ПОДЕЛИТЬСЯ
28 мая 2018 | 11:02
Патриоттық әскерге барумен өлшене ме?
Қазіргі жастардың Отан алдында борышын өтеуге, әскерде қызмет етіп, шен тағуға ынтасы қаншалықты деңгейде? Біреулер Отан алдындағы борышын өтеуге асық болып, ауруын жасырып болса да кетуді жоспарлап жүрсе, басқасы тепсе темір үзетін денсаулығы болғанына қарамастан өзіндік бір себеппен әскерге барудан бас тартып жатады. О бастан мектеп бітірген ер баланың алдында оқуға түсу немесе әскерге бару үшін таңдау шығатын. Кеңес Одағы кезінде өмір сүргендер бірінші борышын өтеп, сосын ғана оқуға түсуді жоспарлайтын, яғни олар үшін әскерге бармау моральдық тұрғыдан дұрыс емес болып көрінетін. Ал қазір әскерге барудан гөрі ҰБТ-дан жақсы балл алып, оқуға түсу мәселесі маңыздырақ болып тұр. Осы орайда Тengrinews.kz тілшісі Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Амантай Өсербаевпен сұхбаттасып, жастардың әскерге деген көзқарасы, ондағы әлімжеттік, тіл мәселесі аясында әңгіме өрбітті.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазіргі жастардың Отан алдында борышын өтеуге, әскерде қызмет етіп, шен тағуға ынтасы қаншалықты деңгейде? Біреулер Отан алдындағы борышын өтеуге асық болып, ауруын жасырып болса да кетуді жоспарлап жүрсе, басқасы тепсе темір үзетін денсаулығы болғанына қарамастан өзіндік бір себеппен әскерге барудан бас тартып жатады. О бастан мектеп бітірген ер баланың алдында оқуға түсу немесе әскерге бару үшін таңдау шығатын. Кеңес Одағы кезінде өмір сүргендер бірінші борышын өтеп, сосын ғана оқуға түсуді жоспарлайтын, яғни олар үшін әскерге бармау моральдық тұрғыдан дұрыс емес болып көрінетін. Ал қазір әскерге барудан гөрі ҰБТ-дан жақсы балл алып, оқуға түсу мәселесі маңыздырақ болып тұр. Осы орайда Тengrinews.kz тілшісі Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Амантай Өсербаевпен сұхбаттасып, жастардың әскерге деген көзқарасы, ондағы әлімжеттік, тіл мәселесі аясында әңгіме өрбітті.
Амантай Өсербаев. © Айдос Қосыбаев
1984 жылы Тольятти қаласында әскерде борышын өтеген Амантай Өсербаев нәсіліне, ұлтына, жынысына қарамай кез келген азамат Отанын қорғай білуі керек деп есептейді.
"Отанды қорғау - шыр етіп дүние есігін ашқалы бері, ананың ақ сүтінен балаға даритын, отан үшін жан пида дейтін патриоттық тәрбиеден басталуы тиіс. Ер азамат 18-ге толғанда Отан алдында борышын өтеуге міндеттеледі. Отан алдында бәріміз бірміз. Нәсіліне, ұлтына, жынысына қарамай кез келген азамат Отанын қорғауға дайын болуы керек. Қазір біз бейбіт заманда өмір сүріп жатқандықтан, мерзімді қызметке тек ұл балаларды шақырамыз, алайда келісімшартпен борышын өтеп жүрген әскери салада қыз-келіншектер жоқ емес. Полковник шеніне дейін жеткен мақтантұтарлық қыздарымыз да бар. Негізінде Отан алдында борышын өтеу мектептегі алғашқы әскери дайындық сабақтарынан басталады. Бұл өте маңызды, себебі онда оңға, солға бұрылуды үйретіп қана қоймай, әскери сала туралы мағлұматтар беріледі. Әскерге бара жатқан адамның дайындығы болады. Әскери білім алу мемлекет тарапына тегін жүргізіледі, оны оқытады, үйретеді, білікті маман шығарады. Осыған байланысты азаматтың өз тарапынан қайтарымы болуы керек", - дейді Амантай Сламжанұлы.
Қалыптасып қалған жағдай болса керек, бірақ әскер дегенде бірінші кезекте орыс тіліндегі бұйрықтар елестейді. Офицерлердің орысша берген бұйрығында зіл барын сезесің, ал қазақ тіліндегі бұйрық әлсіздеу болып көрінетіндей. Оның себебі ҚР Қарулы күштерінің мемлекеттік тілде енді ғана іс-қағаздарды жүргізуі және бұйрық бере бастауы болса керек. Теледидардан әскери сериалдар мен фильмдердегі шенділердің сөзі не түсініксіз не құлаққа түрпідей естіледі. Бәлкім уақыт келе оған да үйреніп кетерміз.
Амантай Өсербаев кейбір техника атауларының қазақша аудармасы болмауынан бұйрықтың 70 пайызы мемлекеттік тілде жүргізілетінін, ал іс-қағаздар толықтай 100 пайыз қазақ тілінде жүргізілетінін айтады.
"Біріншіден қазір әскери институттар екі тілде жүріп жатыр, яғни қазақ тобы, орыс тобы. Біздің кезде тек орыс тілі болатын. Бұрында қалай еді, орысша білмесең не істесең де қиын еді. Ал қазір кімге қалай ыңғайлы болса - сол тілде білім алады. Жоғарғы кеңестерде орыс тілінде өтуі мүмкін, бірақ Елбасымыздың талабы бойынша барлық кеңес қазақша басталуы тиіс. Кейде орысша жалғасуы мүмкін. Менің ойымша, бүгінде әскердегі бұйрықтар 70 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіледі. Кейбір техника атауларының қазақша аудармасы болмауынан орыс тілін пайдаланады", - дейді ол.
Сурет әлеуметтік желіден
Әскерге қатысты күрделі мәселелердің бірі - әлімжеттік. Әлімжеттіктің құрбаны болған жігіттердің оқиғасы сан мәрте жазылып, көрсетілді. Алайда соңғы жылдары жақсы бетбұрыс бар секілді, мысалы кей бөлімдерде бір ғана "призыв" бір жыл бойы өздері ғана борышын өтейді, яғни оларға дейін не олардан кейін сарбаздар келіп қосылмайды.
"Әлімжеттіктің дауын шешіп алар болсақ, бұрындары иә, үлкендер кішілереді басынған кезі б олған шығар. Бірақ қазір заман басқа, заң басқа. Заң әлімжеттікке қазір өте қатал қарайды, құқық қорғау органдары бар. Қазіргі таңда ол мәселені тамырымен жойды деп жүз пайыз сеніммен айта аламын", - дейді полковник Өсербаев.
© azh.kz
Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы қазіргі уақытта сарбаздардың қандай іріктеуден өтетінін және әскердегі мамандардың жағдайы жайлы айтып берді.
"Заманауи техника, әлеуметтік пакеттер, үймен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп жатыр. Сондай-ақ әскерилердің жалақысы да орта деңгейден жоғары. Қазіргі таңда ҚР Қарулы күштерінің имиджі жоғарғы деңгейде деп айтуға негіз бар. Қазір денсаулығын, моралдық-психологиялық тұрғыдан және мамандығына байланысты қабылдап жатырмыз. Егер, спорттық шараларға бейімі болса, бірден десанттық шабуылдау әскеріне жіберіледі. Мысалға алып қарасақ, жоғарғы оқу орнына түсу үшін білім болуы керек, ал әскери салада ең бірінші физикалық дайындығына, моральдық-психологиялық тұрақтылығына мән беріліп, сәйкесінше талап та жоғары болады. Осындай іріктеуден өткендер ғана, училищеге түсіп, болашақта нағыз Отан қорғаушы я әскери маман болып шығады. Әскердің тағы оңтайлы жері, оқып бітірдің бе, училищеде саған жұмыс орның дайын, қайда жұмыс істеймін, не ішемін, не жеймін деп басыңды тауға да, тасқа да соқпайсың. Бірақ, әскери мамандықты жүрегіңмен таңдауың керек. Әр мамандықтың өз қиындығы болады, соның ішінде әскери саланың қиындығына төзе алатын таңдаған, мамандығына шын мәнінде жақсы көрген адам ғана, бастаған ісін аяғына дейін жеткізеді. Бес саусақ бірдей емес, барлық азаматқа мемлекет алдында борышыңды өте деп, зорлықпен шақыра алмаймыз. Келетіндердің, саны жетерлік, бізден ат тонын ала қашып жүгірудің еш қажеті жоқ. Біз демократиялық мемлекетпіз", - деп қорытындылады Амантай Өсербаев.
Показать комментарии
Читайте также