бабасының, қазақтың қаны тамған жер. Сөз арасында оралған, оралман деуге болатын шығар. Отанына оралған деген мағына. Демек өзінің қандасы, бабаларының туған жеріне оралуы. Тарихта біраз жеріміз арғы жақта қалып қойған, сол үшін өз жерінен ол қалай оралады? Сондықтан "оралман" деу дұрыс емес", - дейді Жәркен Бөдешұлы.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Жанар Манкеева "оралман" сөзінің қалай шыққанын айтты.

"Оралман" сөзі қоғамдағы, саясаттағы қозғалыстарға байланысты соңғы кезде белсенді қолданылғаны рас. Бірақ қоғамда бұл сөз туралы әртүрлі пікірлер де болды. "Орал" деген сөзін ұнатпай, кейде қарсылық болды. Оралман сөзінің құрылымына келсек, "орал" - оралу мағынасында екені белгілі, ал "ман" - универсал мәні бар сөз. Ол "адам" деген мағынада. Мәселен, "аларман", "өлермен" сияқты сөздер бар. Кейде осындай сөздерге қарасты жағымсыз мағынасы бар емес пе деп те айтылады", - дейді маман.

Оның пікірінше, Президенттің ұсынған "қандас" сөзі термин бола алады.

"Шынында да "қандас" - қазақтың төл сөзі. Рухани кеңістігінде мағынасы кең, терең сөз. Қазақтың рухани жан дүиесін сипаттайтын сөз. Қандас десек, қазіргі рухани жаңғыруымыз бар, қазақ елінің бірігуі, болашағы деген мағынада бұл сөзді қолдануға әбден болады. Алайда бұл "оралман" деген сөзді мүлдем "шығарып салу" емес. Мысалы, бізде "отбасы" деген сөз бар, оған қоса "жанұя" деген сөз де бар. Әрқайсының өз орны бар. Отбасы - ресми шарада айтылса, жанұя - эмоционалды реңкте, жылылық сипатта айтылады. Дәл осылай "қандас" және "оралман" сөздерін қатар қолдануға болады деп ойлаймын", - дейді филолог.

Еске салайық, бүгін, 19 қыркүйекте ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "оралман" сөзін алып тастап, орнына "қандас" сөзін енгізу туралы пікір білдірді.

"Бұған дейін айтқанымдай, атамекеніне оралған қазақтарға қатысты Оралман сөзінен бас тартып, оның орнына Қандас сөзін енгізу керек. Жеті атасын білетін халыққа Қандас деген ұғым жарасады", - деп жазды Президент Twitter желісінде.

Айта кетейік, "оралман" - заңдық-құқықтық қатынас, заманға сай ресми құжаттама үшін, сырттан елге оралған ағайынның құқығы мен міндеттерін заң аясында реттеу үшін қажеттіліктен туған сөз. Ол - "репатриант" ("атамекеніне оралушы") деген халықаралық орныққан терминнің қазақ тіліндегі баламасы ретінде ойлап табылып, қабылданған.

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная