Мамандар көктемде қандай адамдарда күйзеліс пен әлсіздік болатынын айтты

26 Ақпан, 13:57
0
© pixabay.com
© pixabay.com

Көктемде әлсіреп, ұйқысып келіп, тез шаршап, көңіл-күйі өзгеретіндер жайлы жиі естіп жатамыз. Мамандардың сөзіне сүйенсек, оған авитаминоз себеп. Яғни бұл мезгілде жеміс пен көкөніс дәрумендері жеткіліксіз болып, нәтижесінде иммунитет төмендейді. Ал психологиялық тұрғыдан алып қарасақ, көктемде адамдардың көңіл-күйінің түсіп, әлсіздікке ұшырауына көбіне олардың өз энергиясын дұрыс жұмсамай, нәтижесінде өзі үшін өмір сүрмеуі себеп болады екен. 

    

Әсел Рскелдиева,

психолог

Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі психолог Әсел Рскелдиевадан және терапевт дәрігер Лейла Оспановадан көктем мезгілінің көңіл күйге қаншалықты әсер ететінін, дәрумен жетіспеушілігінен күйзеліске ұшырап, денсаулықтың нашарлауы қаншалықты рас екенін сұрап білді.

Әсел Рскелдиеваның айтуынша, күйзелістің екі түрі бар - физикалық тұрғыда қажып, күйзеліске ұшырау және психологиялық күйзеліс.

"Физикалық күйзеліске көбіне энергия жетіспеушілігі себеп, яғни, таза ауада серуендемеу, ағзаға қажетті дәрумендерді қабылдамау, жұмыста шаршау, ұзақ уақытқа созылған іссапарлар, дұрыс тынықпау. Ал мұндай симптомдар байқалмаған болса, онда адам психологиялық күйзеліске ұшырады деген сөз. Бұл дегеніміз тікелей айтқанда адам өз энергиясын таратып, күш-жігерін жоғалтады, өмір сүруге деген ынтасы төмендейді. Әдетте көктемде көңіл-күй бірқалыпты болмайтыны рас. Оған гормондардың қызметі тікелей әсер етуі мүмкін", - дейді психолог.

Осы ретте маман психологиялық күйзелістің алғашқы белгілеріне тоқталды. "Адамның өзінен, барлығынан көңілі қалады. Өмірден түңіліп кетеді, өздігінен уайым-қайғыға салынады. Қолыңнан ештеңе келмейтіндей көрінеді. Бұл кезде бірінші кезекте психикамен жұмыс істеу қажет. Ол үшін арнайы мамандарға барып, терапия қабылдау керек. Күйзелістің басты себебін анықтап, өзіңізді сүйе білу қажет, махаббатқа бөлеуіңіз керек", - дейді Рскелдиева.

Психолог дәл осы кезеңде спортпен шұғылдануға - энергияны жұмсауға болатын дүниемен айналысуға кеңес береді.

"Уақыттың 70 пайызын қажет дүниемен айналысуға жұмсап, 30 пайызын ғана өзіне ұнайтын, сүйікті ісіне арнағандар күйзеліске жиі ұшырайды. Сол кезде адам басқа біреу үшін өмір сүре бастайды, соның проблемасымен өмір сүреді. Сондықтан күйзелістің алдын алу үшін бірінші кезекте үнемі баланс сақтап отыру керек", - дейді маман.

    

Лейла Оспанова,

терапевт

Ал терапевт Лейла Оспанованың айтуынша, көктемде әлсіреудің бірден-бір себебі - күн сәулесі мен дәрумендердің жеткілісіздігі. Дәрумен жетіспеген кезде бас айналып, ұйқышылдық басады. Адам әлсіреп, жұмысқа қабілеті төмендеп, дел-салдық күйін кешеді.

Ал мұның алдын алу үшін дәрігер бірінші кезекте күн тәртібін сақтауға шақырады. 

"Ерте ұйықтау керек. Сағат 22.00-де ұйықтап қалуға тырысу қажет. Себебі дәл осы кезден бастап лотанин гормоны бөлінеді. Ол адамның бет-әлпетіне және ең бастысы жүйке жүйесінің дұрыс қызмет етуіне әсер етеді. Ал екінші кезекте дәрумендер терапиясын қабылдаған жөн. Жеміс-жидектер мен көкөністерден бөлек тағы ем алу керек. Олар ішкі органдар жүйесі үшін өте маңызды, - дейді Лейла Оспанова. 


Cуреттер pexels.com сайтынан алынды

Сондай-ақ, дәрігер 50 жастан асқан адамдарға антиоксиданттық дәрі-дәрмектерді қабылдауға кеңес береді. Айтуынша, оны күніне бір рет ішу жеткілікті.

"Бұдан бөлек, осы кезеңде көп қозғалмау салдарынан остеопороз, жүрек-қан тамырлары және соматикалық аурулар пайда болады. Бұрын бұл ауруға тек 50-60 жастан асқан шалдықса, бүгінде 20 жастан асқандар да осы дертке шалдығып жатыр. Оған күнделікті қажетті күн сәулесін қабылдамауы себеп", - деп ескертті дәрігер. 

Мамандардың сөзіне сүйенсек, ағзасында кальций жетіспейтіндерге тары жеген пайдалы. Ал ересек адамдар күніне бір литрдей табиғи сүт ішсе, дәрумен тапшылығын сезінбейді екен. Осы мезгілде сарымсақтың да пайдасы зор. Оның құрамында В1 тобының дәрумендері мен С, Д дәрумені, йод, май, тағы да басқа заттар көп. Мұның барлығы, дәрігерлердің айтуынша, иммунитетті көтеріп, сергек жүруге пайдасын тигізеді екен.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц