Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
22 октября 2018 16:01

"Жар-жар", "Желтоқсан желі", "Бозторғай": Абдрахман Асылбектің әйгілі әндері

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Хабар 24 © Хабар 24

Өткен жұмада қайтыс болған ақын Абдрахман Асылбек сөзін жазған талай тағдырлы ән халық жадында. Ол сөзін жазған әндердің қатарында үйлену тойының символына айналған ең атақты туындысы "Жар-жар", Желтоқсан оқиғасына байланысты шер толқытқан "Желтоқсан желі", Мейрамбек Бесбаевты танытқан "Бозторғай" туындылары бар. Ақынның шығармашылығы мен өмірі жайлы Tengrinews.kz материалында. 


Өткен жұмада қайтыс болған ақын Абдрахман Асылбек сөзін жазған талай тағдырлы ән халық жадында. Ол сөзін жазған әндердің қатарында үйлену тойының символына айналған ең атақты туындысы "Жар-жар", Желтоқсан оқиғасына байланысты шер толқытқан "Желтоқсан желі", Мейрамбек Бесбаевты танытқан "Бозторғай" туындылары бар. Ақынның шығармашылығы мен өмірі жайлы Tengrinews.kz материалында. 

Абдрахман Асылбек - 1938 жылы 1 мамырда Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген. Ақын ҚазПИ-дің (Қазіргі ҚазҰПУ - Авт.) тарих-филология факультетін бітіргеннен кейін мектепте мұғалім болған.

Ақынның еңбек жолы

Абдрахман Асылбек аспирантурада оқып, облыстық газетте, республикалық Қазақ радиосында, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде қызмет еткен. Сонымен қатар, "Жазушы", "Жалын" баспаларында жұмыс істеген.

Абдрахман Асылбек кей жылдары Қазақстан жазушылар одағындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында, Қазақстан жазушылар одағының Жамбыл облыстық бөлімшесінде республикалық "Әділет" газетінде, "Мәдениет", "Заң", "Көзқарас" газеттерінде қызмет еткен.

Ол "Заңгер" журналында бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының "Құқықтық Қазақстан" газетінің Бас редакторы, кейін осы газетте бас редактордың орынбасары болды.


© archive.president.kz

Ақын шығармашылығы

1955 жылы Абдрахман Асылбектің "Бейбітшілік бақшасы", "Жауды аяған жаралы" сияқты тырнақалды шығармалары басылған. Балаларға арналған алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылы жарық көрген. Содан бергі уақытта 31 жыр кітабын шығарды. Лирика, ән мәтіндерін жазып, сатира және аударма жанрларымен де айналысты. Көптеген байқаудың жеңімпазы, жүлдегер.

Ақынның мынадай шығармалары бар: "Жапырақтар", "Балам туралы баллада", "Көкорай көктем", "Түрлі-түрлі бала бар", "Туысыңды таптық ба?", "Светофор сыры", "Алтын арай", "Байқа, балақай", "Ақ тілек", "Балбұлақ" атты өлеңдері, "Қиял қиясында", "Алтын дән", "Алатау аясында", "Ғажап бала", "Ерден атайдың ертегілері", "Бәйшешектер", "Сый қырлы сыбызғы" ертегі мен аңыздары бар. Сонымен қатар, бірқатар мысал мен өмірдеректер жазған ақынның "Әлемге үні тараған", "Достық балладасы" мен "Ақ моншақты аруым", "Айдай сұлу аруым", "Әнші бала" және "Сүйеді әкем" атты әндері.

Сонымен қатар, ақын әуені Желтоқсан көтерілісінің екінші күні жазылған "Желтоқсан желі" әнінің өлеңін жазған. Ол "Жас өркен" басылымына берген сұхбатында бұл әннің шығу тарихы туралы айтып берді.

"Ән әуені Желтоқсан көтерілісінің екінші күні жазылыпты. Авторы - Әбиірбек Тінәлі. Ол кезде өзі Жамбылда (Таразда) тұратын. Алматыдағы жағдайды естіп, жай отыра алмаған ғой. Әуенін жазған бойда мені іздеп келді. Қасында Әлібек деген жолдасы бар. "Өлеңін жазыңыз, аға" деп. Содан бір-екі күндей толғандым. Абайдың "Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай" өлеңі ойға оралды. Қыстың басындағы ызғар, нала суреттеледі емес пе мұнда да? 86-ның желтоқсаны тіпті ызғарлырақ еді. Мазмұнын осы өлеңге орайластырдым. Сосын өлең формасын Абайдың "Бойы бұлғаң  өлеңінің ырғағына салдым. Осы ырғақ арқылы ашу-ызаны бермек болдым. Желтоқсан көтерілісін көзбен көрген жандармыз ғой. Бірақ, тура сөзбен бермей, астарлап жаздым", - деген ақын.

Сондай-ақ, ақын үйлену тойларының символына айналған "Жар-жар" әнінің сөзін жазған. Massaget.kz порталының мәліметінше, әннің шығуына ақынның достары себепші болған. Абдрахман Асылбек достарымен бірге арман қуып, Алматыға оқуға келеді. Қаладағы Қазақ педагогикалық институтының, тарих-филология факультетінде оқып жүрген кезде жерлесі Берден Байқошқаров (Ауылшаруашылық институтының студенті) отау құрғалы жатқанын айтып, оған тойға шақыру қағазын беріп кетеді. Той қарсаңында бір ауылдан түлеп ұшқан достар бас қосып, тойға тартатын сый-кәде туралы ақылдасады. Танымал "Жар-жар" әнінің сөзін жаңаша жазып, тойда шырқау туралы ой келеді. Ақынның қаламға жақындығы бар екенін білетін достары оған "әнге жаңадан сөз жаз" деп қолқа салады. Бұл 1959 жылдың күз мезгілінде болған еді.

Ән сөзі түнде жазылып, келесі күні баспа машинкасында 9 дана болып терілген. Той басталмас бұрын достар 15 минут дайындық жасаған. Алматыдағы "Саяхат" автобекетінің маңындағы "Жастар" мейрамханасында өткен үйлену тойында жас жұбайларды дәстүрлі "Жар-жар" жаңа нұсқада шырқалған. Ән мәтіні жазылған парақтар ел арасында таралып кетті. Бір аптадан кейін ақын тағы бір досының үйлену тойына барғанда, күні кеше шырқалған "Жар-жар" әнінің жаңа нұсқасының айтылып жатқанына куә болады. Ел арасында кеңінен таралған ән осылайша талай екі жастың қуанышында шырқала бастады.

Бірі білсе, бірі біле бермейді, Абдрахман Асылбек әнші Мейрамбек Бесбаевтың орындауындағы "Бозторғай" әнінің де сөзін жазған.

Әннің тарихына келер болсақ, мәтін 1989 жылы "Қара бала" деген атпен қағазға түскен. Кейін Алтынбек Қоразбаев оны "Бозторғай" деп өзгертіпті. Бұл ән алғаш рет ақын Мұқағали Мақатаевтың ауылы Қарасазда шырқалған және ел арасында кеңінен танылып, орындаушысы Мейрамбек Беспаев халықтың көзайымына айналыпты.

Ел аузында "Мейрамбек балалар үйінің тәрбиеленушісі", "ата-анасы тастап кеткен", "ол - жетім бала" деген қауесеттер таралады. Алайда, бұл сөздердің еш шындығы жоқ екенін аңғарған жұртшылық Мейрамбектің орындау шеберлігіне тәнті болған. Жетімнің ауыр тағдырын әнге салған Мейрамбектің шырылдаған дауысы әлі күнге дейін ел есінде. 1991 жылы Өзбекәлі Жәнібеков республикалық термешілер байқауын ұйымдастырады. Республика сарайында үш күнге созылған байқауда Мейрамбек Бесбаев "Бозторғай" әнін орындайды. Ол көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, әнші үш күн қатарынан "Бозторғай" әнін шырқаған.

"Бозторғай" - өз әншісін тауып, әлеуметтік міндетін атқарған ән. Осы әнді естіген бойда, жетімдер үйіне белгісіз себептермен тасталатын балалардың саны азайған деседі. Кезінде балаларын тастап кеткен ата-аналар да ақылға тоқтап, балаларын қайта алып кеткен.

Ақын жалпы саны 300-ге жуық әнге сөз жазған екен. Олардың көпшілігін белгілі әншілер халық алдында орындап жүр. 

Ақынды таныған адамдардың айтуынша, Абдрахман Асылбек өте қарапайым болған. Бұл туралы журналист Жазира Бегалы Facebook парақшасында жазды.

Qamshy.kz порталының мәліметінше, ақын өмірінің соңғы жылдарында кітап жазумен айналысқан. Биыл қыркүйектің ортасында соңғы жазған кітабы басылып шыққан.

Сол кітапта ақын сөзбасын былай бастайды:

Бисмиллаһир-рахманир-рахим!

Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын.

Менің бұл мәселені қолға алуыма түрткі болған нәрсе - Құран Кәрімнің әсем әуезі мен құлаққа қонымды һәм жүрекке жағымды қырағаты еді. Құран сүрелері араб тілінде оқылса да, сай-сүйекті сырқыратып, өне бойды шымырлатып, ерекше бір сергек сезімге бөлейтіні анық. Дегенмен, Құран аяттары төл тіліміздегі аудармалардан оқылғанда дәл араб тіліндегідей әсер ете қоймайтындығы жасырын емес. Бәлкім, Алла Тағаланың тылсымнан тарту еткен аянының да әсері шығар "Неге Құран аяттарын тіліміздегі ойлы орамдармен, мәнерлі мақамдар, әсем әуез, үйлесімді үнмен оқылатындай өлең түрінде жазып шықпасқа?!" деген пікір орала кетті. Ақырында, осындай еңбекке қажыр-қайрат жұмсауды жауапкершілігім деп санадым да, Алланың сәтін салуымен "бисмиллә" деп бастап кеттім. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) араб қауымы пайғамбар ретінде мойындамай қасарысып тұрған шақта Құранның әуезді аяттары бас игізіп, дін қабылдауларына себеп болған еді. Демек, дінімізде негізі бар осындай жақсы дәстүр төл тілімізде жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болмақ.

Жалпы әлемнің өзі бір ырғаққа негізделіп, белгілі бір әуездің бесігінде тербеліп, есебі дәл Құдіреттің қалауымен қозғалатындығы белгілі. Алла Тағаланың жаратылыс аяттарының мұндай ырғағы болғанда, неліктен Құранындағы аяттардың ырғағы болмасын?! Сондықтан, Құран Кәрім аяттары қазақ тілінде де ырғағымен жүректерге жете берсе екен деген ізгі ниетпен осы істі қолға алып отырмыз.

Жауапты да сауапты істі атқару барысында жіберген қателіктерімді кешіруін Алладан жалбарына сұрап, мұсылман қауымынан кемшіліктерім үшін айып етпеулерін өтінемін.

Осы еңбектің қазақ халқына жол тартуына жәрдем берген жақындарым мен жанашырларыма қос дүниенің игілігін тілеп, бұл еңбектің сауабы ортақ болса екен деп жалбарына сұраймын.

Демеймін хақ Құраннан қиғаш кеттім,

Кей сөзді ырғақ үшін ұйқас еттім".

Еске сала кетейік, Абдрахман Асылбек 19 қазанда қайтыс болды. 20 қазан сағат 10.00-де Қазақстан Жазушылар одағында марқұммен қоштасу рәсімі өтті. Ақынның екі ұл және екі қызы, төрт немересі мен бір шөбересі бар.


Марқұммен қоштасу рәсімі

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.73   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети