02 мая 2019 | 17:17

WhatsApp-тағы эксперимент. Орта жаста неге дос қатары сирейді

© Pixabay

Орта жасқа жеткенде адам баласының құндылығында достық екінші я үшінші орынға шығып қалады екен. Бұл шақта отбасы, ата-ана, бала-шаға орны маңызды болуы да түсінікті. Бұл соңғы инстанцияның шешімі емес, менің байқауым ғана екен деп түсініңіз.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Орта жасқа жеткенде адам баласының құндылығында достық екінші я үшінші орынға шығып қалады екен. Бұл шақта отбасы, ата-ана, бала-шаға орны маңызды болуы да түсінікті. Бұл соңғы инстанцияның шешімі емес, менің байқауым ғана екен деп түсініңіз.

Рас, бүгінде жеткіншек я бозбала шақтағыдай досым көп емес. Маған дос табылса, ол өмірдегі қандай да бір жағдаят табыстырған, кезіктірген адамдар екен. Мені алаңдатқан мәселе де осы. Өзімнің қиқар мінезім бе, әлде бұл барлығының бастан өткеретін сезімі ме? Бұл сұрақтың жауабын қайдан іздейтінім де белгілі - Интернет. Несін жасырайық, ғаламның торы кілең әлеуметтік тест, психологиялық тест, басқа өміріңізде кім едіңіз деген секілді тақырыбы кликбейтке толы жосықсыз мақала. 

Реклама
Реклама

"Когда дружба причиняет боль". Дж.Ягер деген психологтың осылай аталатын еңбегін оқыған соң ғана орта жастағы достық проблемасының түрлі деңгейде талай зерттеліп, талай диссертацияның нысаны болғанына көз жеткіздім. Автордың пікірінше, қазіргі таңда достық - әлеуметтік жетістіктің шарты. Тіпті достықты жеке құндылығыңның өлшемі дейді екенбіз. Оған "Досыңның кім екенін айт, сосын мен сенің кім екенінді айтамын" деген секілді әбден жауыр болған қанатты сөздер дәлел-мыс. Еңбекті оқып шыққаннан кейінгі әсермен эксперимент өткізбек болдым: Ешкімге ештеңе ескертпестен, топтан шығып кеттім.

Бұдан кейін ешкімнен жеке хабарлама да алмадым, ешкім телефон да соқпады. Екі күн өткеннен кейін ғана жеке-жеке хабарласып, сұрастыра бастадым. "Маған неге хабарласпадың?" деген сұраққа кеше ғана кәуап қуырып, қызық әңгіме айтқан достарым бірауыздан келісіп алғандай бір жауапты айтты: "Қайдан білейін, біреумен жанжалдасып қалған шығар, өз себептері бар ғой, тиісіп қайтемін". Иә, ешқайсысы менің мәселеме араласпай, еркіндік бергенді жөн көріпті. Кейбірі тіпті "бізсіз жаңа өмір бастап, менсінбей кетті" деген жүйрік ойы болғанын да мойындады.

Бұрынғы құндылығымыз болса, қайткен күнде де себебін анықтау үшін кем дегенде сол достардың екі-үшеуі хабарласуы керек еді ғой деген ойым жан-жаққа шашырады да кетті. Бұған жауап та жоқ шығар. Әйтсе де, орта жастағылардың мұндай онлайн-достығы жайлы отбасы психологы Анаргүл Маулиқызынан пікір алуды жөн көрдім.

Анаргүл Маулиқызы, отбасы психологы                  

Психолог бүгінде ескі достардың арасын үзбей, жалғап тұрған мессенджерлер дейді. Алайда бұл шынайы емес, виртуал достық екен.

"Әсіресе WhatsApp-та, Facebook-те жиі бір-біріне хабарлама жіберген жандар туралы айтсақ, олар үшін сол адам маңызды, бірақ достық шынайы емес, уақытша десек болады, виртуал қарым-қатынастың адам үшін маңызы зор емес. WhatsApp-тағы достық бұл өміріндегі жетістіктермен мақтануды, көрсетуді ұнататын жандарға тән деп айта аламын", - деп қорытты ойын психолог.

Сондай-ақ, психолог орта жастағы достықтың басқа кезеңдермен салыстырғанда неге әлсірейтінін түсіндірді. Оның пікірінше, адамның әр кезеңінде достыққа деген мотивация әртүрлі. 

"Жалпы достық әр адам үшін маңызды. Достық қарым-қатынас арқылы адам өзін таниды, қолдау алады. Адамның әр кезеңінде достыққа деген мотивация әртүрлі. Жеткіншек кездегі достық едәуір мықты болады. Жеткіншек кезде бала үшін бәріне пайдалы болу маңызды, содан темпераментке байланысты жеткіншектің досы көп, не болмаса аз болады. Досы көп жасөспірім өзінің бақытты екенін, керек екенін сезінеді, ал бұл сезім жеткіншек үшін маңызды. Жеткіншек кезде адам ортақ қызығушылығына қарай достасады", - дейді ол.

Алайда орта жаста адам баласы көп дос жоғалтады. Оған, маманның пікірінше, достықтың міндетті емес екендігі себеп.

"Адам орта жасқа келген кезде достыққа уақыты болмай жатады, тұлға ретінде қалыптасады, енді адам үшін орта жаста достық маңызды бола бермейді. Оның бір себебі үйлену, үйлену тойында достар шақыртылады, ол бір жағынан бас қосу, ал бір жағынан қоштасу болып жатады. Орта жаста адамда көп уақыты отбасына, жұмысына жұмсалады. Орта жаста адамның уақыты көбіне әріптестерімен, мектепте баласының ата-анасымен араласуға ғана жетеді", - дейді Анаргүл Маулиқызы.

Алайда, психолог бұл жаста достары аз болса да, олардың өте жақын болатынына назар аударады.

"Егер адам 15 жыл қатарынан жақын тұрып жақын араласса, онда достық та берік болады. Орта жаста достардың азаюы достардың көшіп кетуі, жұмыстан қолдың босамауына байланысты себептер достықты бұзуға, жаңа достықтың пайда болуына әсер етеді. Яғни адамның есейген сайын достыққа қажеттілігі азаяды", - дейді ол.

Психолог орта жаста достықты сақтап қалудың ешкім білмейтін құпиясы жоқ дейді. Достық қажет болса, оның пікірінше, кездесуді алдын ала жоспарлап, отбасылармен араласу керек.

***

Қорытындылай келе, онлайн-өмір мен шын өмірдегі достықтың бара-бара бір нүктеге жылжып келе жатқанын байқауға болады, алайда дәл қазір орта жастағы қазақстандықтардың достық туралы пікірі онлайнда басқа да, шын өмірде өзгеше екеніне көз жеткізгендеймін. Әуелдегі экспериментті де, "эксперимент" деп айдар тағуға асықпау керек сияқты, өйткені оны әділ, дәл әрі жалғыз ақиқат нұсқа етуге бізде дәме жоқ. Бұл тек жүз жағдайдың жалғыз бір мысалы болар.

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная