ПОДЕЛИТЬСЯ
07 февраля 2022 | 13:14
Адам қандай жағдайда ойынқұмар болады? Психолог 5 себебін атады
Түрлі ойынға ақша тігіп, тоқтай алмау - бұл лудоманияның бір белгісі. Салдарынан кейбірі үйінен, көлігінен тіпті отбасынан айырылып жатады. Ойынқұмарлықтың қалыптасу себептері қандай, ол тұқым қуалайтын ауру ма және ол қалай емделеді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Komekcenter оңалту бағдарламасы директоры, клиникалық психолог Нұрлыбек Тұрсынбеков түсіндіріп берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Түрлі ойынға ақша тігіп, тоқтай алмау - бұл лудоманияның бір белгісі. Салдарынан кейбірі үйінен, көлігінен тіпті отбасынан айырылып жатады. Ойынқұмарлықтың қалыптасу себептері қандай, ол тұқым қуалайтын ауру ма және ол қалай емделеді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Komekcenter оңалту бағдарламасы директоры, клиникалық психолог Нұрлыбек Тұрсынбеков түсіндіріп берді.
Тұрсынбеков Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық аурулар тізімі бар екенін атап өтті. Соған сүйеніп айтар болсақ, ойынқұмарлық - психологиялық дерт ретінде енгізілген.
Лудомания, ойынқұмарлықтың пайда болу себептері қандай?
Психологтың сөзінше, ойынға ақша тігу, букмекерлерге тәуелді болу себептерінің пайда болуының бес негізгі себебі бар.
"Негізгі себептері: жалғыздық - бұл сезім адамды алғаш рет ойнауға итермелейді. Оның ойын процесінен алған әсері адамды қайтадан ойнауға мәжбүр етеді. Екіншісі - қанағаттанбау сезімі. Бұл сезім адамды өзін ойында көрсетуге мәжбүр етеді. Шынайы өмірде өзіне өзі наразы болады. Шынайы өмірге қарағанда ойында жеңіске қол жеткізу оңай болғандықтан адам өзін ойында көрсеткісі келеді. Ойындағы жетістіктерді неғұрлым көп болса, соғұрлым осы ойынға қайта-қайта оралғысы келіп тұрады", - дейді маман.
Ал үшіншісі - оңай олжа сезімі. Яғни "жеңіл жол" ұғымы. Сол бойынша бір рет ұтып, жеңіл түскен ақшаны қолға ұстағаннан пайда болған адреналинді сезген адам сол жетістігін қайталағысы келіп тұрады. Бірақ көбіне ұту мүмкін емес екенін тәуелді адам онша түсіне бермейді.
"Төртіншісі - әртүрлі тәуелділіктерге тез еру. Басқа да құмарлықтарға, мысалы, есірткі, алкогольге тәуелді адамдар үшін ойынға құмарлық өте қауіпті. Тағы бір себеп: айқындалу дәрежесі әртүрлі психиқалық бұзылулар. Мысалы психикалық ауытқулардан емделген адамдар, сондай диагнозы барлар ойынқұмар болады. Яғни олар қауіпті топтарға кіреді", - дейді Нұрлыбек Тұрсынбеков.
Ойлау қателері түсінігі
Маманның сөзінше, психология саласында ойлау қателері деген түсінік бар. Яғни адамдарда түзу, жақсы ойлау және адам өміріне қауіп, жамандық алып келетін ойлар болады.
"Ойынқұмар адамның ойын қалыптастыратын "ойлау қатесі" болады. Өз тәуелділігіне оң көзқараспен қарауына себеп болатын ойын трансы, тактикалық ойлау қателері болады. Соның ішінде ойлайтын стратегиялық қатеге белгілі бір сенімдер жатады. Оның ішінде, "ақша бәрін шешеді, соның ішіне эмоция және адамдармен қарым-қатынас проблемасын шешеді" деген ой келеді. Ұтысты, сәтті күнге сену болады. Кейде фильмдердегідей сәтті күнге сеніп тұрады. Одан бөлек, қарызды ойын көмегімен қайтару деген көзқарас болады. Яғни ойынға құмар емес адам "бір рет ұтылғаннан кейін екінші рет жоламаймын" дейді. Ал тәуелді адам "қарызды адал еңбекпен емес, тек ойын арқылы қайтарамын" деп ойлайды. Соған деген сенім, мақсат болады", - дейді психолог.
"Соңғы ойын" эпизоды
Нұрлыбек Тұрсынбековтің сөзінше, тәуелді адам өзіне "енді ешқашан ойнамаймын" деп сөз бергенде "соңғы ойын" эпизодымен эмоционалды байланыс болады.
"Бұл деген сөз? Мысалы 10 рет ұтылғанның өзінде өзіне "мен ұтылмаймын" деп сөз береді. Бірақ бір рет ұтқан кезінде эмоциясына байланысты болғандықтан соған сеніп тұрады. Ары қарай ол ой қалай пайда болады? Өзін "ақшаның жартысына ғана" ойнайтынына сендіреді. Мысалы бір миллионы болса, соның 100 мыңына ғана ойнайтынын айтып сендіреді. Бірақ ол ойы тез арада кетіп, бар ақшасын ұтылып қалады. Сонымен қатар, тәуелді адамдар ойын кезінде ақшаны дисплейдегі сандар ретінде ғана қабылдайды. Осының бәрі лудомания, букмекерлікке тәуелді болуға деген ой туғызады", - дейді психолог.
Құмар ойындарға әуестік тұқым қуалай ма?
Психологтың сөзінше, ғалым, зерттеушілер арасында бұл мселеге қатысты көп пікір бар. Бірақ, Нұрлыбек Тұрсынбековтің сөзінше, бүгінде ресми, ғылыми пікірге сүйенсек, ойынға құмарлықтың тұқым қуалауы білімнің төмен болуымен, нашар ортаға түсуімен байланысты.
"Мамандар бұл "ақауды" генетикамен байланыстырмайды. Бірақ тәжірибеге жүгінсек, емделетіндерде қалай қалыптасқанын қарасақ, міндетті түрде әкесі немесе анасы алкоголь не есірткіге тәуелді болған адамдар. Бірақ бұл ғылыми түрде дәлелденген пікір не ұғым деп айта алмаймын. Себебі ғылыми дерекке сүйену керек. Оны кәсіби маман ретінде ұсыныс бергеннен кейін қарастыру керек. Құмар ойындарға әуестік тұқым қуаламайды. Бірақ отбасы, ата-ана, баланың тәрбиесі, ортасы әсер етеді", - деп түсіндірді психолог.
Лудомандар отбасы мен жақындарына қалай әсер етеді?
Нұрлыбек Тұрсынбековтің айтуынша, тәуелді адамның жағдайы ең алдымен отбасына әсер етеді. Салдарынан отбасы мүшелері қаражат жағынан, психо-эмоционалдық жағынан зардап шегеді, көп отбасы ажырасып кетіп жатады.
"Бірақ маман ретінде берер ұсынысым, жақын адамыңыз ойынға тәуелді болса не істеу керек? Біріншіден, ол адамның қаржылық проблемаларын шешуге тырыспаңыз. Ерте ме, кеш пе лудоман ақша табу қажеттілігіне тап болады. Көбіне туыстары оның ақшалай проблемасын шешіп бергеннен кейін бәрі жақсы болып кетеді деп ойлайды. Бұл жағдайда проблема тек уақытша шешіледі. Ал тәуелді адам өзінің қарызын біреу төлеп беретінін түсінеді. Бұл ол адамды босаңсытып жібереді. Салдарынан ойыншыда қайтадан қарыз алуға деген ой пайда болады. Екіншіден, тәуелді адамды өзіңізбен тең ұстауыңыз керек. Тәуелді адамға аянышпен қараудың қажеті жоқ, өзіңізбен бірдей ұстаңыз", - деп түсіндірді маман.
Себебі ойынқұмар адам өзінің назарда екенін, бәрі оған көмектесуге дайын екенін түсінеді. Ал құмар ойыншы дәл сіз секілді адам екенін ұмытпаған дұрыс.
"Үшіншіден, құмар адамға эмоцияңыз бен сезіміңіз туралы айту керек. Көбіне ата-ана уайымдап жүргенін көрсеткісі келмейді. Эмоцияңызды басуға тырыспаңыз. Маңызды нәрсе - тәуелді адам жағдайдың күрделі екенін түсінуі керек. Ойынға тәуелді адам тек жағымды эмоцияларды көріп жатады. Керісінше, ол жүйкесін жұқартып мәселенің шешімін іздеуі керек. Бірақ барлық қарызын төлеп беріп, үндемей отыра берсеңіз ештеңе өзгермейтінін түсіну керек", - дейді психолог.
Нұрлыбек Тұрсынбеков ойынға құмарлықты ауру, дерт ретінде қарастыру керегін айтады.Ммысалы тісіңіз ауырса жақыныңыз өзі емдеп бермейді ғой. Сондықтан ойын тәуелділігі проблемасын емдейтін психологтарға жүгінген дұрыс. Нақты амал керек. Маманға жолығу керек. Ол психолог, тіпті психиатр болуы мүмкін. Себебі ойынқұмарлық алкоголь не есірткіге тәуелдікпен тең. Психологың сөзінше, мұндай жағдайда тіпті арнайы препарат, дәрі-дәрмектің көмегі қажет болуы мүмкін.
Ойынға құмар адам толық емделе ме?
Маманның айтуынша, әлемдік деңгейде, оның ішінде Қазақстанда да оны емдеу жолдары бар.
"Яғни ол - психотерапия. Лудомания емдеу қажет болатын үш себеп бар. Біріншісі - осындай дертке шалдыққан отбасының бұзылуы және қаржылай қиындықтары. Екіншісі - құқыққа қайшы әрекеттер. Лудоманияға шалдыққандардың 80-90 пайызы құқық бұзады. Оның ішінде, алаяқтық, қарыз алу, ұрлық жасағандар бар. Үшіншісі - жоғары дәрежедегі суицид қаупі. Статистика бойынша, 13-50 пайызға дейін өзіне қолж жұмсаса, 30-90 пайызында суицид туралы ой келеді", - дейді психолог.
Ойынға тәуелдікті қалай емдеу керек? Бірінші диагностика жасау керек. Онымен арнайы психотерапевт немесе аддиктолог психологтар айналысады. Ал жасырын депрессия анықталған жағдайда дәрі-дәрмекпен емдейді. Бұл емдеудің бірінші кезеңі.
"Екінші кезең - психологиялық түзету. Ол жеке және арнайы жаттықтыру тобында жүргізіледі", - дейді маман.
Нұрлыбек Тұрсынбековтің сөзінше, тек ойынқұмар адамға көмек көрсету аздық етеді. Оның отбасымен де жұмыс істеп, психотерапиялық көмек көрсетілсе нәтиже оң болуына көп мүмкіндік туады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также