22 июля 2020 | 17:11

"Зейнет жасы 61 мен 57 болады". Желіде қандай жалған ақпараттар тарап жатыр?

Фото ©Тұрар Қазанғапов

Соңғы бір аптада әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған түрлі ақпарат жоққа шығарылды. Оның ішінде, зейнетке шығу жасы қысқаратыны, көшеде дезинфекция орнына у шашып жүргені туралы хабарламалар болған. Ақын Мұхтар Шаханов қайтыс болды деген де жалған ақпарат тараған. Tengrinews.kz тілшісі желіде тараған жалған ақпараттар топтамасын жалғастырады.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Соңғы бір аптада әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған түрлі ақпарат жоққа шығарылды. Оның ішінде, зейнетке шығу жасы қысқаратыны, көшеде дезинфекция орнына у шашып жүргені туралы хабарламалар болған. Ақын Мұхтар Шаханов қайтыс болды деген де жалған ақпарат тараған. Tengrinews.kz тілшісі желіде тараған жалған ақпараттар топтамасын жалғастырады.

Зейнет жасы қысқарады - фейк

Реклама
Реклама

WhatsApp мессенджерінде Қазақстанда зейнет жасы қысқарады деген хабарламаны көрген боларсыз. Соңғы уақытта мұндай ақпарат желіде қызу талқыланған. Жазба авторы әлеуметтік желіде енді ерлер 61 жастан, әйелдер 57 жастан зейнетке шығатынын айтқан.

Бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламаға түсініктеме берді.

"Мессенджер мен әлеуметтік желіде Қазақстанда зейнет жасының өзгеруі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ер адамдар 63 жаста, әйел адамдар 59 жарым жасында зейнетке шығады", - дейді министрліктің баспасөз қызметінің өкілдері.

Ведомство мәліметінше, Қазақстан азаматтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақталған зейнетақы қаражаты жеткілікті болған жағдайда зейнетақы аннуитеті құқығын пайдалана алады (зейнет жасына жеткенге дейін шығу). Зейнетақы аннуитеті ерлер үшін 55 жас, әйелдер үшін 51 жарым жыл. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар 50 жастан бастап зейнетақы аннуитетін пайдалана алады.

"Алакөлде анаконда жүр" - фейк

Желіде тағы бір қызық видео тарады. Онда видеодағы дауыс "анаконданы" түсіріп алған.

Видео WhatsАpp мессенджерінде тараған. Қолданушылар бұл анаконда екенін, ал видео Алакөлге жақын жерде түсірілгенін айтқан. Оны біреу лақтырып жіберген болуы мүмкін. Видеоны ер адам көлігінде отырып түсірген.

Ескерту! Видеода бейәдеп лексика бар!

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті видеоға түсініктеме берді. Видео басқа елде түсірілген болып шықты. Бейнеге монтаж арқылы қазақша дауыс қойылған.

"Видеоға дауыс қойып, монтаж жасаған. Қазақстанда анаконда жоқ. Бұл кезекті қалжың болуы керек", - дейді комитет өкілдері.

Комитет өкілдері түпнұсқа видеоны ұсынды.

"Көшеде дезинфекция орнына у шашып жүр" - фейк

Маусымнан бастап Қазақстанда сырқаттанғандар саны көбейген. Оның басым бөлігіне коронавирус не пневмония диагнозы қойылған болатын. Сол кезде тұрғындар аурудың жаппай тарауына дезинфекциялық жұмыстарды кінәлаған.

Желіде тараған түрлі ақпарат бойынша, көшені дезинфекциялар жүргендер тұрғындарға у шашып, бәріне коронавирус пен пневмония жұқтырған.

Кеше денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осындай хабарламаларға қатысты түінік берді. Министрдің айтуынша, көшедегі дезинфекциялық заттар тек кей адамға аллергия тудыруы мүмкін.

"Қазақстанда сараптамадан өткен дезинфекциялық құралдар қолданылады. Біз жаппай ауру жұқтыру немесе жеке реакцияларды тіркеген жоқпыз. Жеке реакциялар, мысалы, аллергия болуы мүмкін. Бірақ жаппай ауру  жұғу немесе коронавирустың дамуына әсер ету фактілері туралы әлі мәлімет тіркелмеді", - деді Цой.

Мұхтар Шаханов қайтыс болды - фейк

Оныншы шілдеде ақын Мұхтар Шахановтың өкпесі қабынып, ауруханада жатқаны хабарланған еді.

Ал таяуда Желіде Шахановтың дүниеден өткені туралы хабар тарады. Бірақ кейін мұның жалған ақпарат екені хабарланды. Бұл туралы ақынның орынбасары Құдияр Біләл Facebok желісінде жазды.

"Құлақтандыру!!! Кей ағайындар әлеуметтік желі бетінде: "Мұхтар Шаханов дүниеден озыпты" деп хабар таратуда. Басын ашып айтайық, жаңсақ хабар. Ағамыз дін аман. Қазір ғана сөйлестік. Сондықтан өтірік ақпарды таратуды тоқтатайық!", - деп жазды Құдияр Біләл.

"СҚ-Фармация" басшылық қызметінде туыстар отыр - фейк

12 шілдеде Ерхат Есқалиев "СҚ-Фармация" ЖШС басқармасының төрағасы болып тағайындалған болатын. Сол сәтте Желіде компания басшылығындағы туыстық қарым-қатынас туралы ақпарат тарай бастады. Себебі компанияның бақылау кеңесінің хатшысы қызметінде Азат Есқалиев жұмыс істейді.

Таяуда компания алып-қашпа әңгімеге қатысты түсінік берді. "СҚ-Фармация" өкілдері Ерхат Есқалиев пен Азат Есқалиевтің арасында туыстық қарым-қатынас жоқ екенін айтты.

"Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, Ерхат Серікұлы Есқалиев пен Азат Есқалиев Маратұлы арасында туыстық жоқ", - деді компаниядағылар.

Келтірілген мәліметтерге сәйкес, "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы лауазымына 2020 жылғы 12 шілдеде тағайындалған Ерхат Есқалиев 2016 жылдан бастап тәуелсіз директор ретінде серіктестіктің бақылау кеңесінің мүшесі болған.

Ал Азат Есқалиев компанияның бақылау кеңесінің хатшысы болып 2020 жылдың 15 сәуірінде алдыңғы қызметкердің өз өтініші бойынша жұмыстан босатылуына байланысты тағайындалған.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная