ПОДЕЛИТЬСЯ
18 декабря 2019 | 20:15
Сәрсенбідегі тағайындаулар: Облыс әкімі министр, министр Президент көмекшісі болды
Сәрсенбі, 18 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше шенеунікті жаңа қызметке тағайындаған. Tengrinews.kz тілшісі қызметтен кеткендер мен тағайындалғандар жайлы шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Сәрсенбі, 18 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше шенеунікті жаңа қызметке тағайындаған. Tengrinews.kz тілшісі қызметтен кеткендер мен тағайындалғандар жайлы шолу жасады.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Дархан Кәлетаев ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Бұл қызметке ол биыл 25 наурызда тағайындалған еді.
Кәлетаев 1972 жылы 14 қазанда туған. Бүгінге дейін ол түрлі мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Президент Әкімшілігіне келмес бұрын ол ҚР премьер-министрі кеңсесін басқарған.
Мәулен Әшімбаев
Енді оның қызметін Мәулен Әшімбаев атқарады. Бұл - оның биылға үшінші рет жаңа қызметке кірісуі. 31 шілдеде ол Президенттің көмекшісі болып тағайындалған. Бұл қызметінен ол бүгін кетті. Ал 31 қазаннан бастап Сыртқы істер министрлігіндегі "Сыртқы саяси зерттеулер институтын" басқарып келеді.
Әшімбаев 1971 жылы 28 қаңтарда Алматыда дүниеге келген. Мәжілістің V және VI шақырылымында Мәжіліс депутаты болған.
Сонымен қатар, бүгін зейнеткер жасына толуына байланысты Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды. Ол Ресейдегі елші болып 2017 жылдың 7 ақпанынан бері жұмыс істеп келген.
© Тұрар Қазанғапов
Биыл 9 желтоқсанда Тасмағамбетов 63 жасқа толған еді. Ол бүгінге дейін түрлі қызметтерді атқарды. Қазақстан премьер-министрі, білім және ғылым министрі, қорғаныс министрі, Атырау облысы, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының әкімі болған. Әзірше Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметі бос тұр.
Ал Қанат Бозымбаев ҚР Президентінің көмекшісі болып тағайындалды. Соған байланысты ол энергетика министрі қызметінен босатылды. Бозымбаев министр болып үш жылдан аса уақыт жұмыс істеген.
Экс-министр 1969 жылы 8 қаңтарда Алматы қаласында туған. Энергетика министрлігін басқармас бұрын Жамбыл мен Павлодар облыстарында әкім болған.
Бозымбаев орнын босатқан соң, Энергетика министрлігінің басшысы болып Нұрлан Ноғаев тағайындалды. Ол 2016 жылдан бері Атырау облысының әкімі болған еді.
Ноғаев 1967 жылы 30 шілдеде Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласында туған. Еңбек жолын сонда электрмонтер ретінде бастаған. 2006 жылы бірнеше ай "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясында атқарушы директор болған. Атырау облысына дейін Батыс Қазақстан облысында әкім қызметін атқарған.
Оның орнына Атырау облысының әкімі болып Махамбет Досмұхамбетов тағайыдалды. Досмұхамбетов 1960 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысында дүниеге келген. 1983 жылы И.М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын "Геология және мұнай-газ кен орындарын барлау" мамандығы бойынша бітірген, 2016 жылы - Қазақ мемлекеттік заң университеті, іскери әкімшілік ету магистрі болған. Еңбек қызметін 1983 жылы "Ембімұнай" бірлестігінің Балықшы барлау бұрғылау басқармасының геологы ретінде бастаған. Ал бұған дейінгі қызметі - энергетика министрінің бірінші орынбасары.
Сонымен қатар, Мадина Әбілқасымова агенттік тізгінін ұстады. Енді ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы болып жұмыс істейді. Бүгін ол Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметінен босатылды.
© Тұрар Қазанғапов
Шенеунік 1978 жылы 1 тамызда Алматыда дүниеге келген. Мемлекеттік қызметте көбіне экономика саласында жұмыс істеді. Былтыр еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалып, бір жылдай жұмыс істеген. Бірақ министрліктегі қызметі кезінде сынға ұшыраған болатын.
Биыл наурызда екі аптаға жуық уақыт бойы Ұлттық экономика вице-министрі болып қызмет атқарды. Ал соңғы қызметі Ұлттық банкі төрағасының орынбасары болған. Бүгін ол бұл қызметінен босатылды.
Мемлекет басшысының Өкімімен қызметінен босаған тағы бір шенеунік - Дулат Адырбеков. Ол бүгінге дейін "Астана" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметін атқарған. Ол бұл қызметке былтыр 18 сәуірде тағайындалған еді.
Сондай-ақ Үкімет қаулысымен Тимур Тоқтабаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі лауазымынан босатылды. Тоқтабаев 1981 жылы дүниеге келген. 2011 жылдан бастап ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылымында жұмыс істеген.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также