02 октября 2018 13:32

"Құрманғазының өмірі тылсым дүниеге толы" - Күйші Едіге Нәбиев

Тарих көшінде үнемі жетіліп, дамып отырған, атадан балаға мұра болып қалған күй өнері қазақтың бүгінге дейін сақтап келген мұрасы. Ол кезінде халқымыздың сырласы да, мұңдасы да болған. Биыл күй атасы, ХІХ ғасырдың басындағы халық жанашыры, бостандық пен еркіндікті аңсаған, күйі халыққа рух берген дарындардың бірі Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толды. Мерейтой барысында оның күйлері Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де ойналып, дәріптеліп жатыр. Алайда бұл өнерімізді ұмыттырмай, бүгінгі ұрпаққа жеткізуші күйшілеріміздің жағдайы қандай? Құрманғазы күйлері заман көшінде қаншалықты өзгерді? Дарынның туған жылы мен жеріне байланысты мәселенің мәні қандай? Бұл сұрақтарға күйші, домбыра жасаушы шебер Едіге Нәбиев жауап берді.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Тарих көшінде үнемі жетіліп, дамып отырған, атадан балаға мұра болып қалған күй өнері қазақтың бүгінге дейін сақтап келген мұрасы. Ол кезінде халқымыздың сырласы да, мұңдасы да болған. Биыл күй атасы, ХІХ ғасырдың басындағы халық жанашыры, бостандық пен еркіндікті аңсаған, күйі халыққа рух берген дарындардың бірі Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толды. Мерейтой барысында оның күйлері Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де ойналып, дәріптеліп жатыр. Алайда бұл өнерімізді ұмыттырмай, бүгінгі ұрпаққа жеткізуші күйшілеріміздің жағдайы қандай? Құрманғазы күйлері заман көшінде қаншалықты өзгерді? Дарынның туған жылы мен жеріне байланысты мәселенің мәні қандай? Бұл сұрақтарға күйші, домбыра жасаушы шебер Едіге Нәбиев жауап берді.


Едіге Нәбиев. © Жеке мұрағаттан

Реклама
Реклама

ЮНЕСКО шешімі бойынша домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енді. Себебі ұлттық аспабымыздың көмейінен төгілген күй - тарихтан сыр шертетін бірден-бір құрал іспеттес. Едіге Нәбиевтің айтуынша, Құрманғазыдай тұлғаның туған күнін бес жыл атап өтсек те тұрарлық. Туған жеріне қатысты да дау тудырудың қажеті жоқ. Себебі ол бүкіл қазақтың Құрманғазысы. 

"Құрманғазы теңдесі жоқ, дарынды күйші. Ол бүкіл қазақтың Құрманғазысы. Нарын құмында туып-өскен. Жеделқұм, Батыс Қазақстан облысы мен Атырау облысына ортақ құм. Осы жерде қаншама тарих жатыр. Мұнда Құрманғазы, Дина өнерін асқақтатқан, Исатай мен Махамбет көтерілісі болған Тастөбе де бар. Құрманғазының туған, қайтыс болған жылдары да зерттеген ғалымдардың деректерінде әртүрлі. Бірақ өзінің шәкірті Ыбыр Досалиев пен ұлы Құлаш өз қолымен Құрекеңді жерлеген. Сонда Ыбыр Досалиев 19 жаста едім дейді. Ал Құрекең 73 жасында қайтыс болса, ол 1823-1896 жылдар аралығында өмір сүрген болып шығады. Биыл ЮНЕСКО шешімімен Құрманғазының 200 жылдығы тойланып жатыр. Оның туған күнін екі рет тойласақ та, биылдан бастап 2023-ке дейін бес жыл тойласақ та айырмашылық жоқ. Себебі ол қазаққа құдай берген қайталанбас тұлға, дарын. Құрекеңді Атыраудыкі немесе Оралдыкі деп те айтуға келмейді. Ең бастысы ол өз жерімізде туған. Ол біздің ортақ Құрманғазы. Мұндай адамдар мың жылда бір келеді", - дейді Құрманғазы күйлерін дәріптеуші.


Едіге Нәбиев. © Жеке мұрағаттан

Құрманғазының өмірі тылсым дүниеге толы дейді күйші.

"Неге десеңіз, ол кісі түрмеге неше рет кіріп, неше рет шыққан. Ең соңында жайбарақат өмір сүріп, тұрған жерінде қайтыс болған. Сол жерде балаларды тәрбиелеп, атқа шабуды, күресуді, домбыра тартуды үйреткен. Ал топырақ бұйырған орны - "Құрманғазы төбесі" аталған, бұрынғы "Шайтани батага", Ресейдің Астрахань облысындағы жер", - дейді ол.

Домбыра - ұлттық дәстүрімізді жаңғыртады. Алайда Құрекеңнің күйлерін орындауда қазір көп өзгеріс бар, әсіресе ырғақ, жылдамдық, тіпті ұят дейді Құрманғазы күйлерін дәріптеуші.

"Құрманғазының көпшілік білмейтін күйлері жоқ десем, қателеспеспін. Себебі кезінде оларды көзі көрген шәкірттері түгелге дерлік жазып алған. Аxмет Жұбанов, Исатай Кенжалиев, Жолдановтар секілді ағаларымыз бұл дарынның, оның күйлерін егжей-тегжейлі зерттеген. 3-4 ұрпақ ауысты. Қазір Құрманғазының күйін таптым деп жаңалық шығарғысы келетіндердің бары өкінішті. Жазған ноталары, орындауы Құрманғазының стиліне жат секілді, тіпті жанаспайды. Оның бір күйіне қатысты осындай оқиға болған. Шала домбырашы күйді таптым деп, нотасын жазып, газет бетіне де шығарған. Алайда оның бәрі атақ үшін деп ойлаймын, өздері өңдеп алған секілді. Себебі Құрекеңде қара қағыс, ал мұнда бұрама қағыстар, бас-аяғы жоқ", - дейді ол. 


Едіге Нәбиев. © Жеке мұрағаттан

"Құрекеңнің күйлері, сөзсіз, қазіргі қазақ музыкасының дамуына зор үлесін қосты. Бір концертте "Төремұрат" күйін шуылдатып тартып жатыр, қасымда отырған үлкен кісі аттың шабысы естіледі дейді. Аға дедім, ат мынандай жылдамдықпен шабуы үшін үлкендігі тышқандай болуы керек, ал үстіндегі адам - шынашақтай. Иә, иә, қайда барамыз деп ол кісі де күрсініп қойды. Міне, күйлердің өзгеріске ұшырағанын осы мысалдан-ақ білуге болады. Ырғақ 2-3 есе жылдам болып кеткен. Фонограммамен тарту шықты, бұл заманына ілесемін деп күйдің нақышын бұзу. Оған қоса концерттерде жеке күй тарту деген қалды. Бұл да сол күйді құрту", - дейді ол.

Күйшінің айтуынша, момын, сабырлы xалықта мұндай жылдамдық болған жоқ.

"Момын, жайбарақат, қонақжай, сабырлы халықпыз ғой. Қазақтың өмірінде мұндай жылдамдық болған жоқ. Осының бәрі заманның әсері (...). Қазір Құрманғазы, Дәулеткерейдей күй шығаратындар жоқтың қасы. Қиын замандарда шетел асып кеткен аталарымыздың күйлерін меншіктеп алып, түрлендіріп күй шығардым деп жүргендер де кездеседі. Сол күйлерді халық күйі деп тартса өте жақсы болар еді", - дейді күйші. 

"Құрекеңнің көзін көрген шәкірттерінен кейін күйшілер деп Қали атамызды, Рүстембек, Рысбай, Сержан, Қаршыға ағаларымызды, Тұяқты, Шәміл Әбілтаевты атай аламыз. Мықты күйшілер еді. Ал қазіргі оқыған күйшілер, бір інішегім айтқандай "инкубатордың балапандары секілді", бірі-бірінікін тартқан", - дейді Нәбиев. 

"Жастарымыздың болашағына алаңдаймын. Қазақтың жазушы классиктерін оқып, дәстүрлі ән, күйлерімізді тыңдап, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді үйренсе деймін. Болашағымыз бұлыңғыр болмасын десек, қазірден бастап ұлттық мәдениетімізді айқындаған абзал", - деді қария.

Әңгімелескен Камила Долаева

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram