10 июля 2019 | 17:35

"Сіз робот емессіз". Өтпелі кезеңде жасөспірімнің ата-анасы нені ескеруі қажет

© pixabay.com

Өтпелі кезең - бұл күрделі психологиялық кезең. Бұл уақытта жеткіншектердің айналасына деген қарым-қатынасы өзгереді, биологиялық жағынан да үлкен өзгерістерге ұшырайды. Алайда бұл кезеңнен кез келген отбасы жеңіл өте қоймайды. Не себептен кейбір жасөспірімдерде өтпелі кезең жеңіл, ал ендігі біреулерінде қиын өтеді? Балалардың өтпелі кезеңі аралығында ата-ана өзін қалай ұстауы керек? Tengrinews.kz тілшісінің бұл сұрақтарына психолог маман Жанат Смирнова жауап берді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Өтпелі кезең - бұл күрделі психологиялық кезең. Бұл уақытта жеткіншектердің айналасына деген қарым-қатынасы өзгереді, биологиялық жағынан да үлкен өзгерістерге ұшырайды. Алайда бұл кезеңнен кез келген отбасы жеңіл өте қоймайды. Не себептен кейбір жасөспірімдерде өтпелі кезең жеңіл, ал ендігі біреулерінде қиын өтеді? Балалардың өтпелі кезеңі аралығында ата-ана өзін қалай ұстауы керек? Tengrinews.kz тілшісінің бұл сұрақтарына психолог маман Жанат Смирнова жауап берді.

Маманның айтуынша, шынымен де өтпелі кезең жасөспірімдер арасында әртүрлі деңгейде болады.

Реклама
Реклама

"Кейбіреуі өте күрделі, ал кейбіреуі жеңіл өтеді. Біріншіден, ол жеткіншекте қалыптасқан темпераментке байланысты. Екіншіден, тәрбиеге байланысты. Егер де үйде жеткіншектің ата-анасы қатал, әрі өз эмоциясын қадағалай алатын жағдайда болып тәрбиеленсе, өтпелі кезең жеңіл болады. Бірақ бұл қате. Себебі кейіннен жасөспірімнің мінез-құлқында бір кезде үлкен "бунт" шығуы мүмкін. Осындай жағдайлардан кейін жеткіншектің айналасындағы құбылыстарды қабылдауы қиындай түседі. Егер де өтпелі кезең қызу, күрделі, әртүрлі эмоцияларға толы өтсе, ол қалыпты болып саналады. Өтпелі кезең байсалды, тыныш өтетін болса, демек жеткіншек ойындағысының бәрін іште сақтайды деген сөз. Ал мұндай жағдайлар баланың денсаулығына психосоматикалық аурулар түрінде әсер етуі мүмкін", - дейді маман. 


© pexels.com

Психологтың айтуынша, жасөспірімдердің ішімдік пен есірткіге әуес болуы көбіне өткінші кезеңде болатын үрдіс. Бірақ ол араласатын ортасына байланысты емес.

"Әрине, жасөспірімдер қарым-қатынас орнатып, достарымен араласқанды ұнатады. Замандастарымен жиі араласып тұруы негізгі коммуникативтік дағдының дамуына әсер етеді. Жасөспірімдердің зиян әрекеттерге құмар болуы неліктен дәл осы кезеңде дамиды? Бұл кезеңде зиян нәрселерге құмар болуы жасөспірімге байланысты емес. Басты себеп -  ата-ана. Бұл нені білдіреді? Негізінен бала 1 жасына дейін ата-анасымен жақсы қарым-қатынаста, яғни коммуникация жоғары деңгейде болуы тиіс. Бұл міндетті шарт. Яғни, баламен бетпе-бет араласып, оның эмоциясына, шығарған дыбыстарына назар аударып, сөйлесіп, жақсы байланыс орнату керек деген сөз. Осылайша баланың 3 жасына дейін жалғасуы қажет. Кейіннен ата-ана баланы қоғамдық өмірге араластыра бастайды. Яғни балабақша, мектеп, одан кейін өтпелі кезең басталады. Егер осы барлық аталған кезең бірқалыпты өтетін болса, өтпелі кезеңде тіпті оған ішімдік, есірткі ұсынатын болса, ол одан бас тартады. Себебі балада ішкі негіз, өзек қалыптасқан", - дейді Смирнова. 

Қыз бала мен ұл баланың өтпелі кезеңді бастан кешіруінде айырмашылық бар. Бірақ ортақ дүниелер де бар. Мысалы, олардың әрқайсында дағдарыс болады, дене бітімі, қарым-қатынастары өзгереді, ұл балаларда дауыс өзгеріске ұшырайды. Алайда, ұл балалар көбіне есейгенін мақтаныш санаса, қыз балаларда ұялшақтық қасиеті басым болады. Сондықтан осы кезеңде қыз баланың қалыптасуына анасының атқаратын рөлі зор. 


© pexels.com

"Жасөспірімдерде өтпелі кезеңде қандай мінез пайда болса, болашақта cол мінез қалыптасып қалады" деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Жасөспірімнің алдында өзін қалыптастыруға арналған арнайы кезең болады. Өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі қалыптастыру кезеңі басталады. Бұл өте маңызды кезеңдердің бірі, себебі өтпелі кезеңде қалыптасқан мінез-құлықты өзгертуге болады. Осы кезеңнен кейін мінез жұмсара түседі", - дейді маман.

Өтпелі кезеңде психологтың көмегіне жүгінген қаншалықты дұрыс? Маманның пікірінше, психологтың көмегіне жүгіну өте маңызды. Әсіресе, жеткіншек ішкі ойын бөліспей, бәрін іште сақтап, тұйық болса. Балаларды мұндай кезеңде жеке қалдырмау керек. 

Балалардың өтпелі кезең аралығында ата-анаға құлаққағыс кеңестер:

- Ең алдымен, әрине, ол сабыр;

- Жеткіншек балаңыз - сіздің сүйікті балаңыз екенін есте сақтаңыз. Бұл да бір ата-анаға арналған сынақ секілді. Балаңызды қандай болса, солай қабылдап үйреніңіз;

- Егер де жеткіншекте болып жатқан өзгерістерді өз күшіңізбен оңтайландыруға шамаңыз жетпесе, міндетті түрде мамандардың көмегіне жүгініңіз. Сіз робот емессіз. Өзіңізге де уақыт бөліп, пайдалы кітаптар оқыңыз;

- Жеткіншек баламен жиі сөйлесіп, өзіңіздің де өтпелі кезеңіңізді еске алып отырған жөн. Балаңызға ашық әрі шынайы түрде өзіңіздің өтпелі кезеңде қандай болғаныңыз жайлы айтып беріңіз. Қандай қиындықтарға кезігіп, жасаған кемшіліктеріңізді де баяндап беріңіз. Себебі, балаңыз жалғыз емес екендігін түсіну қажет. 

Автор: Сымбат Сатыбалдина


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная