10 мая 2020 | 09:30

Тыңшылардың неміс офицерін ұстауы. Асқар Кәреновтың соңғы шайқасы

Tengrinews.kz "Жулдыз FM" радиосымен бірге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің тарихы мен естеліктері жайлы "Жеңімпаздар оқиғалары" подкастын ұсынады. Жобаның ресми серіктесі - "ВКонтакте" əлеуметтік желісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Tengrinews.kz "Жулдыз FM" радиосымен бірге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің тарихы мен естеліктері жайлы "Жеңімпаздар оқиғалары" подкастын ұсынады. Жобаның ресми серіктесі - "ВКонтакте" əлеуметтік желісі.

 Қанат Кареновтың "Кешір інім, кешір" шығармасында әкесі Саттар мен оның ағасы Асқар туралы жазған. Бұл үзіндіде автор әкесінің ағасы Асқардың неміс офицерін тұтқынға алуы туралы жазылған. Шығарманы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актеры Елдар Отарбаев оқиды.

Реклама
Реклама

-         Командир – деп, біреу Кареновтің ойын бөліп жіберді. - Қараңыз, бір неміс  атпен келе жатыр.

-         Қане? - деп, жан-жағына қарады Опаженко.

-         Әне, біздің артымызда, өзен бойында – деді, Асқар қолымен нұсқап.

-         Каренов, мұны қолға түсіру керек - деді, Опаженко бұйрық беріп, - тек... әр жағын өзің де білесің ғой.

-         Құп болады! – деп, Асқар жаудың жолындағы бұтаға қарай ептеп еңбектей жөнелді. Пыс-пыс еткен кәрі ат басын төмен түсірген немісті әкеле жатты, ол тек атын тізгінінен тартып, өктемшіл қимылмен тоқтатқанда ғана оянды. Қорыққанынан немістің аузы ашылып қалды. Күшті қол оны ер үстінен жұлып алды. Келесі секундта неміс не айғайлауға, не қозғалуға шамасы келмей Асқардың тізесінің астында жатты. 

Ентігіп Опаженко да жетті:

-         Каренов, байқа, оны жаншып тастама, ол бізге әлі керек. Коструб, көмектесші - деп, осы сөздерді айтқан Опаженко дайын шүберекпен немістің аузын тығындай бастады.

-         Талдың арасына апарайық  – деп, немісті Кострубпен бірге бұта түбіне сүйреп әкелді.

Асқар атқа мініп алып, атты келген ізімен кері бұрды, 40 метрдей жүріп өтіп, аттың басын өздеріне қарай бұрды. Бұл кезде немістен жауап алып жатқан-ды. Ол хат тасушы екен. Асқарды көрген сәтте оның көзіне тағы да қорқыныш ұялап, қойылған сұрақтарға  тұтыға жауап бере бастады. Неміс бұл оқиғадан кейін есеңгіреп қалған еді, ол Кареновтің түрін көріп мелшиіп қатты да қалды, сондықтан тергеу ұзаққа созылушы еді. Сол себепті Опаженко Асқардың кетуін әрі қарсыластарын бақылауды жалғастыруын өтінді.

Тергеу аяқталып, деревняда күшейтілген ротаның тұрғаны белгілі болды. Сонымен қоса, Асқар танкішілерді байқап қалған еді, бірақ олардың танкілері көзге түспеді. Демек, оларды бір жерге жасырған. Тұтқын өз полкі тұрған көрші деревнядан атпен шыққанын және госпитальдан шыққан бір офицердің сол деревняға барып, өз  қаруластарын тексеруге келетінін - естігенін айтты. 

-         Не істейміз? – деді, отрядты жинаған Опаженко.

-         Сол офицерді күтіп тұрып, ұстап алу керек – деп, ұсыныс жасады Коструб.

-         Бұл жер тым шулы әрі бәріне көрінеді – деп, күдіктенді Опаженко, - біріншіден, бұл неміс жалғыз болмауы мүмкін, қазір бұлар  жалғыз жүре бермейді. Екіншіден, егер офицер келмей қалса ше? Сонда не істейміз?

-         Қанеки, мұндай ойлардан арылайықшы – деп, ашуланды Коструб, - әйтпесе көріпкелге жүгіретін боламыз. Мен офицерді күту керек деп есептеймін, бұдан басқа жол жоқ. Әйтпегенде, күшейтілген рота мен танкілер тұрған деревняға бармайтын шығармыз.

-         Анау, елу метрдей жерде – деп, көрсетті Асқар неміс келген жақты - жыра бар. Ол офицерді сол жерден тосуға болады. Әрі ештеңе де естілмейді, әрі сырт көзден де тысқары. Мен бұл жыраны атты ізімен  қуғанда  көргенмін.

-         Жақсы – деді, келіскен Опаженко, - ал,  оның назарын біз өзімізге қалай аударамыз.

-         Аттың айылы үзіліп кеткендіктен, хат тасушы, соны жалғамақ үшін тоқтаған болуы сияқты кейіпке ену керек - деп, ұсыныс жасады Асқар, - хат тасушы рөлін Лукошко ойнайды. Немісше біледі, оларға арқасын беріп тұрады, онымен қоса оны хат тасушы сияқты ғып, шарфпен және орамалмен орап тастаймыз. Бірден біліп қоймайды, ал біз екі жақ шеттен қазған қардың астында жатамыз да, тұтқиылдан тап береміз.

-         Ұсыныс тұрарлық, бірақ, бәрі біз ойлағандай бола қояр ма – деп, күрсінді Опаженко.

-         Сіз ылғи да күмәнданасыз, жолдас сержант – деп,  жазғырды оны Коструб.

-         Жарайды, осылай шешеміз – деді, ақыры келіскен Опаженко, – құдай құп көрмесе, көк шөп те өспейді.

-         Не тұрыс, Лукошко, кәне неміс болып киін, - деді Коструб мысқылдай.

Отыз минуттан кейін екі мотоциклге мінген немістер көрінді. Әрқайсының аспа отырғышының алдына пулемет орнатылыпты. Олар алтау еді.

Леонид Доренский, ©РИА Новости

- Әр жігітке екі немістен – деп,  ойлаған Опаженко, дайындалуға белгі берді. Неміс киіміндегі Лукошко айылын жөндеп жатқан сыңай танытты. Бұл оның алғашқы жауынгерлік тапсырмасы болғандықтан қатты толқып тұрған еді. Бұл кезде Асқар керек сәтте ат жүріп кетпес үшін, оның аяғына тұсамыс салып жатқан-ды. Лукошконың толқып тұрғанын көрген ол, оған көзін қысты.

-         Бәрі жақсы болады. Біз жаныңдамыз. Қалай келістік, солай істе - деді де, Асқар бұтаға қарай секіре жөнелді.

Василийге осындай демеу қажет еді. Мотоциклдер тоқтап, офицер одан не болғанын сұрады. Лукошко таза немісше жауап беріп, үзілген айылын жөндеп жатқанын айтты. Мотоциклдің рөлінде отырған жалпақ бет неміс қалжыңдап: "Орыстарда бәрі шіріген, сол себепті үзіле береді" - деп еді, бұл сөзге  қалғандары ду етіп күлді.

-         Жарайды, келіңдер, көмектесейік - деп,  мотоциклден шайқалақтап түсіп, формасын жүре түзеп келе жатты. Ол мас болатын. Оның артынан екіншісі де түсіп, бірден Лукошкоға қарай бет алады. Сол мезетте Опаженко екінші мотоциклге секіріп барып, тез, ширақ соққымен артқы орындықта отырған немісті, одан соң рөлдегіні сұлатып салады. Асқар пышақпен пулеметтің құлағында отырғанды сұлатады. Ал, офицерге жетіп барған Коструб оны пышақтың дүмімен желкесінен бір ұрып құлатып, алдыңғы мотоциклдің рөлінде отырған немістің арқасына пышақты салып алады. Асқар Лукошкоға беттеген неміске пышақ лақтырып қалып еді, пышақ ауада доға жасап барып, оған сабына дейін кіріп кетеді. Ол алға адымдап барып, шайқалып, артына қарай құлайды. Бәрі көзді ашып жұмғанша өтеді.

-         Каренов, Коструб, бәрін жолдан алып тастап, жасырыңдар. Лукошко, арқаңды әкел,  көкетайды байлайық, сосын балаларға көмектес, - деп, бұйырды Опаженко неміс офицерінің аузын тығындап жатып.

-         Бәрі де ойлағанымыздай болған сияқты - деп, қуанды Коструб.

-         Қуануға әлі ерте, қолға түскен немісті жеткізуіміз керек – деді Опаженко терең тыныстап, – Мен алда болам, Каренов, Коструб соңымда, ал, Лукошко, сен артта боласың.

Каренов пен  Коструб немісті көтеріп  алып, сержанттың соңынан сүйрете жөнелді. Ысқырған оқтар қарлы шаңды көтере, зуылдап жатты. Бір кезде бәрі бұйрық болғандай, жата кетісті. Бастарын көтергенде, немістерді көрді. Опаженко: "екеуіне қалып, жауды бөгеу, ал екеуі тұтқынды алып кетуі керек" - деп ойлады, өйткені өздері бекінген Семеновка селосына дейін бар жоғы бес жүз метрдей ғана қалған еді. Опаженко Кареновке қарап еді, Асқар  командирінің одан кетуін сұрап тұрғанын бірден түсіне қойды. Ол сержанттың көзіне тіке қарап, ешқайда кетпейтінін білдірді. Тек өліммен бірнеше рет осылайша бетпе-бет келген адамдар ғана бір- бірін осылай ұғар еді.

-         Коструб, Лукошко, немісті алыңдар да, бізге апарыңдар. Біз Каренов екеуіміз сендерді бүркемелейміз.

-         Мен... - деп, бастай беріп еді Коструб, бірақ Опаженко оны тоқтатып тастады, - бұл саған балабақша емес. Бұйрықты орында! Тез! Уақыт жоқ.

Коструб пен Лукошко немісті көтеріп алып, сүйрей жөнелді.

Опаженко мен Каренов ұрысқа кірісіп, атыса бастады.

-         Вася, Семеновкаға дейін сәл ғана қалды. Сен кешірші мені – деп, Коструб оны иығынан қағып, - немісті жеткіз, ал мен артқа, өзімізге кеттім. Оларға көмектесу керек - деді де, елес секілді жоқ болды.

Лукошко  жауынгер жолдастарының атысып жатқанын естіді, Семеновкаға таяғанында гранатаның  жарылғанын естіді. Ол, бұл олардың соңғы шайқасы екенін түсінді. Өзінің олармен бірге болып, көмектесе алмағанына өкінді. Бушлатының жағасын тістелеп, немісті бір тепті де, оған жүгіруді бұйырды.

Асқар Каренов 1944 жылдың 3 ақпанында өзінің жауынгер жолдастары сержант Михаил Опаженко және ефрейтор Павел Кострубпен бірге Калинин облысы Новосокольничий ауданының Семеновка селосынан батыста  500-дей метрде күші тең емес ұрыста қаза тапты. Барлау тобы тапқан деректер Ленинград-Новгород стратегиялық шабуыл операциясының бір бөлшегі болған Старорусск-Новоржев шабуыл операциясын бастау үшін маңызды рөл атқарған болатын.

Tengrinews.kz "Жеңімпаздар" (Победители) жобасының аясында ҰОС-на қатысқандар жайлы мəлімет жинайтынын еске салады. Біз əрбір Қазақстан азаматын Ұлы Отан Соғысы жəне еңбек тылында болған қазақстандық ардагерлер жайлы құнды естеліктер мұрағатын толтыруға ат салысуға шақырамыз.

Ол үшін сайтта ардагер жайлы сауалнама толтыруыңыз қажет: Аты-жөні, туған жылы, соғыста немесе тылда болған жылдары туралы қысқаша мəлімет, сонымен қатар, суретін енгізуіңіз керек. Естеліктер мына +7-700-905-1945 WhatsApp нөмірі арқылы да қабылданады.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная