ПОДЕЛИТЬСЯ
05 ноября 2020 | 11:47
Шекара қызметінің академиясы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беріледі
Сенат Қазақстанның қауіпсіздігі мен шекарасын нығайтуға бағытталған заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Сенат Қазақстанның қауіпсіздігі мен шекарасын нығайтуға бағытталған заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыға салынды.
Сенатор Нұржан Нұрсипатов заң жобасын мәжіліс депутаттары дайындағанын атап өтті.
"Оның мақсаты - еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, сонымен қатар, мемлекеттің шекарасын қорғау, күзетуге бағытталған, әрі заңнаманы одан әрі жетілдіру болып саналады. Заң жобасы арқылы қолданыстағы 25 заңға және 1 кодекске түзету енгізіледі", - дейді депутат.
Ол құжат аясында заңға қандай түзетулер енгізілетінін түсіндірді.
"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жалпы жүйесіне қосу және біріктіру арқылы шекара қызметін басқару моделі оңтайландырылады. Әскери басқару органдары құрылымын қалыптастыру қағидаты өзгереді. Егер ол бұрын әскери приципке негізделген болса, енді әкімшілік-аумақтық жағдайды да қарастырады. Бұл мемлекеттік шекараны қорғау мен түзетудің тиімді жүйесін құру", - дейді Нұрсипатов.
Сенатор бұл түзетулер қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жасау қажеттілігінен туындап отырғанын жеткізді.
"Ұлттық қауіпсіздік органдары аралас принцип бойынша жасақталады. Оның құрамы әскери қызметшілерді де, қызметкерлерді де қамтиды. Осыны ескере отырып, заң жобасында оларды бір санаттан екінші санатқа өткізу құқығы қарастырылған. Бұл құқық комитет төрағасының белгіленген тәртібімен жүзеге асырылады", - дейді ол.
Нұржан Нұрсипатов заң жобасымен мемлекеттік шекара туралы заңнаманы бұзудың ықтимал тәуекелдерін төмендетуге бағытталған нормалар ұсынылғанын айтты.
"Шекара қызметіне ведомство құқығы беріліп, авиациялық қызмет бөлініп алынады. Бұл тек мемлекеттік шекараны қорғау мен күзетуде ғана емес, Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да міндеттерді шешуге авиациялық қызметін жедел іске қосу мүмкіндігін береді.
Шекара қызметінің академиясы Ұлттық қауіпсіздік қызметіне беріледі. Бұл шекара қызметінің әскери қызметшілерін оқыту мен даярлаудың сапасын арттыруға ықпал етеді", - дейді сенатор.
Сонымен қатар, бұл құжат Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың функциясын нақтылайтын және толықтыратын нормаларды да қамтиды.
"Оларды қабылдау қызметтік жауынгерлік іс-қимылды жетілдіру, шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде жергілікті атқарушы органдармен өзара байланысты жетілдіру қажеттілігінен туындады. Тұтастай алғанда заң жобасын қабылдау мемлекет шекараны қорғау мен күзету жүйесін жетілдіруге, сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік органдарының функционалды мүмкіндіктерін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз", - деп түйіндеді сөзін Нұржан Нұрсипатов.
Сенат депутаттары заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.
"Бұл заң ұлттық қауіпсіздік органдарының басқару қызметін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту және арнайы техникаларды қолдану арқылы мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау жүйесін жетілдіруге жол ашады. Заңда маңызды нормалар қарастырылды. Олар Президентіміздің мемлекеттік шекараның мызғымастығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға арналған. Қазіргі таңда әлемде түрлі сын-қатерлердің туындап жатқанын көріп отырмыз", - дейді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Оның пікірінше, шекараны уақыт талабына сай күзетудің және қорғаудың мықты жүйесін қалыптастырудың маңызы зор.
"Осы орайда бүгін қабылданған заң ұлттық қауіпсіздік органдары мен шекара қызметінің тиімділігін арттыруға, шекарамыздың беріктігін қамтамасыз етуге қызмет етеді деп сенеміз", - дейді ол.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также