ПОДЕЛИТЬСЯ
08 декабря 2020 | 12:23
Шетелдегі қазақтарға ана тілін жоғалтып алу қаупі төніп тұр - Зауытбек Тұрысбеков
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков шетелдегі қандастармен рухани-мәдени байланысты нығайту мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын, көші-қонды жандандыру үшін не істеу керегін, сырттағы қазақтарға ана тілін жоғалтып алу қаупі төніп тұрғаны туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков шетелдегі қандастармен рухани-мәдени байланысты нығайту мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын, көші-қонды жандандыру үшін не істеу керегін, сырттағы қазақтарға ана тілін жоғалтып алу қаупі төніп тұрғаны туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алдымен Зауытбек Тұрысбеков 2017 жылы өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев берген тапсырма қалай орындалып жатқанын айтты. Ол Қазақстан Үкіметінің шетелде тұратын этникалық қазақтарды қолдау туралы 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдауы және Елбасының бастамасымен "Отандастар қорының" құрылуы бұл жұмыстарға айтарлықтай серпін бергенін атап өтті.
"Осы іс-шаралар шетелде тұратын қазақ диаспораларының ана тілін үйренуіне, білім алуына, тарихи Отанымен мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыра түсуіне жаңа мүмкіндік берді. Нұр-Сұлтанда Ресей, Моңғолия, Түркия, Өзбекстан, Қытай, Швеция, Франциядан және тағы басқа елдерден келген қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесулер өтті. Биыл коронавирус пандемиясына қарамастан алғаш рет Өзбекстандағы этникалық қазақтармен онлайн форматта кіші құрылтай ұйымдастырдық", - дейді төрағаның бірінші орынбасары.
Шетелдегі қазақтардың мәселесі
Сонымен қатар, ол шетелдегі қазақтардың өзекті мәселесіне тоқталды.
"Қазіргі таңда шетелде тұратын қазақтардың ана тілін, ұлттық және мәдени бірегейлігін жоғалтып алу қаупінің бары байқалады. Мысалы, Ресейдегі қандастарымыз жастар арасында қазақ тілінің қолданыс аясы тарыла бастағанына алаңдаушылық білдіріп отыр. Мұндай жағдай Қытайдағы және Еуропадағы қазақ жастары арасында да байқалады. 370-тен аса қазақ мектебі бар Өзбекстан мен Моңғолияда бұл мәселе әзірге қанағаттанарлық жағдайда", - дейді Зауытбек Тұрысбеков.
"Қазақ мәдени орталықтарынын құруды жандандырдық"
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары бұл мәселені шешу үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Осыған байланысты шетелде қазақ ұлттық мәдени орталықтарын құру жұмысын жандандыруды «Отандастар қоры» мен бірлесіп, қолға алдық. Бүгінде қазақ мәдени орталықтарымен және ұйымдарымен ынтымақтастық туралы 40-тан аса меморандумға қол қойылды. Оларды қаржыландыру бойынша шаралар қабылданып жатыр", - дейді ол.
"Қазақ диаспорасының балаларына 288 орын бөлінді"
Осы орайда Зауытбек Тұрысбеков қандастарымыздың балалары елімізде демалуға мүмкіндік алғанын жеткізді.
"2019 жылдан бастап, Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің қолдауымен республикалық "Балдәурен" сауықтыру орталығында қазақ диаспорасының балалары демалу үшін 288 орын бөлінді.
Өткен жылы Назарбаев зияткерлік мектебі базасында жазғы демалыста 150 бала үшін жазғы тіл курстарын ұйымдастыру жобасы жүзеге асырылды. Осылайша, шетелдегі қандастарымыздың 600-ден аса баласы еліміздегі лагерьде демалды", - дейді қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары.
Оның пікірінше, бұл этникалық қазақтардың тарихи Отанымен байланысын нығайту үшін маңызды.
"Сондықтан балалар демалысына арналған орын санын жыл сайын 3 мыңға ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл - өте маңызды. Себебі, қандастарымыздың балалары бір-бірімен танысады. Осылайша, олар интернет арқылы бір-бірімен қарым-қатынас орнатады. Бұл ана тілін, салт-дәстүрді сақтап қалуға септігін тигізеді", - дейді Тұрысбеков.
"Облыстарда байланыс орталығы құрылды"
Сонымен қатар, ол өңірлерде қандастарға көмек көрсету мақсатында арнайы орталық құрылғанын жеткізді.
"Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен "Отандастар" қоры оларға бейімдеу, әрі басқа да бірқатар қызметті (ақпараттық, заңдық, медициналық және білім беру) ұсыну үшін Нұр-Сұлтанда және облыс орталықтарында байланыс орталығын құрды. Қандастарымыз фронт-офистерге хабарласып, тиісті ақпаратты толыққанды алып жатыр. Олар жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек, құжаттарды рәсімдеу, Қазақстан азаматтығын алу, ықтиярхат мәселесі, білім алуға қатысты сұрақтарды жиі қояды", - дейді қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары.
Көшті жандандыру үшін не істеу керек?
Зауытбек Тұрысбеков жүйелі мемлекеттік қолдау болған жағдайда қандастарымызды атамекенге қайтару процесін қайта жандандыруға болады деген пікірде.
"Ол үшін азаматтық алу тәртібін жеңілдетумен қатар, қандастарды орналастыруға жаңа шара қажет. Яғни 35 жасқа дейінгі мамандарды шақыра отырып, оларға тұрғын үй және жұмыспен қамту кепілдігін беру.
Осыған байланысты қауымдастық Ақмола облысы Аршалы ауданында және Түркістан облысының Келес ауданында "Тұрғын үй және жұмыс" атты жаңа форматтағы агроқалашықтар салу пилоттық жобасын жүзеге асырып жатыр. Ол 3 жылға жоспарланған", - дейді ол.
Оның айтуынша, пилоттық жобасы аясында Аршалы ауданында 196га жер телімі сатып алынып, Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан әкімдіктеріне қарасты тиісті органдармен 1 282 нысанның (коттедж) құрылысын салу мәселесі шешімін тапқан.
"Жоспарға сәйкес, агроқалашықта 3,5 мың жұмыс орыны құрылып, 300 га жылыжай ашылады. Онда ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын сауда орталығы болады.
Сонымен қатар, алдағы уақытта Түркістан облысының Келес ауданында 300 га және 180 га аумақта тағы бір агроқалашық салу жоспарланып отыр.
Жоба бойынша ондағы фермелар шағын болады. Олар халал өнім өндіреді. Мұнда тұрғын үй мен тиісті құрылысты салу үшін әрбір шаруашылыққа 13 соттық жер телімін бөлу жоспарланып отыр", - дейді төрағаның бірінші орынбасары.
Қытайдағы қазақ мәселесі
Зауытбек Тұрысбеков Қытайдағы қазақтардың қысымға ұшырау мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, 2018 жылғы 30 қазанында қауымдастықтың арнайы шақыртуымен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының делегациясымен Нұр-Сұлтанда кездесу өткен.
"Этникалық қазақтарды ұстаудың әрбір фактісіне жедел ден қоюға, себептері мен салдарын объектив қарауға шақырдық. Қытай тарапына қандастармен мәдени байланыстарды қолдау үшін Үрімшіде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдігін ашу ұсындық. Осы мәселе бойынша әлі күнге дейін ресми хабар келген жоқ", - дейді ол.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары шетелдегі қазақтардың ұлт ретінде өсіп-өркендей беруі қауымдастықтың назарында екенін атап өтті.
"Қытайдағы қазақтардың мәселесі бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Олармен кездесу ұйымдастырып жатырмыз. Қандастарымыздың өтініштерін СІМ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Ішкі Істер министрлігі, ҚР Жоғарғы Соты басшылығының атына ресми түрде жолдадық. Жолданған хаттар шеңберінде көптеген бауырымыздың мәселесі қаралып жатыр", - деп түйіндеді сөзін Зауытбек Тұрысбеков.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также