Пушкин қазақ халқы жайлы не деген - Ұлы ақынның туғанына 220 жыл

06 Маусым, 16:05
2
Пушкин қазақ халқы жайлы не деген - Ұлы ақынның туғанына 220 жыл -

1799 жылдың 6 маусымында осыдан 220 жыл бұрын классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы, біртуар ақын Александр Пушкин дүниеге келді. Кемеңгер ақын орыстың нағыз ұлттық әдеби тілін қалыптастыруға зор үлесін қосты. Tengrinews.kz тілшісі ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығын баяндайды. 

Ақын бала кезінен-ақ орыс әдебиетінің сол кездегі туындыларымен және басқа да шетелдік ақын-жазушылардың еңбектерін оқуға ұмтылған. Лицейде оқып жүрген кезінде тамаша өлеңдер жаза бастаған. 

Пушкин поэзиясы

Пушкин өзінің шығармаларында сол кездегі адамдар мен сол кездегі жағдайды әңгімелеп қана қоймай, өткен өмір туралы да жазуды жөн көрген. Мысалы, тұңғыш поэмасы "Руслан мен Людмила", "Борис Годунов" сияқты шығармаларында алыста өткен өмір, орыс князьдері мен батырлары туралы жазған.

Ал 1820 жылы жарық көрген "Руслан мен Людмила" поэмасында ол өз заманының ең күрделі қоғамдық мәселелерін қозғайды. Пушкин "Евгений Онегин" романында да халықтың өмірін жан-жақты суреттеп, олардың тұрмыс-тіршілігін ашық бейнелейді. Сондықтан бұл романды кейбіреулер "Орыс өмірінің энциклопедиясы" деп те атайды екен.

Ұлы ақын қарапайым халықтың, орыс шаруаларының тағдырын "Дубровский", "Капитан қызы" сияқты шығармаларында да шебер суреттей алған.  

Бұдан бөлек, орыс әдебиетінің негізін салған Пушкин француз, ағылшын, италиялық, неміс, латын, испан, грек және тағы да басқа славян тілдерін жетік білген. Тіпті 8 жасынан бастап француз тілінде өлең шығарған. Өмірінің соңына дейін тіл үйренуден жалықпаған. Тарихи мәліметтерге қарағанда, оның кітапханасында 3000-нан аса том кітап болған екен.

Ұлы ақынның қазақ тіліне аударылған шығармалары

Пушкиннің атақты романы "Евгений Онегинді" қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев бөлек-бөлек үзінділер түрінде аударған - "Онегиннің сипаты", "Ленскийдің сөзі","Татьянаның хаты", "Онегиннің ойы", "Онегиннің сөзі", "Онегиннің хаты", "Татьянаның сөзі". Абайдың ұлылығы сонда - халық ақындарының ішінен бірінші болып Пушкин шығармаларын өз ана тіліне аударған.

Басқа көрші халықтардың ақындары, мысалы, татар, башқұрт, өзбек, тәжік ақындары Пушкин шығармаларын Абайдан соң екі жылдан кейін, яғни 1889 жылдап бастап аударған. Ал 1903 жылы Қазан қаласында Александр Пушкиннің "Капитан қызы" қазақ тіліне аударылып басылып шықты. Оны аударған орыс әскерінің капитаны М.Бегімов болатын. Мұнан кейін Пушкиннің "Пайғамбар" атты өлеңі қазақ тіліне аударылып, "Айқап" журналында жарияланады. Ал ұлы ақынның "Қысқы кеш", "Дауыл", "Балықшы мен балық туралы ертегісі" қазақ тілінде қолжазба түрінде тараған екен.

Пушкин қазақ жерінде

Қазақ тарихында Пушкин мұрасына алғаш айрықша зер салып, оны зерттегендердің қатарында Абай Құнабаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин болды. Олар Пушкинді тек ақын ретінде емес, оның өмір жолын терең зерттеді.

Ұлы ақын Абай "Евгений Онегин" шығармасының үзінділерін қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ, "Татьянаның хаты" Абай әнімен қазақ өңіріне кең тарады. "Капитан қызы" романы да 1903 жылы қазақ тілінде басылып шықты. Тарихқа үңілсек, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаев сияқты басқа да қаламгерлер орыс әдебиетінің негізін салушы Пушкиннің шығармаларын қазақ тіліне аударған. Қазақстанның бірнеше қаласында да Ұлы ақынға арналып ескерткіштер орнатылып, көшелер, мектептерге есімі берілді.

Өмірінің соңғы кезінде жазылған белгілі "Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес" өлеңінің қолжазба түрінде сақталған бір нұсқасында қазақ халқын да атап өтеді.

Ресейдегі Абай жылы мен Қазақстандағы Пушкин жылы

2006 жыл Ресейде Абай жылы, Қазақстанда Пушкин жылы деп аталған болатын. Мәскеуде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевқа ескерткіш қойылса, оған жауап ретінде Петропавлда "Абай-Пушкин" мүсіндері қойылған еді.

"Абай-Пушкин" композициясы Петропавл саябағы аймағында орналасқан. Бүгінде ол облыс орталығының ең әдемі жерлерінің бірі болып cаналады екен. 


Петропавлдағы "Абай мен Пушкин" композициялық мүсіндері


Алматыда Александр Пушкиннің құрметіне қойылған ескерткіш

Пушкин бүгінде орыс халқының ғана емес, барлық ұлт өкіліне ортақ ақын деуге болады. Қазақ халқының Абай бастаған барлық ұлы ақын-жазушысы, суретші, композиторлары, көптеген ғалымдарымыз Пушкинді үлгі етеді. 

Қазақ зиялылары Пушкин туралы

Мұхтар Әуезов:

"Александр Сергеевич Пушкин - әрқашан заманмен бірге, әлемнің мың сан халықтарымен күнбе-күн тілдесіп отырған, жүздесіп отыратын мәңгілік Суреткер"

Әбіш Кекілбаев:

"...Пушкин өлеңдері, Пушкин атағы бұқараның арасына халық ақындары арқылы да таралғандығын, қазақ халқы да Пушкинді өзінің тума ақынындай сүйіп жырлағандығын "Евгений Онегиннің" халықтық варианттары толық дәлелдейді", "халық ақындары жырлаған "Евгений Онегин" поэмасы қазақ поэзиясындағы лирикалы поэмалардың туып, дамуына зор үлгі болған жаңа әдебиеттік құбылыс", "орыстың үлгілі әдебиетінің қазақ әдебиетіне еткен өршіл, мәдениетті әсерінің айқын бір көрінісі".

Мұхамеджан Қаратаев:

"Оның дауысы дәл бүгінде адамдарды еркіндік пен арлылыққа халықтарды "дау-дамайды ұмытып, бір үйлі жандай" тату - тәтті бейбіт те әділ бақытты өмірге үндеп саңқылдап тұр".

Есмағамбет Ысмайылов:

"Пушкин өмірдің өзі тәрізді шексіз. Ол жер бетінде өмір, адам, поэзия тұрғанда жасай береді, ізгілік, адамдық, бақыт үшін күресе береді".

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (2)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц