ПОДЕЛИТЬСЯ
14 октября 2021 | 17:34
"Тегін адам емес". Ресейлік атақты тарихшы Әлихан Бөкейхан туралы кітабын шығарды
Ресей тарихшысы, тарих ғылымдарының докторы Виктор Козодой қазақтың мемлекет қайраткері, Алаш партиясының жетекшісі, Алашорда автономия үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан туралы еңбек жазды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ресей тарихшысы, тарих ғылымдарының докторы Виктор Козодой қазақтың мемлекет қайраткері, Алаш партиясының жетекшісі, Алашорда автономия үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан туралы еңбек жазды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Айта кетейік, ресейлік атақты ғалым Виктор Козодой көптеген ғылыми еңбектің авторы ретінде танымал. Ол ХІХ және ХХ ғасырдағы Ресей империясы мен КСРО тарихын зерттеп, 40-тан астам ғылыми еңбек пен 11 монография жазған. Тіпті, кезінде Новосібір облысының вице-губернаторы да болған.
Козодой тарихты зерттеу мәселесіне мүлде басқа көзқараспен қарайды. Оның ойынша, өткен шақты тек тарихи тұлғалардың өмір жолы арқылы толыққанды білуге болады. Кейінгі жылдары жиырмасыншы ғасырдағы Сібірдің революциясына ерекше назар аударып, жан-жақтан ақпарат іздестіре бастаған ол Әлихан Бөкейханды зерттеп, көп ұзамай Алаш көшбасшысы жайлы кітап жазуға бекінеді. Бүгінде еңбек мың данамен шығып отыр.
Кітапты Қазақстанда жазып бастаған
Белгілі ғалым "Әлихан Бөкейхан: дәуір адамы" еңбегін жазуға 2 жылын жұмсайды. Оның айтуынша, әуел баста Бөкейхан туралы кітап жазу жоспарында болмаған.
"Бұл кітапты жазуға 2019 жылдың қарашасында кірістім. Ол кезде Павлодарда іссапарда болып, облыстың ғылыми әмбебап кітапханасымен таныстым. Еңбегімнің алғашқы беттері сонда басталды, бірақ негізгі мақсатым басқа еді. Мен ұзақ уақыт бойы 1917-1918 жылдарды қамтитын Сібір мемлекеттілігін зерттеп жүрдім. Ізденіс барысында Алаш Ордаға қатысты тың ақпараттарды байқап, тұрмысы бөлек тұлғамен таныстым. Сөйтіп, ойда жоқта қазақтың ардалы азаматын зерттей кеттім", - дейді тарихшы.
100-ден аса тарихшының зерттеу жұмысы қарастырылған
Персоналистика жанрында Виктор Козодой бұған дейін ХІХ ғасырдағы Ресейдің мемлекет және қоғам қайраткері Александр Гучковтың да өмірбаянын жазып шыққан. "Сол себепті де Әлихан Бөкейхан монографиясын бастауға жүрексінбедім", дейді автор.
"Мен кітапты жазу барысында Қазақстан мен Ресейдің 19 мұрағат қызметіне жүгіндім. Соның ішінде Қазақстандағы 4 облыстық архивте өзім де жұмыс істедім. Талай том-том кітапты ақтарып шығуға тура келді. Осыдан екі ғасыр бұрынғы саясат қайраткерлердің өмірбаяны жазылған еңбектерді, олардың арасында бергі Әлихан Бөкейхан турасында пікір білдірген тұлғаларды зерттеу нысанасына алдым. Мұның нәтижесінде 100-ден аса тарихшының зерттеу жұмысын қарастырдым. Олардың арасында ғылыми журналдар, газет және көне жазбалар да болды. Кейбір архивтен бұған дейін еш жерде жарық көрмеген тың мәліметтерді тауып, еңбегімнің негізіне алдым", - дейді ол.
"Әлихан Бөкейхан - Ресей империясы тарихындағы ең мықты тұлғалардың бірі"
Тарихшының сөзінше, Ресейде бұған дейін Алаш көсемі турасында ешқандай еңбек жазылмаған.
"Әлгінде айтып өткенімдей, мендегі басты мақсат - 1917-1918 жылдардағы Сібір елі бойынша тың деректерді табу еді. Бұл өзі бір қиын-қыстау кезең болды. Дәл сол уақытта Батыс Сібір талай адамн өмірін жалмаған азаматтық соғысты да бастан кешті. Бұл туралы өз еңбектірімде кеңінен жазып жүрмін. Кейіннен ізденіс жолында бұл кезеңді Алашсыз, бөлек қарастыру мүмкін емесін түсіндім. Алаш туралы айтатын болсақ, әңгімені оның көшбасшысы Әлихан Бөкейханнан бастау керек. Менің еңбегімнің миссиясы да осы еді.
МұрағатРесейде Әлихан Бөкейханның өмір жолын, оның саяси қызметін суреттейтін бірде-бір кітап жоғын білген менің таңданысымды көрсеңіздер ғой. Бұл дұрыс емес. Бөкейхан, әрине, ең біріншіден, Қазақстанның саяси қайраткері, бірақ оның әлеуетін тек бір елмен шектеу дұрыс емес. Ол өте кең тұлға. Әлихан Бөкейхан Империя кезеңіндегі ең мықты қоғам қайраткерлерінің бірі дер едім. Ол жүргізген саясаттың моделі бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ және осындай алып тұлға жайында дерек аз болуы көңілді қынжылтпай қоймайды. Сондықтан Ресей тарихын зерттеймін десең, Бөкейханның еңбек жолынан аттап өту мүмкін емес. Мен осы түсінікті Әлихан Бөкейханның өмірбаяны арқылы ресейлік аудиторияға жеткізгім келді", - дейді Виктор Козодой.
Автор өз кітабының тақырыбын түсіндірді
Тарихшының айтуынша, Әлихан Бөкейхан - дәуір адамы. Жай дәуір емес, қиындығы көп, тұрақсыз, ауыз ашудың өзі қауіпті дәуір.
"Қазақ мемлекеттілігінің қайта аяққа тұрып, ХІХ ғасырдың соңындағы саяси ауызбіршілікті бірізділікке салған Әлихан Бөкейхан өз халқының алдындағы жауапкершілігін сезді. Дәл сол дәуірді еш бояусыз-ақ бейнелейтін Бөкейхан тегін адам емес еді. Сол себепті де өз кітабымның тақырыбын "Әлихан Бөкейхан: дәуір адамы" деп алып отырмын", - деді тарихшы.
"Менің кітабымда жаңа көзқарас пен тың дерек көп"
Оның пікірінше, Бөкейхан туралы кітаптар көп емес, мұны білген маңызды.
"Ғылыми журналда, мемлекеттік маңызы бар құжаттар жиынтығында және авторлық мақалаларда Алаш көшбасшысы жайлы жазылғаны рас, бірақ оның өмірбаянындағы қоғамдық-саяси қызметі толық қамтылмаған. Бөкейхан туралы биография жанрында қалам тартқан әріптесім Сұлтанхан Аққұлыдан басқа ешкімді де айта алмаймыз. Сұлтанханды әлихантанушы деп атауға толық негіз бар. Ол өзінің 30 жылын Алаш көсеміне арнап, Қазақстан тарихының саяси бастамаларын жазып шықты. Әрине, мен оның көмегіне жүгіндім, десе де, менің кітабымда жаңа көзқарас пен тың деректерді бірден байқайсыздар", - дейді ол.
"Әлихан Бөкейхан 1866 жылы емес, 1870 жылы туған"
Тарихшының айтуынша, көптеген деректе Әлихан Бөкейханның туған күні қате жазылып жүр.
"Шынтуайтында, менің кітабымда Бөкейхан туралы қызықты әрі пайдалы фактілер аз емес. Бұған дейін басылым бетіне шықпаған, еш жерде талқыланбаған деректер жайлы айтайын. 1917 жылы Томскта әр аймақтан өкілдер жиналады. Сонда олар арнайы анкета толтырады. Енді мен сол кездегі Әлихан Бөкейханның өз қолымен жазған анықтамасын таптым. Бір жапырақ қағазға 100 жылдан астам уақыт бойы сақтаулы тұр. Ең қызығы, Бөкейхан өз жасын 48-де деп көрсеткен екен. Ал енді қараңыз, 1917-ден 48-ді алсаңыз, барлық деректе көрсетілген 1866 жыл шықпайды. Демек, Әлихан Бөкейхан 1869 жылы, не 1870 жылы туған. Оның туған күні наурызда екенін ескерсек, Алаш көсемі 1870 жылы дүниеге келді деп айтуға негіз бар. Одан бөлек, бұл дата Омбыдағы техникалық училищеде де көрсетілген. Тағы да бір қызықты дерек бар. Самарадағы мұрағатта күзет бөлімі мен жандарм қызметінің 1915 жылы Әлихан Бөкейханды қадағалауға алған құжаттары қалыпты. Онда Бөкейханның сыртқы келбетін суреттеген екен: мысықтың жағасы тігілген пальто, сәнді шалбар, қиғаш қайырылған баскиім. Бір сөзбен қайырғанда, ондағылар Әлихан Бөкейханның талғамы жоғары болғанын айтады", - дейді ол.
Ешқандай да тапсырыс емес
Ресей тарихшысы бұл кітапты, ең алдымен, өзі үшін жазғанын айтады.
"Мен өз еңбегіме кіріскенде сырттан ешқандай көмек болған жоқ. Қазақстан билігінен көмек сұрап, алақан жайған емеспін. Ешқандай да грант ұтып немесе арнайы тапсырыс бойынша жазғаным жоқ. Тек Қазақстан ғалымдары, тарихшылары мен жазушыларымен тұрақты байланыста болдым. Қазақстандағы әріптестерім мұрағаттан қажет деректерді алуға көп көмектесті. Олармен көп сөзге келдік, тіпті, ұрысып та қалған кездеріміз болды, бірақ ойымыз бөлек болса да, мақсатымыз бір еді. Мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстандағы әріптестеріме алғысымды білдіргім келеді. Біз үлкен жұмыс атқардық", - дейді ғалым.
Кітаптың тұсаукесері Семейде өтеді
Виктор Козодойдың сөзінше, өз еңбегінің дәл Семейде өтуінің астында терең мән жатыр.
"Кітаптың тұсаукесерін Қазақстанда жасаймын. Ұйымдастыру жұмыстарын Қазақстандағы әріптестерім атқаратын болды. Алғашқы презентация Семейдегі Әлихан Бөкейхан атындағы университетте өтеді. Бұл жерде терең мағына мен әдемі символика бар. Былай қарасаңыз, Семей Әлихан Бөкейханның өмірінде маңызды орын алатын қала, одан бөлек, Алаштың алғашқы астанасы.
Кітап тұсаукесері кейін Павлодарда жалғасады. Сосын мені Нұр-Сұлтанда өтетін халықаралық ғылыми форумға шақырды. Жиын басында кітаптың тұсауын кесетін боп келістік. Артынан Қарағандыға жол тартып, Алматыда соңғы нүктесін қоямыз. Айтпай кетпесем болмас, негізі презентация бірінші боп Новосібірде өтуі керек еді, бірақ әріптестерім Семейді ұсынды. Мен бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Мұндай романтикадан бас тарту ақымақтық болар еді", - деді ол.
Айта кетейік, Виктор Козодой 312 беттен тұратын "Әлихан Бөкейхан: дәуір адамы" еңбегін қазақ тіліне аудару мәселесін де қарастырып жатыр.
Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер мен видео Виктор Козодойдың жеке мұрағатынан
Показать комментарии
Читайте также