“Интим фото сұрап, дубинкамен қорқытқан“: Қазақстан мектептеріндегі буллинг хикаялары

Айжан Калиева Корреспондент
Фото:depositphotos.com

Жаңа оқу жылы басталған 15 күннің ішінде Жамбы облысында үш оқушы қатарластарының қолынан қаза тапты. Таразда – 9-сынып оқушысы төбелес кезінде көз жұмды, Шу ауданында – футбол ойынында туған жанжалдан 10-сынып оқушысы қайтыс болды. Ал 1 қыркүйекте колледжге енді түскен бозбала өз қатарласын пышақтап өлтірді. Бұл үш қайғылы оқиға – жай ғана статистика емес, қоғамда дабыл қағарлық жағдай.

Жаңа оқу жылы басталған 15 күннің ішінде Жамбы облысында үш оқушы қатарластарының қолынан қаза тапты. Таразда – 9-сынып оқушысы төбелес кезінде көз жұмды, Шу ауданында – футбол ойынында туған жанжалдан 10-сынып оқушысы қайтыс болды. Ал 1 қыркүйекте колледжге енді түскен бозбала өз қатарласын пышақтап өлтірді. Бұл үш қайғылы оқиға – жай ғана статистика емес, қоғамда дабыл қағарлық жағдай.

Tengrinews.kz тілшісі сыныптастары тарапынан буллинг көрген балалардың аналарымен сөйлесіп, олардың жанайқайын тыңдады.

Күдікті 14 жастағы оқушы

Реклама
Реклама

13 жасар павлодарлық оқушы қыз 7 ай бойы Telegram арқылы кибербуллингке ұшыраған. Қыз туралы бар мәліметті жинап, мессенджерге қорқыту хатын жазған белгісіз ер адам одан интимдік фотосуреттер талап еткен. Фотоларды алғаннан кейін ақша сұрай бастаған. Оқиғаны тілшімізге айтқан қыздың анасы қауіпсіздік мақсатында аты-жөндері мен мектеп нөмірін көрсетпеуімізді сұрады.

"Бір жыл бойы қызымның мінез-құлқындағы өзгерістерді байқап жүрдім. Телефонын қолыма алсам, даусы дірілдеп, оны тез қайтарып алуға тырысатын. Ақыры 30 тамыздан 1 қыркүйекке қараған түні әбден шаршаған қызым маған бәрін айтып берді. Қаңтар айында белгісіз адам қызымның нөмірін тауып, өзін "детокс тапсырыс орындаушысы" деп таныстырған. Интернеттен оның туған жылы, айы, күні, отбасы, қай мектепте оқитыны мен тұратын жеріне дейін барлық ақпаратты жинап алған екен. Кейін қызымды қорқытып: "Егер осы әрекеттерің үшін кешірім сұрап видео жібермесең, бұл мәліметтерді желіге таратамын" деген. Қызым: "Қай әрекетім үшін кешірім сұраймын?" дегенде, әлгі адам қызым мен отбасы туралы бар ақпаратты білетінін жазып эмоциялық қысым көрсеткен. Қызым қорқып, сұралған видеоны жіберуге мәжбүр болған", - деді оқушының анасы.

Қыз видео жіберген соң, отыз минутта жақын араласып жүрген сыныптас досы хабарласып: "Белгісіз чаттан сенің кешірім сұраған видеоңды көрдім, тағы не жағдайға тап болдың?" деп жазады. Оқушы қыз оны жақын танитындықтан болған жайтты айтып, көмек сұрайды. Ол көмектесетінін айтып, біраз уақыттан кейін жазып отырған адамның Андрей есімді танысы екенін, бәрін тоқтататынын жеткізген. Алайда екі айдан соң "Андрей" қайта пайда болып, басқа аккаунттан хабарласқан.

"Бұл жолы: "Кешірім сұраған видео қолымда, егер "интимді" фотоңды жібермесең, видеоны мектепке таратамын" деп қорқытқан. Қызым фотосын беруден бас тартқанда, "мектеп алдында күтіп алып бетіңе күкірт шашамыз, ата-анаңды өлтіреміз" деп тағы қорқытқан. Қызым қорыққаннан фотосын жіберген. Кейін ол фото сұрауды жиілетіп, тамыздың соңында ақша жіберуін талап еткен. Сұраған сомасы соншалық көп емес екен. Қызым маған жағдайды айтқанда, мен бірден оның ересек адам емес екенін түсіндім. 102-ге хабарласып полицияға арыздандық. Полиция телефон арқылы оның қайда орналасқанын анықтап, мектепте ұстады. Ол үш аккаунттан хабарлама жазып отырған. Қызымды құтқарып жүрген досы сол "Андрейдің" өзі болып шықты", - деді қыздың анасы.

Нәтижесінде қызды интернет арқылы қорқытып-үркітен өзінің "құтқарушы" танысы болып шыққан. Қазіргі таңда тергеу ісі аяқталып, іс сотқа жолданған.

"Қосымша салық" қойған

Екінші кейіпкеріміздің оқиғасы Петропавлдағы мектептердің бірінде орын алған. Оқушының анасы Маржан Тәжімұратовның сөзінше, ұлына жоғары сынып оқушылары қатыгездік көрсеткен.

"Балам бұл оқу орнына үлкен үмітпен барған. Алайда бірнеше апта бұрын ұлымның мінез-құлқындағы өзгерістерді байқадым. Бізбен видеоқоңырау арқылы жиі сөйлесетін, бірақ кенеттен байланысқа шықпай қойды. Үйге қайтқысы келетінін айтқан кезде күмәндандым", – деді Маржан.

Анасының айтуынша, ұлын жоғары сынып оқушылары ұрып-соғып, тамағын тартып алған. Одан бөлек тамақ үшін "қосымша салық" қойып, "Айтсаң жазалаймыз" деп қорқытқан.

Cкрин әлеуметтік желідегі парақшадан

Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында оқушының анасы буллинг бірінші күннен-ақ басталған дейді.

"Бірінші күннен-ақ қатты буллинг басталды. Қазір біз баламызды ол жерден алып кеттік. Бірақ ресми түрде әлі сол мектептің тізімінде тұр. Ол спортпен шұғылдануды жалғастырғысы келеді, бірақ мен, анасы ретінде, өміріне қауіп төніп тұрғанда ондай жағдайға қайта жібермеймін", – деді ол.

"Кінәлілер жазадан сытылып кетуі мүмкін"

17 қыркүйекте Маржан мектеп басшылығына ресми арыз жазып, ұлына қатысты буллинг пен физикалық зорлық деректерін көрсеткен. Сонымен қатар ол тергеу ісінің жария түрде жүргізілуін сұраған.

"Мектеп басшылығы менен жазбамды өшіруді сұрады. Бірақ бұл бір ғана менің ұлымның басынан өтіп жатқан жағдай емес екені белгілі. Жаңа оқу жылы басталғалы дәл осы себеппен бірнеше бала оқудан шығып кеткен. Мен басқа да жәбірленушілерді іздеп жүрмін. Маған кінәлілерді оқудан шығарамыз деп уәде етті, бірақ мен олардың қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын қалаймын. Себебі ұлымды кастетпен ұрып, дубинкамен қорқытқан. 13 жасар бала үшін бұл – үлкен стресс және суицидке итермелеу", – деді Маржан Тәжімұратова.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді.

"Аталған мектептегі оқушылар арасында төбелестер болғаны анықталды. Барлық қатысушылардан жауап алынды. Алайда буллинг пен қорқытып ақша алу деректері расталған жоқ. Тексеру жалғасуда",-делінген хабарламада.

Полиция мәліметінше, оқиғада "денсаулыққа жеңіл зиян келтірмейтін соққы" белгілері бар. Бірақ балалар 13 жаста болғандықтан, қылмыстық жауапкершілік жасына жетпеген.

Депутаттар не дейді

Аталған мәселені қалай шешуге болады, мектептердегі буллингтің себебі неде деген сауалды мәжіліс депутаттарынан сұрадық. Депутат Елнұр Бейсенбаев буллингті азайту үшін мектептерде смартфонға тыйым салу қажет дейді.

"Әлемдегі әлеуметтік зерттеулер бүгінгі балалардың смартфондардың салдарынан психологиялық тұрақтылығы мен әлеуметтік ахуалы қалыпты емес екенін дәлелдеп отыр. Сондықтан әлемнің дамыған елдерінде мектеп қабырғасында смартфонға шектеу қою трендке айналған. Өйткені бұл процесс балалардың үлгерімінің өсуіне, достық қарыс-қатынасының нығаюына едәуір әсер етеді", - деп пікір білдірді.

Жұлдыз Сүлейменова буллинг көрсеткен адамдар заң тұрғысынан жазалануы тиіс дейді.

"Егер біз мектептегі әлімжеттікті тоқтатпасақ, әскердегі, қоғамдағы мықтының әлсізге күш көрсетуін де жоя алмаймыз. Сондықтан буллингті арнайы бап ретінде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгіздік. Қазір ол бап бар, онда ата-ананың да жауапкершілігі қарастырылған. Балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін олардың іс-әрекетіне ата-анасы жауап береді. Ендігі жерде мұғалімдер сабақ барысында әлімжеттікке баратын балалармен жүйелі жұмыс жүргізуі шарт. Ол үшін 111 байланыс желісі бар, педагогикалық кеңес, әдістемелік кеңес, мектеп психологтарымен бірлесе әрекет ету қажет. Бір педагогтің көз жұмуы қандай салдарға соқтыратынын көріп отырмыз. Сондықтан бұл жерде мектеп пен ата-ананың жауапкершілігі тең болуы тиіс", - деді халық қалаулысы,

Айта кетейік, 2024 жылы жасөспірімдердің қатысуымен 1 973 қылмыс тіркелді, оның 130-ы аса ауыр саналады. Биылғы сегіз айдың өзінде 938 қылмыс жасалған. Қылмыс көрсеткіші әсіресе Шымкент (131), Алматы (115) және Астанада (92) қалаларында өршіп отыр.

Tengrinews
Вопрос от автора
news1
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Реклама
Реклама