16 декабря 2020 | 10:26

"Өй, мынау әлі тірі екен ғой". Желтоқсан оқиғасының куәгері шенділердің қастандығы туралы айтты

Ақмадияр Байтөреев

Ақмадияр Байтөреев - 1986 жылы алаңға шыққан жастардың бірі. Ол - Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Сөгеті ауылының тумасы. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының куәгері Tengrinews.kz тілшісіне 17 желтоқсан күні алаңда не болғанын және жасақтың қастандығы туралы айтып берді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Ақмадияр Байтөреев - 1986 жылы алаңға шыққан жастардың бірі. Ол - Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Сөгеті ауылының тумасы. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының куәгері Tengrinews.kz тілшісіне 17 желтоқсан күні алаңда не болғанын және жасақтың қастандығы туралы айтып берді.

Ақмадияр Байтөреев 1986 жылдары Алматыда сол кездегі құрылыс басқармаларында балташы болып жұмыс істеп жүрген.

Реклама
Реклама

"Үш ұлым, бір қызым бар. Сол жылы 16 желтоқсанда кешке жұмыстан шығып, жатақханаға келдім. Жұмысшы жастар "ертең алаңға шығамыз, ешқандай жұмысқа бармаймыз" деп бірауыздан шешім қабылдадық. Сөйтіп 17 желтоқсада алаңға шықтық. Шыққан жастар бір ғана жайтқа - сол кезде Дінмұхаммед Қонаевты алып тастағандарына, Ресейден Колбинді алып келгендеріне наразы болды. Әр ұлттың өз көсемі болсын деген талап қойылды", - дейді Ақмадияр Байтөреев.

Желтоқсан оқиғасының куәгері Дінмұхаммед Қонаевтың биліктен кеткені туралы хабарды 16 желтоқсанда кешкі уақытта естіген.

"Сол күні қоғамдық көліктегі адам саны аз болды. Көбі өзге ұлт өкілдері. Қолдарына бір-бір газет алып, риза болып отырғанын көрдік. Сөйтіп біз де сол кездегі киоскілерден газетті алып оқыдық. Колбинді қойғандарын баспасөзден білдік", - дейді ол.


Ақмадияр Байтөреев (оң жақта)

Ақмадияр Байтөреев алаңға жұмысшы жастарға арналған "Жастар" деген жатақханада бір бөлмеде бірге тұрған Ұйғыр ауданының тумасы Ермек Ибрагимов деген досымен бірге шыққан.

"Жанымда сол жігіт болды. Басқаларын онша танымайсың ғой. Одан бөлек, студент жастар болды. Студенттерді жібермей, жатақхананың есіктерін жауып тастап жатты. Бірақ алаңға жеткенше көбейдік. Алаңға шығу туралы ешқандай хабар берілген жоқ. Біз Колбиннің сайланғанын баспасөз беттерінен оқып-білдік. Соған наразы болып, бір ауыздан келісіп шықтық. Ешкім бізді үгіттеген жоқ, "алаңға шығыңдар" деп қинап-қыстаған жоқ. Әр адам өзінің ерік-жігерімен шықты", - дейді ол.

Ақмадияр Байтөреев "Жастар" жатақханасының алдында 

Ең алдымен Алматыдағы Сәтбаев көшесімен алаңға шыққанда олардың алдынан жасақшылар тобы қарсы келген.

"Қазіргі Желтоқсан мен Сәтбаев көшелерінің қиылысы жақта бізді алаңға өткізбей қойды. Сөйтіп төмен түсіп Абай даңғылымен Фурманов (қазіргі Назарбаев) көшесіне дейін барып едік, ол жақта да төрт қатар қоршау тізіліп, жібермей қойды. Сол алаңда тұрдық.

Алаңда наразылық шеруінен нәтиже күтіп тұрдық қой. Төрт қатар жасақтың ішінде өзіміздің қазақ азаматтары да болды. "Намыстарың болса, біз жаққа қосылыңдар" деп едік, "Біз бұйрықты орындаушымыз" деген сыңаймен иықтарын көтеріп, төмен қарап тұра берді. Шеруге шыққандар бір-бірін танымайды. Арасында студенттер де, жұмысшылар да, жастар да болды. Алаңға нақты қанша адам шыққанын, нақты қаншасы алаңда қайтыс болғанын ешкім білмейді", - дейді Ақмадияр Байтөреев.

Ақмадияр Байтөреев жолдастарымен (оң жақтан бірінші)

Осылайша қатаң режим басталып кеткен.

"Әр жатақханада алаңда болғандардың суреті ілініп жатты. Ол суреттің арасында біз болдық па, әлде жоқ па белгісіз. Алаңда тыныштық орнағаннан кейін жұмыс басталды. Жұмыста, әрине, кедергі болды. Себебі 17 желтоқсанда жұмысқа шықпадық. Ал алаңда болдық деп айта алмадық", - дейді ол.

Желтоқсан оқиғасы куәгерінің сөзінше, сол күні алаңға шыққандарды ұстап алып кеткен. Оның ішінде, Ақмадияр Байтөреев те бар.

"Менің өзімді 17 желтоқсанда жасақшылар ұстап алып, дубинкамен ұрып, есімнен танып қалдым. Екі аяғымнан сүйреп бара жатқан кезде есімді жиып, аяғымды сілкіген кезде мені сүйреп бара жатқан екеуі: "Өй, мынау әлі тірі екен ғой" деді. Сөйтіп "автозакқа", әзірші будка секілді көліктерге бәрімізді шетімізден отырғыза бастады. Басымнан соққы алдым. Автозактарға әр көлік толғанша салып, бір кезде қозғалдық. Айналма жолдан өтіп бара жатқан кезде терезеден қарап қалып едім, колонна қылып алып келе жатыр екен. Күні бүгінге дейін қаланың қай жерінде болғанымызды, бізді қай жерге апарып тастағанын білмеймін. Басымнан алған соққының әсерінен бе бағдарды (ориентир) жоғалтып алдым.

100-200 метр жүрген сайын тоқтап, біраз жүргеннен кейін біз отырған көлікке де кезек келген болуы керек, бізге "түсіңдер" деп бұйрық берді. Қатар тұрған полицейлер, әскерилер бәрімізді ұрып-соқты. Біз екінші күні келгендіктен болуы керек, бізді қамайтын орын болмаған секілді. Себебі бізді де қамайтын еді ғой. Бізді сағат үш-төрт шамасында қаланың сыртына апарып, әр жерге төгіп тастады. Келесі күні бізден түсініктеме алып, ауруханаға да бара алмадық. Ауруханаға барғандардың өзін "алаңда болдың" деп айыптап жатқанын естідік. Денсаулыққа да мән бере алмай жүрдік", - дейді Желтоқсан куәгері.

1986 жылы қалада не болып жатқанынан хабардар болып отырған Ақмадияр Байтөреевтің ата-анасы оны ауылға шақырып алған.

"Сөйтіп, маған "қудалап жатыр екен, түрмеге отырғызып жатыр. Сен қаладағы жұмысты қойып, ауылға қайт" деді. Осылайша мен ауылға кетіп қалдым. Ауылда жүрдім, бұл жерде ешқандай кедергі болған жоқ. Бірақ сол кезде басымнан алған соққылар бүгінге дейін денсаулығыма зиянын келтіріп, соққының салдары әлі де білінеді. Алматыға 2005 жылы қайтадан бардым. Сол жылдары қызым колледжге оқуға түскен болатын. Өзім қалаға жұмысқа тұрдым. Қаладағы университеттердің бірінде жүргізуші болып істедім", - дейді ол.


Ақмадияр Байтөреев жолдастарымен 

Ақмадияр Байтөреев желтоқсаншылар әлі саяси бағасын ала алмай келе жатыр деп қынжылады.

"Негізі ол күн Тәуелсіздік күні емес, Желтоқсан көтерілісі күні болып аталуы керек еді. Тәуелсіздік күні - Декларацияға қол қойылған күн, 26 желтоқсан. Бұл менің ғана емес, алаңға шыққан желтоқсаншылардың талабы", - деді желтоқсан куәгері.

Суреттер: Ақмадияр Байтөреевтің жеке архивінен 

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная