ПОДЕЛИТЬСЯ
15 июля 2020 | 13:43
"Зейнет жасын қысқартып, кредитті кешіру ұсынылды". Желіде қандай жалған ақпараттар тарап жатыр?
Әлеуметтік желіде коронавирусқа қатысты жалған ақпарат азаймай тұр. Әуеден белгісіз зат шашты, коронавирус жұққан маска таратып жатыр деген хабарламалар бар. Tengrinews.kz тілшісі елдегі коронавирусқа байланысты халық таратып жатқан жалған ақпараттар туралы баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Әлеуметтік желіде коронавирусқа қатысты жалған ақпарат азаймай тұр. Әуеден белгісіз зат шашты, коронавирус жұққан маска таратып жатыр деген хабарламалар бар. Tengrinews.kz тілшісі елдегі коронавирусқа байланысты халық таратып жатқан жалған ақпараттар туралы баяндайды.
Мәйітті тек мырыш табыттармен жерлеу керек - фейк
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде коронавирустан қайтыс болған адамды жерлеу кезінде мырыш табыттарын міндетті түрде қолдану керек деген хабарлама тараған.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Адамды жерлеуге қойылатын талаптар мемлекеттік бас санитар дәрігердің 2020 жылғы 25 маусымдағы № 43 бұйрығымен анықталғаны айтылады. Мұнда жерлеу рәсіміне адам аз қатысатын шаралар қарастырылған.
"Сонымен бірге, мәйіттерді міндетті түрде мырыштан жасалған табытпен тасымалдауға және жерлеуге қойылатын талаптар, сондай-ақ адам денсаулығына қауіп төндірмейтін басқа да талаптар қарастырылмаған", - делінген хабарламада.
Қытайдан коронавирус жұққан маскалар әкелінді - фейк
WhatsApp мессенджерінде сенуге қиын тағы бір ақпарат тараған. Бұл жолы бәзбіреулер Қазақстанға коронавирус жұққан маска әкелінді деген қауесет шығарған. Денсаулық сақтау министрлігі бұл хабарламаға қатысты пікір білдірді.
"WhatsApp мессенджерінде Қытай Халық Республикасынан гуманитарлық көмек ретінде әкелінген маскаларға коронавирус инфекциясы жұққаны туралы аудиохабарламаға қатысты біз мынаны хабарлаймыз: бұл ақпарат шындыққа жанаспайды", - деп мәлімдеді тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің баспасөз қызметінде.
Комитет басқа елдерден келетін медициналық мақсаттағы бұйымдар мен дәрі-дәрмектердің барлық талапқа сәйкес екені мұқият тексерілетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ, ведомстводағылар бұл ақпаратты таратушының кім екенін анықтау үшін жазба ішкі істер органдарына жіберілгенін хабарлады.
Амандық Баталов қайтыс болды - фейк
22 шілдеде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов коронавирус жұқтырғаны белгілі болған. Кейін жағдайы нашарлап, Нұр-Сұлтандағы ауруханаға жеткізілгені хабарланған.
Ал соңғы күндері белгісіз біреулер желіде Амандық Баталов көз жұмды деген ақпарат таратқан.
Облыс әкімдігі бұл хабарламаға қатысты түсінік берді.
"Желіде Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың мезгілсіз қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат тарады. Облыс әкімдігі бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарады", - делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдік бұл қауесетті шығарған адамды жауапқа тарту үшін оны іздестіріп жатқанын мәлімдеді.
Министр зейнет жасын қысқартып, кредиттерді кешіруді ұсынды - фейк
Әлеуметтік желілерде Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың "жаңа жоспары" тарап жатыр. Онда елде төрт аптаға төтенше жағдай режимі қайта жарияланатыны және зейнеткерлік жасы төмендейтіні айтылған.
Сонымен қатар, бұл ақпаратпен бірге Tengrinews.kz редакциясының ескі видеосы да қатар жүреді, онда денсаулық сақтау министрінің шілде айының басында елде қатаң карантиннің бірнеше нұсқаларын ұсынған сәті көрсетіледі.
Бейнежазбадан бөлек, белгісіз біреулер Алексей Цойдың төтенше жағдай режимін жариялауды, ерлердің зейнетке шығу мерзімін 61 жасқа, әйелдер үшін 57 жасқа дейін қысқартуды, кредиттерді кешіруді, олигархтарға 60 пайыздық салық енгізуді, Қазақстанды Дубайдағы ЭКСПО көрмесіне қатыстырмауды, полиция мен армияның күшейтілген операцияларын енгізуді ұсынғанын жазған. Онда 16 пункт көрсетілген.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мұның бәрі жалған екенін ресми түрде мәлімдеді. Сондай-ақ, ведомство жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін еске салды.
Tengrinews.kz редакциясы бұл видео шілденің басында денсаулық сақтау министрі төрт апталық локдаун жоспарын ұсынған кезде жарияланғанын хабарлайды. Хабарлама мәтінінің мазмұны ресми мәлімдемемен байланысты емес.
Ұшақпен қызыл зат шашып жатыр - фейк
Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде "Қазақстан аумағында ұшақ пен тікұшақтардың көмегімен вирус пен биохимиялық қару шашылып жатыр" деген жалған видеолар тарап жатыр. Видеодан ұшақтың қызыл түсті зат шашқаны көрсетілген.
Видео кадрынан
Ішкі істер министрлігі бұл видеоға қатысты пікір білдірді.
"ІІМ мамандары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында бейнематериалдардан тұратын жазбаларды анықтады. Онда автор кадрлардың Қазақстанда түсірілгенін айтады. ІІМ Тергеу департаменті көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Министрлік бейнежазбаның толық нұсқасын зерттеді, ол видеороликтағы ұшақ - АҚШ-тағы өртті сөндіруге жұмылған Tanker Air Carrier 914 екенін көрсетті", - деді министрлік өкілдері.
Тарап жатқан видео, алдын ала мәлімет бойынша, америкалық Goal Aircraft жекеменшік әуекомпаниясының Facebook желісіндегі парақшасынан көшірілген.
Қапшағайдың суында пневмония бар - фейк
Желіде Қапшағай қаласындағы су қоймаларынан "пневмония таяқшалары" табылды деген хабарлама тарады.
"Санитар эпидемиологтар Қапшағай су қоймаларынан: бассейндер, субұрқақтар және бөгендерден анализ алды. Барлығында пневмония таяқшалары табылған. Осы жерден сұраққа жауап шығады... Неге адамдар жағажайға температурамен келеді? Енді бәрі мұның күннің көзіне жылыну емес екенін түсінді. Бәрі су қоймалары арқылы тарайды. Пневмония шексіз ғой. Өлім саны шектен асты. Су қоймаларына баруды тоқтатыңыздар! Инфекция суды жақсы көреді және оған су қоймалары қолайды, сол жерде құрбандарын күтеді. Өзіңіз бен жақындарыңызға абай болыңыз", - деп жазылған авторы белгісіз хабарламада.
Алматы облысының әкімдігі бұл хабарламаның фейк екенін мәлімдеді.
"Қапшағай қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет Қапшағай су қоймасынан коронавирус инфекциясын қоздыратын заттардың бар-жоғын анықтау үшін суды талдауға алмағанын хабарлайды. Коронавирусты анықтау үшін инфекция жұқтыруы мүмкін деген күдікті азаматтардың және профилактикалық мақсатта адамдардың мұрнынан биологиялық материал (анализ) алынады. Сондай-ақ Қапшағай қалалық басқармасы аймақтағы су қоймаларынан жыл сайын мамыр-қыркүйек аралығында тырысқақ вибрионы, А вирустық гепатиті, энтеровирус анықтау үшін талдау алынады", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Показать комментарии
Читайте также