01 августа 2019 | 14:46

Түрмеде зорланған трансгендер. Бұрынғы Кәрімжан, қазіргі Викторияның оқиғасы

Өткен аптада трансгендер Виктория Берікқожаева түрмеде зорланғанын мәлімдеді. Желіде бұл оқиға қызу талқыланды. Түрмеде отырған Викторияның оқиғасы көп қазақстандықтың жадында қалмауы мүмкін. Тengrinews.kz екі жыл бұрын трансгендердің қылмыстық ісін еске түсіреді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Өткен аптада трансгендер Виктория Берікқожаева түрмеде зорланғанын мәлімдеді. Желіде бұл оқиға қызу талқыланды. Түрмеде отырған Викторияның оқиғасы көп қазақстандықтың жадында қалмауы мүмкін. Тengrinews.kz екі жыл бұрын трансгендердің қылмыстық ісін еске түсіреді.

Викторияға қандай айып тағылды?

Реклама
Реклама

2016 жылы қарашада сырт келбеті әйел, құжат бойынша ер адамның істі болғаны туралы ақпарат шыққан. Сол кезде оның қай түрмеге жіберілетіні көпті қызықтырып еді. Себебі мұндай бұрын-соңды Қазақстан сотында болмаған.

Кәрімжан Берікқожаевты, дәлірек айтқанда, қазіргі Виктория Берікқожаеваны сол кезде трансгендер құрбысы сотқа берген. Ол аса ірі көлемде бопсалау ісі бойынша айыпталған. Тергеу нұсқасы бойынша, Виктория жынысын ауыстыру үшін тағы бір ота жасауы керек болған екен. Сондықтан ол құрбысынан 33 мың доллар талап етіп, тіпті, оған қоқан-лоқы да көрсеткен.

Бірақ трансгендер құрбысында осындай көлемде ақша болмағандықтан, ол құқық қорғау органдарына жүгінген. Сол жылы тамызда Виктория қылмыс үстінде ұсталған болатын.


Виктория Берікқожаева сот залында. © Tengrinews.kz мұрағатынан

Зардап шегуші бұл істі жабық түрде және алқабилердің қатысуымен өткізуді сұраған, бірақ Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өтінішті қанағаттандырмады.

Көп ұзамай процесс тоқтап қалды. Себебі Берікқожаеваның тарапы айғақтардың заңсыз алынғанын айтқан. Сондай-ақ айыпталушының қорғаушылары сараптама өткізу үшін сот процесін тоқтата тұруды сұраған. Бұған айыптаушы жақ та қарсы болмаған.

"Бұған дейін де күзетшілер қысым көрсетіп, қорлаған"

Желтоқсанда сотталушы трансгендер түрмеде азапталғанын айтқан болатын. Кәрімжан қылмыстық іс бойынша тергеудің тыйым салынған шаралары қолданылып жатқанын мәлімдеген.

Құқыққорғаушы Ардақ Жанәбіловтің айтуынша, сотталушы өз жауабында күзетшілер оған психологиялық қысым көрсетіп, қорлағанын айтқан екен.

"Сотталушы Берікқожаеваның мәлімдемесін ескере отырып, тергеу алды тексеріс өткізіп, процессуалдық шешім қабылдау қажет. Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 344-бабын негізге ала отырып, үкім шығарды: Алматы қаласының прокурорына 10.07.1990 жылы туған, ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы, 4-бөлімі бойынша айыпталған Берікқожаев Кәрімжан Уәлижанұлының дәлелдерін тексеріп, сол бойынша процессуалдық шешім қабылдау тапсырылсын", - деп жазылған судьяның үкімінде.

Осылайша, 2017 жылы наурызда Викторияның түрмедегі азаптау дерегі бойынша түсірген шағымына қатысты жауап келді. Тексерістен соң айыпталушының мәлімдемелері расталған жоқ.

"10.07.1990 жылы туған сотталушы Берікқожаев Кәрімжан Уәлижанұлының (шын есімі - авт.) шағымы бойынша қызметкерлеріміз жедел іс-шара өткізіп, азаптау деректері бар-жоғын тексерді. Бірақ оның айтқандары расталған жоқ", - деді Алматы прокуратурасының баспасөз қызметіндегілер Tengrinews.kz сауалхатына берген жауабында.

Жеті жылға сотталды

2017 жылы наурызда трансгендерге қатысты сот үкімі шықты. Бұған дейін айыпталушыны Кәрімжан деп айтып келген судья бұл жолы үкімде оны Виктория деп атай бастады. Себебі сот ісі барысында айыпталушы аты-жөнін өзгерту үшін құжаттарын тапсырған. 

Сот үкімі бойынша, Виктория Берікқожаева айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

"Сот Берікқожаева Виктория Уәлижанқызын ҚР ҚК 194-бабы, 4-бөлімінің 2-тармағы бойынша қылмыс жасады деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға және мүліктерін тәркілеуге үкім шығарды. Сотталушы жазасын жалпы режимдегі түрмеде өтейді", - делінген судья Қасым Қалмағамбетовтің үкімінде.

Виктория жазасын ерлер колониясында емес, Алматы облысы, Іле ауданы, Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесінде өткізетін болды.


Виктория Берікқожаева сот залында

Алайда Берікқожаева өзіне тағылған айыппен келіспеді.

"Өзімді кінәлімін деп ойламаймын. Бұл екеуміздің арамыздағы бәсекелестіктен туған қызғаныш. Жанжал екеуміздің ортақ көңілдесімізге байланысты шықты", - деген еді Виктория.

Кейін айыпталушы жазасын жеңілдетуді сұрап, апелляциялық шағым түсіргенімен, алқа билер бірінші инстанцияның үкімін өзгерткен жоқ.

Түрмеде тәртібі үшін жазаланған

Былтыр ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Викторияның түрмедегі тәртібі жайлы мәлімет берген. Бір жыл ішінде сотталушы нашар тәртібі үшін бірнеше рет жазаланған.

"2017 жылы режимді бұзғаны үшін, сондай-ақ сотталғандармен жанжал шығарғаны үшін үш рет сөгіс алды. Сонымен қатар, бес күнге тәртіптік жазаған тартылды", - деді комитеттің баспасөз қызметіндегілер.

Көп ұзамай адвокаты Айман Омарова "Берікқожаеваны түрме әкімшілігі қорлады" деген мәлімдеме жасаған.

"Виктория Берікқожаева колония қызметкерлері, әкімшілігі және сотталғандар тарапынан да күнде қорлық көреді. Әкімшілік жанжалға жол беріп қана қоймай, өздерінің еркін орындайтын сотталушыларды ынталандырып тұрады. Мұндайларды жазаламайды, оларға өзгелерді "тәрбиелеуге" рұқсат етілген, пышақ ала жүгіруге, қорлауға және тағы басқасын. Виктория Берікқожаева бір кездері жынысын ауыстырып, әйел болған еді. Осыған байланысты оны жыныссыз деп мазақ етеді", - деп жазған еді Айман Омарова.

Адвокаттың айтуынша, Виктория өзін "ер адам" деп атаған колония қызметкерінің погонын жұлып алған.

"Виктория өзін бірнеше рет "еркек", "жыныссыз" және тағы басқаша мазақ еткен Б. есімді колония қызметкерінің погонын жұлды. Ол қызметкер погонын жұлып, бас киімін лақтырғанға миы шайқалып кетті деп ойлайды. Ал Викторияның барлық шағым хаттары жолдаған жеріне жетпеген, арнайы бөлім оларды өткізбеген", - деп жазыпты Омарова.

"Зорландым" деп мәлімдеді

Биыл Викторияға қатысты тағы бір жанжал шықты. 25 шілдеде ол түрмеде зорланғанын айтқан.

"Мені сот-медициналық сараптамадан алып келді. Бәрі келді - Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен де, прокуратурадан да. Заттай айғақтарды көргенде бәрі жағасын ұстады. Айғақтарды алып, сараптамаға жіберді. Барлық құжатты алдым, бір айдың ішінде дайын болуы керек (сараптама нәтижелері - авт.). Мен зардап шегуші болып танылдым", - деді Виктория Берікқожаева телефон арқылы Tengrinews.kz тілшісіне.

Қазір Алматы облысы қылмыстық-атқару жүйесінің департаменті бұл деректі тексеріп жатыр.

"Иә, бізге хабарлама түсті. Ақпаратты тексеріп жатырмыз. Тергеуге байланысты ешқандай ақпарат бере алмаймыз. Ақпарат бүгін таңда мекеменің өзінен түсті", - деп хабарлады Алматы облысы ҚАЖД басшысының орынбасары Дидар Атантаев.

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная