ПОДЕЛИТЬСЯ
22 июля 2019 | 15:08
Тоқаев отбасында болған қайғылы оқиғаны айтты
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірі мен дипломатиялық карьерасы, бүгінгі қоғам тіршілігіне деген жеке көзқарасы туралы "Президент 2.0" деректі фильм көпшіліктің назарына ұсынылды. Деректі фильм Ресей журналисі Алексей Пивоваров пен Президент арасындағы ашық сұхбат форматында өтті. Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы не айтты? Tengrinews.kz тілшісі сұхбатқа шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірі мен дипломатиялық карьерасы, бүгінгі қоғам тіршілігіне деген жеке көзқарасы туралы "Президент 2.0" деректі фильм көпшіліктің назарына ұсынылды. Деректі фильм Ресей журналисі Алексей Пивоваров пен Президент арасындағы ашық сұхбат форматында өтті. Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы не айтты? Tengrinews.kz тілшісі сұхбатқа шолу жасады.
"Президент! Президент!" дегенде, Нұрсұлтан Әбішұлы деп қалдым"
Президент көпшілік жиналған шараларда "Президент" деген жаңа лауазымына әу баста үйрене алмағанын айтты.
"Бірақ бұл уақытша ғана нәрсе екен. Жақсы нәрсеге тез үйренесің", - дейді Президент.
Мемлекет басшысы жүгі ауыр бұл лауазымның негізгі мақсаты - бір мемлекеттің қауіпсіздігі мен игілігі сол халықтың алдындағы ең үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
"Адам күн сайын президент болмайды. Әсіресе біздің жағдайымызда. Бұл қазіргі тілмен айтқанда "билік транзиті арқылы іске асты", - дейді ол.
"Қай жерде қателескенімді білемін"
Айналасындағы адамдардың жағымпаздығына қалай қарайтыны туралы журналистің сұрағына Президент ондай әрекеттерді аса ұната бермейтінін айтты.
"Білесіз бе, маған ешкім жағымпазданбайды. Бәлкім мен ондайды ұнатпайтын болғандықтан шығар. Ұнатпау былай тұрсын, жақтырмаймын", - дейді Президент.
Мұндай оқиғалардың бірі ретінде Президент Өзбекстанға барған сапарында жан-жағындағылардың "Тамаша!", "Мұндай ешуақытта болмаған", "Кескін-келбетіңіз керемет" деген сияқты жағымпаздық сөздерін естігенін айтты.
"Мен елемеуге тырысамын. Жауап бермеймін. Естімеген адамдай өте шығамын. Өйткені, бұл мақтау сөздердің көк тиын құны жоқ. Ең басты сыншы - өзің. Мен қай жерде қателескенімді, қай жерде жарқырай алмағанымды білемін", - деді Президент.
Бала кездегі қайғылы оқиға
Сұхбат барысында мемлекет басшысы есімінің құпиясын да айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ата-әжесі Фрунзе қаласына қоныс аударған. Бұл Қырғызстанның қазіргі астанасы Бішкек қаласы. Президент бала шағындағы қайғылы оқиға жайлы әңгімелейді. Оның атасы жұмысқа кеткенде, балалары сал ауруымен ауыратын әжесінің қолында қалған.
"Атам келген кезде кенже қызының пешке түсіп, өліп қалғанын көреді. Сол кезде ол 2-3 жастағы бала болған. Ал бәйбішесі сал болғандықтан ештеңе істей алмаған. Мұны көрген атам үйден шығып кетіп, содан қайтіп үйге оралмапты", - деп еске алды Президент.
Осы оқиғадан кейін, әкесі мен Қасым ағасы екеуінің балалар үйіне түсіп, кейіннен интернатта оқып, мектеп бітірген соң олардың соғысқа аттанғанын айтты.
Тілші Кеңес империясының құрамында болған Қазақстанның өткені туралы сөз қозғап, жалпы Президенттің Сталинге көзқарасы мен сталиндік ұжымдастыру жайлы сұрақ қойды.
"Мен үшін Сталин, әрине, ірі тарихи тұлға. Бірақ кез келген ірі тарихи тұлға ретінде Сталиннің қарама-қайшы жақтары көп", - деді Мемлекет басшысы.
Президент жаппай репрессияны, соның ішіндегі Қазақстан жеріндегі қуғын-сүргінді кешіру мүмкін емес деген ойда. Көптеген қазақтың зиялы өкілдері жазықсыз жала жабылып, атылған дейді.
"Екінші жағынан әкеммен де келісемін. Ел басына күн туған кезде Кеңес Одағын басқарып, елді жеңіске жеткізді", - дейді Президент.
"Ядролық жарылыстардың зардабы әлі күнге дейін сезіліп келеді"
Байқоңыр мен Семей - кеңестік Қазақстандағы ең басты нысандар. Байқоңырдан ғарышқа ұшса, Семейде атом бомбалары жарылды. Журналистің Семей полигоны туралы сұрағына Президент бұл жарылыстардың кесірінен халық әлі зардап шегіп отырғанын айтты.
"Бүкіл әлем бойынша жер астында болсын, жер үстінде болсын бір полигонда 450-ден астам жарылыс болған емес. Ең бастысы жергілікті тұрғындарға жарылыс туралы қандай да бір шара қолдану туралы ескерту жасалмаған. Жерге дезактивация жасамаған. Бұл ядролық жарылыстардың зардабы әлі күнге дейін сезіліп келеді", - деді Президент.
"Трамп сияқты адамға сұраныстың бар екенін байқадым"
Журналистің АҚШ президенті Дональд Трамп төңірегіндегі жағдайға қалай қарайтыны туралы сауалға Президент былай деп жауап қайтарды:
"Америка Құрама Штаттарында болып жатқан оқиғаларға қарап, Трамп сияқты адамға сұраныстың бар екенін байқадым. Сонымен қатар, сұраныс артып келеді. Жалпы алғанда, АҚШ-та Трамп сияқты адамның пайда болуы заңды еді. Бірақ ол беделді сарапшылардың болжамынан төрт жыл бұрын келді. Неге? Себебі Трамптың айтқанының бәрі мерзімі жеткен мәселелер".
"Шинеліңді ал да, елге қайт!"
Нұрсұлтан Әбішұлы Президентпен 1985 жылы Қытайдағы кеңестік елшіліктің екінші хатшысы болып қызмет етіп жүрген кезінде Бейжіңде танысқан. Тоқаевты көріп "Қазақсың ба?" деп сұраған. "Қазақпын" деген жауап алған. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы бұл әңгімені ұмытпаған.
"Елбасы маған "Шинеліңді ал да, елге қайт!" деді. Мен мұны шақырту деп қабылдадым. Сосын оны күттім", - деп есіне алды Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен танысуын.
Президент Twitter-де
2011 жылы дипломат Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысының бірінші орынбасары болды. Міне, сол кезде Тоқаев Twitter-ге тіркелген. Бұл қызмет бабы талап еткен шарт болды. Содан бері Президент түрлі тілде жиі жазба жазатын болды.
"WhatsApp-тан келген хабарламаларға жауап беремін"
"Мен әлеуметтік желілерде отырамын. Смартфон қолданамын. WhatsApp-тан келген хабарламаларға жауап беремін. Ол жай қарапайым күнделікті іс. Түптеп келгенде мен ешкіммен хабарласпай отыра алмаймын ғой", - дейді Мемлекет басшысы сұхбатында.
Президент қоластындағыларға кейбір тапсырмаларды WhatsApp арқылы да жіберетінін айтты.
"Скриптонитті бірнеше рет тыңдап көрдім"
Журналист қазақ елін шетелдерде танытып жүрген рэп орындаушы Скриптонит пен Димаш Құдайберген туралы да ойын сұрады.
"Скриптонитті бірнеше рет тыңдап көрдім. Ұйып тыңдадым, бәрін түсіндім деп айта алмаймын. Бірақ түсінуге тырысып көремін. Ал жалпы алғанда Димашымызды мақтан тұтамыз. Әуелі Қытайды, енді Ресейді тәнті етті. Кремльдегі съездер сарайында бірнеше концерт берді. Концерттерінің бәрі аншлагпен өтті", - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
© instagram.com/tokayev_online
Сондай-ақ, сұхбат барысында Мемлекет басшысы бала кезіндегі қызығушылығы үстел теннисі болғанын айтты. Кейінірек Тоқаев 13 жыл бойы үстел теннисінің қазақстандық федерациясын басқарған.
Показать комментарии
Читайте также