Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
27 марта 2019 14:23

"Біздің өнерде балалық 10 жастан аяқталады". Халықаралық театр күні

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгін - Халықаралық театр күні. Кәсіби мереке театрда қызмет етіп жүрген барлық жұмысшының мерекесі. Осы күннің ұраны - Театр халықтар арасындағы татулық пен достықты нығайтуға атсалысады.


Бүгін - Халықаралық театр күні. Кәсіби мереке театрда қызмет етіп жүрген барлық жұмысшының мерекесі. Осы күннің ұраны - Театр халықтар арасындағы татулық пен достықты нығайтуға атсалысады.

Бұл атаулы күн ЮНЕСКО шешімімен 1961 жылы қабылданған. Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше Қазақстанда 68 театр бар. Театрлардың басым көпшілігі Алматы қаласында шоғырланған. Театр күніне орай Tengrinews.kz тілшісі Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық Опера және балет театрына барып, сахнаға шығып жүрген әртістермен сұхбаттасты. 

Бұл театр 1933 жылдан бастау алады. Ол жылы ғимарат музыкалық студия ретінде жұмыс істеді. Ал 1934 жылы театр алғаш рет шымылдығын түрді. Ең бірініші қойылым ретінде Мұхтар Әуезовтің "Айман-Шолпан" музыкалық комедиясы қойылады. Театрдың көрермендерге көзайым болып есігін ашқанына биыл 85 жыл толып отыр.  

Біз мейрамның қарсаңында балет әртістерінің дайындық жүргізіп жатқанын көрдік. Оған қоса, опера әншілерінің дайындық жүргізуі өз алдына бір қызық көрініс. Бір жағы репетиция жасап жатқан балет әртістері ал екінші жағынан опера әншілерінің әуезді ашық дауыстары ғимараттың әр бұрышына жетіп жатты. Би мен әуен бірге бір арнада тоғысып жатқандай.

Біздің тілшімізге театрдің балет әртістері театр жайлы және өздерінің күнделікті еңбектірін сипаттап берді. 

Әсет Мырзақұлов - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері. Жасы 32-де. Театрдан бөлек, ол училищеде сабақ өткізеді екен. Балет әртісі Алматы облысында дүниеге келген. Оның бұл сахналық өнер түріне ат басын тіреуіне балет училищесін бітірген анасының сіңлісі себепкер болған. Әсеттің айтуынша, 1997 жылы елімізде қиын-қыстау заман болған кезде анасы оны жақсы жұмысы болсын деп Алматы қаласындағы балет училещесіне берген. 

"Негізі училищені бітіргендердің барлығы балет сахнасына шығып өнер көрсете бермейді. Басты себеп ол театрлардың аздығы. Театрда орнығып жұмыс істеп жүрген әртістер бар. Орташа есеппен алғанда жылына училищені бітірген 40 адамның барлығы театрға жұмысқа орналаса бермейді. Сондықтан олардың көбі басқа салаларға ауысады. Мысалы әртүрлі би ансамбльдеріне немесе киноға түседі", - дейді ол.

Оның айтуынша, балет әртісі өнер жолын ерте бастайды екен. 

"Негізі балет әртістері училищиге 9 жастан бастап ат басын тірейді. Ол жақта 8 жыл оқып шығады. Одан кейін театрда өнер көрсетеді. Мен 18 жастан бастап сахнаға шығып жүрмін", - дейді ол. 

Әсет балет жастардың жұмысы екенін айтты. Себебі онда қажырлы еңбек пен шыдамдылық керек.

"Ерте жастан бастап біздің аяқтарымыз айналмалы қозғалыстар көп жасайды. Өйткені балет бишісінің қимыл-қозғалысы солай болуы керек. Ер адамдар 40 жасында зейнетке шығады. Себебі одан кейін жас кездегідей өнер көрсету қиынға соғады. Ал қыздарға келетін болсақ, олар әрдайым бақайдың ұшымен тұрып билеуі керек.  Меніңше, 40 жаста оған ешқандай балет әртісі шыдамайды. Оған қоса олар секіріп, айнала білуі керек", - дейді кейіпкеріміз. 

Бұл сахналық өнерді ол спортпен теңеді. Себебі жаттығуға ұзақ уақыт пен күш-қайрат көп жұмсалады.

"Бұл демалыссыз жұмыс істейміз. 10 жастан бастап дем алуды білмейміз. Таңғы уақытта біз 2 сағаттың көлемінде физикалық күш жұмсаймыз. Футболшы, зілтеміршілер секілді біздің де жаттығуларымыз бар. Балет дегеніміз тері денеңде кеппейтін өнердің бір түрі", - дейді балет әртісі. 

Әсеттің айтуынша, балет өнеріне қызығушылық танытатындардың тұрмыс жағдайы орташа. Оның пікірінше, қазақ балет өнеріне халықтың қызығушылығы артып келе жатыр екен. 

"Әр қойылым аяқталғанда, егде жастағылар да, жастар да бізге қошемет көрсетіп, гүл ұсынады. Меніңше қазіргі кезде балет өнеріне келушілердің дені өнерді сүйетіндер. Соңғы бес-алты жылдың көлемінде залда көрермендер лық толып отырады", - дейді ол.

Қазіргі уақытта еліміздің балет әртістері басқа елдердің театрларында өнер көрсетіп жүр. Әсетке және оның әріптестеріне де басқа театрлардан ұсыныс түседі екен.

"Негізі ол тәрбиге байланысты шығар. Мені әкем осы елге, жерге қызмет ет деп тәрбиеледі. Сосын училищені бітірген түлектер оң-солын танымай ұсыныстарды қабыл алмайды. Қазіргі уақытта біз бұрынғыдай халықаралық конкурстарға көп қатыса бермейміз. Ал оларға қатысатын болсақ, бізге ұсыныстар одан көп түсуі мүмкін", - дейді кейіпкеріміз. 

Жанель Тукеева - ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты. Жасы 31-де. Алматы қаласында дүниге келген. Екі баланың анасы. Жанельдің балет бишісі болуына ата-анасының ықпалы тиген. Себебі олар балет әртісі болған - Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері. 

Кейіпкерімізден балет әртістері қанша жаста зейнетке шығатынын сұрадық:

"Тетрда 20 жыл жұмыс істегеннен кейін, компенсация алу арқылы демалысқа шығуға мүмкіндік бар. Негізі балет әртістері 35-40 жас аралығында зейнетке шығады", - дейді ол. 

Алайда балет әртісі осы өнер түріне өз балаларының бет бұрғанын қаламайтынын айтады. Себебі балалық училищенің табалдырығын аттағаннан кейін аяқталады екен.  

"Балет әртісінің балалық шағы училищеге түскеннен кейін аяқталады. Біз таңғы сағат сегізден бастап кешкі сегізге дейін жаттығатынбыз. Осыдан кейін үйге оралып үй жұмысын жасауға ғана күш қалады, балалармен бірге қосылып ойнауға ешқандай күш қалмайтын. Балалық шағымыз осылай өтті. Бір сөзбен айтқанда балет мен үшін өте қиын өнер!", - дейді ол. 

Кейіпкерлеріміз балет әртісінің өзіндік келбет пішіні болуы керек екенін айтады. Оның аяғы түзу болуы керек, денесі иілгіш келген, дене пішіні арық, мойыны ұзын және басының көлемі үлкен болмауы тиіс. Олар қазіргі уақытта қазақ балетмейстерлерінің спектакльдері бар екенін айтты. Мысалы "Қара көз", "Қозы Көпеш-Баян Сұлу", "Тілеп пен Сарықыз". Бұл балет қойылымдары қазақтың ұлттық би өнеріне икемделіп жасалады екен.  

Енді біз балет өнерінен бөлек театрдың опера әншісі жайлы сөз қозғасақ. 

Гүлзат Дауырбаева - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі. 2000 жылы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны тәмамдаған.

"Мен бұл театрдың табалдырығын 1985 жылы мектепті бітірісімен аттадым. Ол уақытта театрдың опера және вокал студиясы болатын. Сол жерде көзге көрінген әншілерді консерваторияға түсуге мүмкіндік беретін. Негізі менің әнші болуыма әкем себепкер болды. Әртүрлі жағдайларға байланысты ол әні бола алмады. Бірақ өзінің арманын мен арқылы іске асырды. Мен опера әншісі болуым әкемнің өсиеті", - дейді ол.

Оның айтуынша, өзінің кәсіби әнші болып қалыптасуына сол кездегі халық әртістері болған ұстаздары себепкер.  Оған қоса Гүлзат Дауырбаева өзінің опера әншісі болуына табиғи дарыны себеп дейді.

"Негізі халықтың ішінде аты шыққандар барлығы дерлік өз тұла бойында, табиғатында бар таланты арқылы жетістікке жетті. Ол тек кәсіби білімнің арқасы емес", - дейді опера әншісі.

Кейіпкеріміз "Опера әншісі кім?" деген сұраққа былай жауап берді:

"Менің эстрададағы достарым "маған сендер опера әншілері шахтер секілді жұмыс істейсіңдер, сендердің жұмыстарың ауыр және көп, бірақ сендердің еңбектеріңді көбі көрмейді". Міне бұл шындық", - дейді Дауырбаева.

Опера әншісінен Димаш Құдайбергеннің даусы жайлы не ойлайтыны сұрадық:

"Димаш тек опера әншісі деп айтуға келмейді. Оның даусы әлемде сирек кездеседі. Өнерде отыз жылдық тәжірибем бар, Димаш секілді басқа әнші мен үшін жоқ. Оның диапазоны жететін әншіні әлі көргенім жоқ", - дейді Гүлзат Дауырбаева.

Опера әншісі қазіргі уақытқа дейін мына қойылымдарда өнер көрсеткен: "Турандот", "Күміс үкі", "Күлпаш", "Сара", "Ажар".

Автор: Мақсат Мамбетжан

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети