18 ноября 2020 | 15:12

Суицид туралы айту дұрыс па, бұрыс па? Бір фильмге 10 жылын арнаған режиссермен сұхбат

Рахила Тлеуова Корреспондент

Біздің мәдениет пен таным, әдет-ғұрпымыз жаман ауру, қатерлі дерт, өзіне қол жұмсау, ұят қылық жасау туралы көп айтуға "жол бермейді". 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Біздің мәдениет пен таным, әдет-ғұрпымыз жаман ауру, қатерлі дерт, өзіне қол жұмсау, ұят қылық жасау туралы көп айтуға "жол бермейді". 

Алайда "жаман айтпай, жақсы жоқ" деген бар. Сондықтан қанша ауыр болса да, суицид туралы жазуға бел будық. АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығы америкалық режиссер және жазушы Лиза Кляйнның қатысуымен психикалық денсаулық пен суицидтің алдын алу тақырыбында онлайн бағдарлама ұйымдастырды. Режиссердің әкесі мен бауыры суицид жасаған. Басынан өткен қасіретті өзгелердің көрмеуі үшін 4 жыл фильм түсірген. Суицидтің белгілері қандай? Бір адамның өзіне қол жұмсағысы келгенін білгенде ойынан қайтару үшін не істеу керек? Мұндай фильм түсіру қаншалық қиын болды? Осы және өзге де сұрақтарға режиссер Лиза Кляйн Tengrinews.kz тілшісіне жауап берді.

Реклама
Реклама

Статистика. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, былтыр 3 805 отандасымыз өз өмірін қиған. Оның 887-сі 15 пен 29 жас аралығындағы азаматтар. Елдегі мұндай дерек алаңдатпай қоймайды. АҚШ елшілігі де режиссердің жұмысын қазақстандықтарға көрсетуді ұйғарған.

"The S Word" немесе "С әрпінен басталатын сөз" фильмі Лизаның өз басынан өткен оқиға негізінде түсірілген. Әкесі мен бауыры өз-өзіне қол жұмсағанын көрген режиссер жылдар бойы "неге?" деген сұраққа жауап іздеді. Лиза бұл ауыр сынды киноға айналдырып, суицид тақырыбын ашық талқылауды жөн көрді. Себебі, оның ойынша, ешбір отбасы оның басынан өткен жағдайдан өтпеу керек. Америкада 10 өлімнің бірі суицид салдарынан болса да, қоғам ол туралы әлі де үндемей келеді. Лиза өз фильмдерінде жалпы психикалық денсаулық тақырыбын көп қозғайды, ел-жерді аралап, көрермен алдында осы тақырыпта сөйлейді", - деп таныстырды елшілік өкілдері фильмді. 

Лиза Кляйн - Мичиган университетінің түлегі, Оңтүстік Калифорния университетінің өнер саласындағы магистрі. Жұбайы Дуг Блашпен бірге Лос-Анджелес қаласында MadPix кинокомпаниясының негізін қалаған.

Лиза ханым, неге суицид туралы айту немесе айтпау керек? Екі жақтың уәжі қандай?

Менің ойымша, біз міндетті түрде ол туралы сөйлесуіміз керек. Неге десеңіз. Сөйлескен кезде, біреуге ашылып айтқан кезде біз үшін қауіпсіз орта пайда болады. Ондай ортада болу жайлылыққа әкеледі және адамның бойындағы ауыртпашылықты азайтады. Көпшіліктің сіз айтқандай "ол туралы сөйлеспеу керек, ашық айтпау керек, талқылауға болмайды" деген көзқарасы бар. Суицид деп айта берсек, адамның ойына сол суицидтің мүмкіндігін салып қоямыз деген түсінік қалыптасқан. Меніңше, ол - миф. Статистикаға қарасақ, оның даму белгілеріне қарасақ, ол олай жұмыс істемейді. Яғни, сіз бір адамға суицид деген сөз айтсаңыз, ол барып соны істейді деген сөз емес. Кез келген нәрсе сияқты оның шешімі сөйлесуден басталады. Сонда оған мәселені шешуге мүмкіндік бересіз, шешу жолының басын бастап бересіз. Жіпті тартқандай болады. Адамды оны жасауға емес, керісінше ішіндегісін шығарып, босауға итермелейсіз. 

Суицид туралы айтатын және көп айтпайтын елдердегі статистиканың айырмашылығы бар ма?

Бұл сұрағыңыз өте жақсы сұрақ деп ойлаймын. Бірінші ойыма келіп тұрғаны - Жапония. Бұл елдің мәдениеті бойынша, мүмкін білетін шығарсыз, өзіне қол жұмсау батырлық деп қабылданады. Суицидке бас ию, құлдық жасау деген сияқты дәстүр бар. Мен оны дұрыс деп емес, әр елдің көзқарасы әртүрлі деген мағынада айтып отырмын. Қазір сізге айтып бере алатындай қолымда дәл ондай статистика жоқ. Бірақ бір білетінім... Латын Америка елдерін АҚШ-пен салыстырсақ, оларда отбасының бір мүшесі осындай психикалық ауруға шалдықса, оған күтім жасауға тырысады. Бірден ауруханаға жатқызбайды. Алдымен отбасы қасына көшіріп алып, көңілін аулайды. Соның арқасында бұл елдерде суицид статистикасы төмен. Ал АҚШ-та керісінше медициналық ем, ауруханаға жатқызады. Бұл - екі елдің мәдени айырмашылығы.

Сол себептен меніңше, АҚШ-тың бұл жолда атқаруы керек жұмысы көп. Мен суицидтің психикалық ауру мәселесін былай түсіндіремін. Бұл жерде рухани және тән саулығы арасында теңдік болу керек. Яғни, психикалық ауруы бар адам ауруханаға келсе, оның жағдайы жүрегі ауырып келген адамдай бірдей қаралуы керек. Өйткені, екеуі де - ауру. Екеуін де бірдей қабылдау керек. Егер әрбір елде мұндай науқасты осылай емдесе, сондай деңгейге жетсе, онда сол кезде осы мәселені толық шештік деуге болады. 

Қазір суицидті медициналық тұрғыдан емдеп жатқан елдер бар ма?

Шынымда айтсам, білмедім. Сондай бар болар деп үміттенемін. Бірақ АҚШ-та жоқ екенін нақты айта аламын.

АҚШ-та суицид жасайтындардың жас айырмашылығы қандай? Ерлер көп пе, әйелдер ме?

Жасын айтатын болсам, жастар көп - 15-24 жас аралығында, жасөспірімдер кіреді. Сондай-ақ 50 жастан асқан ер адамдардың арасында көптеп кездеседі. Себептеріне келетін болсақ, олар - әртүрлі. Жасөспірімдер арасында көптеген елде мектептегі балалардың шеттетуі, тиісуі, буллинг, әлеуметтік желіде ұзақ отыруы болып кете береді. Себептер әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ оны жеке-жеке алып қарауға болмайды. 

Күрделі себептердің жүйесі деп ойлаймын. Себебі әркімнің өмірі, отбасындағы жағдайы әртүрлі. Бір жолмен шығады, бірақ себептері әртүрлі. Ал ерлерге келетін болсақ, кез келген елде ер адамдар асыраушы рольде болады. Сол өмірінің мәніне айналады. Сосын "Мен өз отбасымды асырай алмай жүрсем, әрі қарай қалай өмір сүремін, не үшін өмір сүремін" деген қорқыныш пайда болады. Өмірдің мәнін жоғалтқандай болады, сол кезде өзіне қол жұмсайтын жағдайларға әкеледі. Сондықтан біз осындай мәселелермен күрессек, шешімін таба аламыз. 

Фильмге көшсек... Фильмді түсіру қаншалықты қиын болды?

Шыны керек, түрлі сезім болды. Мысалға өздерінің баласынан айырылған ата-ананы көрген кезде, солармен сұхбаттасқанда жыладым. Менің өміріме ұқсас болды. Тағдырлас деуге болады. Анам есіме түсті. Ауыр естеліктерді естіген соң ауыр болды. Фильмді жинап, монтаж жасағанда сұхбаттарды қайта-қайта көрдім. Нені қалдырамын, нені алып тастаймын деген сұрақ мазалады. Сондықтан бірнеше рет қайта тыңдадым. Монтаж жасайтын бөлмеде қайта-қайта жыладым. 

Тағы бір сезім болды. Мен фильм барысында өзім сияқты адамдармен кездестім. Жақын адамнан айырылу, өзімді жалғыз сезіну сезімі қайталанды. Фильмнің кейіпкерлерінің әңгімесінен кейін рухани үндес болдық. Бір-бірімізді жақсы түсіндік. Сонда ойымыз бір жерден шығатын адамдармен достастым деуге болады. Әлі күнге дейін жақсы араласамыз. 

Кейіпкерлер фильмге түсуге бірден келісті ме?

Иә, олар бірден келісті. Себебі мен журналист сияқты дайын сұрақ жаудырған жоқпын. Ең алдымен өз басымнан өткенді айтып беруге тырыстым. Бір-бірімізді тыңдадық. Яғни монолог емес, диалог болды. Олар маған, мен оларға сендім. Екі жақты бөлісу болды. Өйткені, айналып келгенде кез келген адам басынан өткен жағдайды айтып бергісі келеді. Мен соған мүмкіндік бердім және өзімнің тыңдауға дайын екенімді көрсеттім. Сондықтан түсіруге 4 жыл уақыт керек болды. 

Тағы бір айтатыным көп жағдайда олар бірден келіскенмен, бірден ішіндегісін айтып бере қойған жоқ. Бәрі бірте-бірте болды. Сондықтан біз қайта-қайта кездесіп, бірнеше рет түсірген кездер болды. Сосын көп адамның шын ниетпен айтпаған кездері болды. Өйткені шын көңілімен айтпаған дүние білініп тұрды. Ал бізге шынайылық керек болды. Тек сондай сұхбаттарды қалдырдық. Сонда 4 жылда жинаған сұхбаттың ұзақтығы 300 сағат болды. 

Суицидтің түбі неде, бір сөзбен айту мүмкін бе?

Жоқ, бір сөзбен айту мүмкін емес. Ол - тым күрделі мәселі. Фильмдегі Крек деген кейіпкер бар. Ол аман қалу үшін күрескен адам. Ол қазір жұрт алдына шығып дәріс оқиды. Қанша уақыт керек. Сондықтан оны бір сөзбен айту мүмкін емес. 

Қандай белгілері бар?

"Суицид - психикалық ауытқулардың нәтижесі" дегенмен көп психиатрлар келіспейді. Кейбірі бала кезінде алған "травмалардан" болады десе, кейбірі оның негізінде психикалық ауытқу жатыр деп есептейді. Яғни, екі түрлі. Сондықтан оны тек психикалық аурудың нәтижесі деп қараған дұрыс емес. 

Ал белгілері көп. Бірақ кішкентай белгілері көп болғандықтан, қанша жерден белгілерін анықтаймын деп тырысса да, назардан тыс қалып қоятын нәрселер көп болады. Сондықтан жекелеген белгілерді емес, адамның жалпы жүріс-тұрысын бақылаған дұрыс. Мысалға, кейбір адам алкогольді әдеттегіден артық іше бастаса, ішімдікке салына бастауы мүмкін. Жаман әдеттерге: нашақорлық, темекі шегуге әуес бола бастау да бір белгісі. Сосын қолындағының бәрін таратып беретін болып кетеді. Тезірек құтылайын деп. Содан кейін спортпен, музыкамен шұғылданып жүріп, соның бәрін қойып кеткен адамдарды бақылау керек. Тағы кейде керісінше, мынадай нәрсе бар. Ұзақ уақыт бойы қиналып, ештеңеге құлқы болмай келген адам бір күні "суицид мен үшін шешім" деген ойға келсе, бірден көңіл күйі көтеріліп кетсе қауіпті. Осындай кезде онымен суицид туралы сөйлесуге қорықпау керек. "Өзіңе қол жұмсауды ойлап жүрсің бе" деп сұрақ адамды тура итермелеу болып көрінуі мүмкін. Бірақ негізінде итермелеу емес, керісінше оған "есікті ашып, кел сөйлесейік" дегендей болады. 

Сонда оған қалай айту керек?

"Сен суицидті ойлап жүрсің бе?" деп бірден сұрамау керек, әрине. Екі адамның арасында бір-бірінің жағдайын түсіну, не мазалап жүргенін сұрау керек. Бірақ әңгімелесу, бірнеше кездесуден кейін ыңғайы келгенде сол сұрақты қою керек. Абай болу керек.

АҚШ-та мұндай емдеуді үйрететін мамандық бар ма? Мысалға, дәрігерлердің ішінде нейролог жүйкені қарайды. Нефролог бүйректі. Сол сияқты ішінара мамандық бар ма?

Бізде де әдеттегідей психолог, психотерапевт бар. Дәрі жазып беретін психиатрлар бар. Мен осы тақырыппен докторантурада айналысып жүргенде мені таңғалдырған нәрсе: психолог, психотерапевттердің ізденетін тақырыптарының ішінде суицидтің үлесі өте төмен. Қазір мүмкін жағдай өзгерген шығар. Бірақ суицид туралы көп зерттелмейтіні анық. Өйткені ол бір көп кездеспейтін салдар сияқты қаралады. Ал мен үшін психолог, психотерапевтерге суицид туралы үйретпеу, кардиологтарға инфаркт туралы оқытпаумен тең. Жеткілікті түрде оқытпау. 

Осы уақытқа дейін қанша адамның өмірін құтқардыңыз. Нақты сан бар ма?

2008 жылы бірінші фильм түсірдім. Биполярлық ауру - психикалық ауруға арналды. Екінші фильм осы The S word-ты 2012 жылы бастадым. Бес жылдай уақыт алды. Сонда бәрін қоссақ бұл тақырыппен айналысып келе жатқаныма 10 жылдан асты. Қанша адамға көмектескенімді өлшеуге болмайтын сияқты. Бірақ командамызға "өмірімді өзгерттіңіз, көмектестіңіз" деп хат жазатындар көп. Сондықтан тек көмектестік деп үміттене аламын. Қанша адамға көмегім тигенін санамаймын.

Шынымды айтсам, мұндай фильм түсірген адам мен үшін батыл адам болып көрінеді. Түсіру түгілі, қараудың өзі маған ауыр болды. Сондықтан ержүрек адамға мынадай сұрақ қойғым келіп тұр: Өмірдің мәні неде?

Ең алдымен - отбасым. Екінші - жұмысым. Үшінші - менің айналамдағы қауым. Өзімді бір қауымның мүшесімін деген сезімнің бар болуы. Өйткені қазір естелік кітабымды жазып жатырмын. Оның ішіне әкем мен бауырымнан айырылғаным туралы да кіреді. Сол кітапты жазып жатқанымда былай ойладым: неге осының бәрін басынан өткізсем де, әлі тірі жүрмін? Қалай бақытты өмір сүріп жатырмын?. Өзіме осындай сұрақ қойдым. Адамдардың, туыс-достарымның арқасында, күнде тұрып бір нәрсемен айналысуым, теннис ойнау болсын, сурет салу, кітап жазу - айналысып жатқан ісімнің бәрі сол айналамдағы адамдардың арқасында деп білемін.

Фильм көрсетілімі туралы ақпарат uscgalmaty Instagram парақшасы мен U.S. Consulate Almaty Facebook парақшасында жарияланды.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная