ПОДЕЛИТЬСЯ
25 июня 2021 | 15:06
Сағынтаев Алматыда метроның жаңа екі бекеті қашан іске қосылатынын айтты
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жыл аяғында метроның екі бекеті іске қосылатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жыл аяғында метроның екі бекеті іске қосылатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Алматы әкімі "Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы" ОКҚ брифингінде мәлімдеді. Сағынтаевтың айтуынша, метро құрылысының аяқталу мерзіміне пандемия ықпал еткен, соның салдарынан жұмысшылар мен мамандардың жұмысқа шығуы шектелді және шекара жабық болды.
"Метроның бірінші желісінің екінші кезеңінің екінші іске қосу кешенінің құрамына енетін "Сарыарқа" және "Достық" бекеттері ұзындығы 3,1 шақырым метро желісін қамтитын құрылыс жалғасып жатыр. Қазір мұндағы дайындық - 80 пайыз. Жыл соңына дейін трафикті тестілік режимде іске қосу жоспарланып отыр", - деді Сағынтаев.
Айта кетейік, 3,1 шақырым метро желісі Абай даңғылы бойымен Алтынсарин даңғылынан батысқа қарай Момышұлы көшесіне өтеді.
"Қазіргі кезде бекеттерді ішкі әрлеу, аумақты абаттандыру, сыртқы және ішкі инженерлік желілер мен автоматика жүйелерін жабдықтау, сигнал беру және байланыс, технологиялық жабдықты - тартқыш-төмен түсіретін қосалқы станция, жол қозғалысын басқару жүйесін автоматтандыру, желдету және тағы да басқаларды орнату жұмыстары жүріп жатыр", - деді әкім.
Сонымен қатар, әкімнің мәліметтеріне қарағанда, бұл бекеттерден өзге 2020 жылы ұзындығы 2,5 шақырымға созылған "Қалқаман" бекеті және жұмыс істейтін тоннельдерді қамтитын Алматыдағы метрополитеннің екінші кезеңінің үшінші іске қосу кешенінің құрылысы басталған. Оның құрамына Алматы метрополитенінің екінші кезеңінің "Қалқаман бекеті" және ұзындығы 2,5 шақырым қума тоннельдер енеді.
"Қаланың перспективалық дамуын ескере отырып, батыс бағытта халықаралық әуежайға, солтүстік және оңтүстік бағытта метрополитен салу жобалары қарастырылып жатыр. Бұдан өзге, 8 жаңа электр пойыз составтары сатып алынуда. Екі бекет іске қосылса, онда жолаушылар ағыны тәулігіне 86 мың адамға артады деген болжам бар", - деді Алматы әкімі.
Айта кетейік, бұған дейін "Сайран" және "Мәскеу" бекеттері іске қосылған болатын, олардың жалпы ұзындығы - 2,74 шақырым.
"Сайран" бекеті Абай даңғылы бойында Брусиловский мен Тілендиев көшелерінің арасында орналасқан. Ұңғылау тереңдігі - 18 метр. Платформа ұзындығы - 74, биіктігі - 11,5, ені - 22,5 метр. "Мәскеу" станциясы Абай даңғылы бойында Өтеген батыр мен Алтынсарин көшесінің арасында орналасқан. Платформа ұзындығы - 74, биіктігі - 11,5, ені - 23,5 метр.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также