Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
19 февраля 2020 09:19

"Димашқа музыка жазғым келеді". 11 жасында 50-ден аса туынды жазған композитор

Даурен Ерболат Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

Нұрислам Доспай Нұрислам Доспай

Қазақстандағы ең жас композитор - Нұрислам Доспай. Ол 8 жасынан бастап, ән жазады. Оның "Балалық шақтың ғажайып ноталары" атты жинағы бар. Оған 31 туынды еніпті. Қазіргі таңда Нұрислам халықаралық байқауларға қатысып, бағын сынап жүр. Осы орайда ең жас композитор музыканы қалай жазатынын, танымал әнші Димаш Құдайбергенмен қалай кездескенін, нені армандайтынын Тengrinews.kz тілшісіне берген сұқбатында айтты.


Қазақстандағы ең жас композитор - Нұрислам Доспай. Ол 8 жасынан бастап, ән жазады. Оның "Балалық шақтың ғажайып ноталары" атты жинағы бар. Оған 31 туынды еніпті. Қазіргі таңда Нұрислам халықаралық байқауларға қатысып, бағын сынап жүр. Осы орайда ең жас композитор музыканы қалай жазатынын, танымал әнші Димаш Құдайбергенмен қалай кездескенін, нені армандайтынын Тengrinews.kz тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Алдымен Нұрислам қазақ ұлттық өнер мектебіне қалай түскеніне тоқталды. Осыған дейін ол астанадағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде білім алыпты.

"Музыкалық мектепке түсу үшін сольфеджио, фортепионадан қосымша сабақ алдым. Жарты жыл дайындалдым. Қазақ ұлттық өнер мектебінің үшінші сыныбына қабылданғанымды естігенде қатты қуандым. Қазір алтыншы сыныпта оқимын. Труба, флейта, фортепиано сынды музыкалық аспаптарда ойнаймын", - дейді ол.

 "Музыка жазу бір ай уақыт алады"

Жас композитордың анасы Шынар Шокпанова осы уақытқа дейін ұлының 50-ден астам музыкалық шығарма жазғанын жеткізді. Нұрисламның "Балалық шақтың ғажайып ноталары" атты жинағы бар. Оған 31 туынды еніпті. Алайда ол алдағы уақытта жаңа альбом шығаруды жоспарлап отыр.

"Екінші альбомымды Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арнағалы отырмын. Бұл жинақты ақпан айының соңында шығаруымыз мүмкін. Оған "Ауыл - алтын бесігім", "Наурызым", "Мектебім" және тағы басқа музыкалар енеді. Музыкалық шығарманы жазу бір ай уақыт алады. Бұл - өте қиын. Кейін әуенді мұғаліммен бірге өңдеймін", - дейді Нұрислам Доспай.

 "Түсімде әуендерді естимін"

 Осы орайда ол музыкалық шығарманы қалай жазатынын түсіндіруге тырысты.

 "Түсімде әуендерді естимін. Оларды есімде сақтап қалуға тырысамын. Ояна салысымен қолыма қарындаш пен блокнотты алып, ноталарды қағазға түсіремін. Фортепионада ойнаймын. Осылайша, әуенді дамытамын. Кейін жазғанымды ұстазым Дмитрий Валерьевичке көрсетіп, ақыл-кеңес аламын", - дейді 11 жастағы композитор.

"Ең алғашқы туынды"

Нұрислам Доспай ең алғашқы туындысы "Екі көңіл-күй" деп аталатынын жеткізді. Мұнда жас композитор адамның құбылмалы көңіл-күйін музыка арқылы жеткізгісі келіпті.

"Туынды екі бөлімнен тұрады. Мен адамның қуанған сәттегі және қайғы-мұңға батқан сәтін нотаға түсіруге тарыстым. Маған ұстазым Марианна Александровна көмектесті", - дейді ол.

Қазіргі таңда Нұрислам түрлі халықаралық байқауларға қатысып, бағын сынап жүр. Өткен жылы ол халықаралық "Самал" байқауында бас жүлдені жеңіп алыпты. Бұл конкурсқа Германия, Ресей және тағы басқа елдерден 9-14 жас аралығындағы дарынды өнерпаздар қатысқан. Сондай-ақ жас композитор 2019 жылы Jas Orken республикалық балалар сыйлығының гран-при иегері атанған. Ол бұл жетістігімен шектеліп қалмақ емес.

"Құдай қаласа, осы жылдың наурыз айында Римде өтетін конкурсқа қатысамын. Бұл - маңызды конкурстардың бірі. Мұнда пианино және трубада ойнап, бағымды сынаймын", - дейді жас өнерпаз.

"Демалуға уақыт жоқ"

Сұқбат барысында Нұрислам Доспай таңертең кешке дейін мектепте болатынын тілге тиек етті. Ол таңертең музыкалық білімін шыңдаса, ал түстен кейін сабаққа барады.

"Демалуға уақыт жоқ. Уақытымды алдын ала жоспарлап қоямын. Сабақ күндері кешкі 10-нан таңғы 7-ге дейін ұйықтаймын. Ал сенбі күні сольфеджиодан қосымша сабаққа барамын", - дейді ол.

"Димашқа музыка жазғым келеді"

Сондай-ақ жас композитор танымал әнші Димаш Құдайбергенмен екі рет кездескенін, оған музыка жазып беруді армандайтынын атап өтті.

"Димаш Құдайбергеннің ән айту мәнері маған қатты ұнайды. Ол - Қазақстандағы мықты әртістердің бірі. Димаш - мейірімді, қарапайым. Мен үлкейген кезде оған музыка жазып беруді армандаймын. Сондықтан тәжірибемді одан әрі шыңдай түскім келеді", - дейді Нұрислам Доспай.

Осы орайда оның сөзін анасы Шынар Шокпанова толықтырды.

"Алдағы уақытта біз шетелдік конкурстарға қатысуды жоспарлап отырмыз. Ресей, Австрия, АҚШ және Қытайда өнер көрсетуіміз мүмкін. Нұрисламның бағын шетелде сынап көргіміз келеді", - деді ол ағынан жарылып.

"Баламды тойға шығармаймын"

Сонымен қатар Шынар Шокпанова баласын тойға шығармайтынын атап өтті.

"Музыкалық білім керек. Мен Нұрсисламды тойға шығармаймын. Ол бұл уақытын білім алуға жұмсасын. Қосымша сабақ алудың өзі ақшаға келіп тіреледі. Соған қарамастан, екі жерде жұмыс істеп, баламның болашағы үшін еңбектеніп жүрмін. Мен ғана емес, оған отбасымның барлық мүшесі көмектесіп жатыр. Біз Нұрисламның сапалы музыкалық білім алғанын қалаймыз", - деп түйіндеді сөзін ана.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.78   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети