15 мая 2018 | 19:46

Туған ағасынан 14 жасынан бастап зорлық көрген келіншек қыздарға ақылын айтты

© Sputnik Кыргызстан

Бүгін 7 арнада "Балаға сексуалдық тәрбие беру керек пе?" деген тақырып қозғалған "Өз ойым" бағдарламасына 14 жасынан бері туған ағасы зорлап келген Айжан есімді кейіпкер қонақ болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Бүгін 7 арнада "Балаға сексуалдық тәрбие беру керек пе?" деген тақырып қозғалған "Өз ойым" бағдарламасына 14 жасынан бері туған ағасы зорлап келген Айжан есімді кейіпкер қонақ болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Ағам менен үш жас үлкен еді, яғни сол кезде 17-де болатын. Үйде бір ұл, бір қыз. Анам аспаз болып жұмыс істейтін. Әкем жүк көлігін жүргізетін. Күндердің күнінде ағам мені шақырып алды. Содан басталды, қашуға да үлгере алмай қалдым. Осындай жағдай бірнеше рет қайталана берді. Бірақ мен анам мен әкеме айтқан жоқпын, себебі олар ағамды ерекше жақсы көретін. Айтайын десем, бір жағынан ағам қорқытады, өзім де айтуға қорықтым", - деп көзіне жас алды ток-шоу кейіпкері. 

Реклама
Реклама

Қазіргі уақытта, оның айтуынша, ағасы үйленген, үш баласы бар. 

"Сол күйі ата-анам үшін ғана үндемей, ешкімге айта алмай келдім. Ешкім де әлі күнге білмейді. Қазір Аллаға шүкір, екі қызым бар, тұрмысқа кеш, 30 жасымда шықтым. Бұл оқиғаны ешкім, тіпті анам да білмейді. Содан кейін ағамды қатты жеккөріп кеттім, ер атаулыға жоламастай болдым. Астанаға оқуға түстім. Жеке психологтарға барып, миымдағыны жойдым, өйткені ер адамдарға қарауға да қорқатынмын", - деген ол кез келген ер адам бар жерге екі қызын қалдыруға жүрексінетінін жасырмады. 

Осылай сырын айтқан келіншек балаларға сексуалдық тәрбиені беру турасында ойын білдірді.

"Қазір өз қыздарыма әлі сексуалдық тәрбие туралы айтып үлгермедім. Мен бала кезімде шешем қыз бала болғасын байқаңдар дейтін. Бірақ дәл осындай істі ағамнан күткен жоқпын. Мен сияқты зорланып, ұрынып жүрген қыздарға айтар кеңесім, болған жәйтті дер кезінде анаңызға немесе туысқандарыңызға айтыңыздар. Сонда бұл дерт қоғамда соншалықты өршімейді, себеп-салдарына өзіміз кінәліміз, ешкімге айтпай, баяғы ұят деп жасқанамыз", - деді 37 жастағы Айжан.

Бағдарламаға оқырмандар да хат жолдап, ерте бастан жыныстық қатынасқа түскен оқиғасын баяндады. Есімін жасырын қалдыруды ескерткен көрермендердің бірі өзінің тап болған жағдайын айтып, студиядағы мамандардан көмек сұрады. Мамандар бұл қызға дәрігерге қаралу керек екенін айтып, анасымен осы жағдай туралы ашық сөйлесу керек екенін ескертті.

Сондай-ақ студияға келген ата-аналардың бірі бала кезден құлақтарына құю керек десе, балаға бұндай тақырыпта сөйлесу өте ұят әрі есейе келе өзі түсініп алады дегендер де болды. 

Айта кетейік, "Өз ойым" ток-шоуында жүргізушілер жанжалдасып қалған тараптарды ашық диалог арқылы татуластыруға тырысады, ал көрермендерге жағдайдың анық-қанығына көз жеткізуге көмектеседі. Сонымен қатар, айтылғанның барлығын кесіп-пішіп, шешілмейтіндей көрінген түйінді мәселені тарқатуға тырысады.

Бір жарым сағаттық ток-шоу сейсенбіден жұмаға дейін сағат 15:00-де көрсетіліп жүр. Телеарна студиясы мен сайтындағы интерактив кезінде көрермендердің дауыс беруі жүреді. 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная