ПОДЕЛИТЬСЯ
04 сентября 2019 | 17:19
"Заманың түлкі болса, тазы болып шал" - Қыдырәлі Болманов жаңа қызметі жайлы
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың кеңесшісі болып танымал қазақтандық әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов тағайындалған болатын. Ол Tengrinews.kz тілшісіне жаңа қызметі жайлы айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың кеңесшісі болып танымал қазақтандық әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов тағайындалған болатын. Ол Tengrinews.kz тілшісіне жаңа қызметі жайлы айтып берді.
Қыдырәлі Болмановтың айтуынша, оның бұл қызметке кірісіп кеткеніне бір аптадай болыпты. Ал оны бұл қызметке шақырған қазіргі мәдениет және спорт министрінің өзі екен.
"Ақтоты Рахметоллақызын мықты композитор, кәсіби маман ретінде бұрыннан танимын. Ол кісі мадениет саласында тәжірибем мол екенін айтып, үлкен сенім білдіріп, кеңесшісі болуымды ұсынған еді. Елге қызмет етіп жүрген адамдармыз ғой, сондықтан қолымнан келгенше еңбек етіп, жақсылығымды тигізейін деген ниетпен келістім", - дейді Болманов.
Танымал продюсер қандай бағытта жұмыс атқаратынын бөлісті.
"Заманың түлкі болса, тазы болып шал" дейді емес пе, сол сияқты кезінде адамдар теледидар көп қарайтын, ал қазір әлеуметтік желінің танымалдығы артып барады. Заманына байланысты технологиялар да дамып жатыр, күнделікті өзгерістер болады. Біз де сол заманға ілесіп жұмыс атқарамыз", - деді әнші.
Министр кеңесшісі жақын арада атқаратын жұмысы жайлы айтты.
"Ертең министрдің тапсырмасымен Түркістанға ұшып барамыз. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ондағы жөндеу жұмыстары, реставрацияға байланысты үлкен ғылыми кеңес болады. Сол жағынан жиналыс өткізіп, басы-қасында болып, құрылыс компанияларымен бірге мәселелерді талқылап, реттеу үшін жұмыс істеу ойымызда бар", - деді ол.
Болманов жаңа қызметінде Қазақстан туризмін дамыту үшін еңбек ететінін айтты.
"Мұның алдында Алматыда 5-6 жыл мәдениет саласында басқармада жұмыс істедім, кейін астанада екі жылдай қызмет атқардым. Елорданың он жылдығын өткіздік. Бұл салаға тек өнер емес, бұрынғыдан қалған қасиетті жерлеріміз, ескерткіштер де жатады", - дейді ол.
Еске салсақ, бүгін әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың кеңесшісі болып тағайындалғаны хабарланған болатын.
Айта кетейік, Қыдырәлі Болманов "Құрмет" орденінің иегері, сондай-ақ музыка саласына этнотехнологияларды енгізгені үшін Англия ханшайымы Викторияның эксклюзив алтын орденімен марапатталған, бұдан бөлек ол Ингушетия Республикасының Халық әртісі. Сонымен қатар, Қыдырәлі Болмановқа этнопсихология және этнопедагогика бойынша психология ғылымдарының кандидаты, профессоры, халықаралық pHd докторы дәрежесі берілген.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также