02 февраля 2022 | 16:49

Қазақстан жаһандық сақтандыру нарығындағы өзгерістерге дайын ба?

Заманауи технологиялар жаһандық сақтандыру нарығын біршама өзгертті. Бұған Қазақстан нарығы дайын ба? Tengrinews.kz тілшісі осы және басқа да сұрақтардың жауабын сақтандыру саласының халықаралық сарапшысы Робин Кристиден сұрады. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Заманауи технологиялар жаһандық сақтандыру нарығын біршама өзгертті. Бұған Қазақстан нарығы дайын ба? Tengrinews.kz тілшісі осы және басқа да сұрақтардың жауабын сақтандыру саласының халықаралық сарапшысы Робин Кристиден сұрады. 

Индонезиялық Робин Кристи кейінгі 10 жылын сақтандыру саласына арнады. Еңбек жолын әлемнің ең ірі сақтандыру компанияларының бірі AIA Group-та бастаған. Одан кейін ұлыбританиялық Aviva конгломератында 3 жылға жуық жұмыс істеді. Бүгінде жеке секторға ауысып, аудиторлық көмек көрсетеді.

Оның айтуынша, әлі күнге дейін сақтандырудың басымдылықтарын өз игілігіне жарата алмай отырған елдер көп. Ол себебін де келтірді.

Реклама
Реклама

"Сақтандыру, ең алдымен, кепілдік үшін, одан кейін тәуекелдің алдын алу үшін қажет. Егер сақтандыру тек мүлік немесе басқа да материалды жағдайларды қамтиды десеңіз, қателескеніңіз. Өкінішке қарай, көптеген ел заманауи экономиканың негізгі жүйесіне айналған сақтандырудың мүмкіндігін толық пайдаланып отырған жоқ. Мысалы, Орталық Азияда міндетті сақтандырудың пайыздық мөлшерлемелері не себепті өсіп отыр дейсіз? Одан бөлек, бұл аймақта ерікті сақтандыру үлесі 10 пайызға да жетпейді. Әрине, оның басты себебі ретінде ұзақмерзімді дағдарысты келтіруге болады, бірақ одан да маңыздысы қаржылық жүйенің жұмыс істемеуі мен жемқорлық дер едім. Яғни, сақтандыру саласы рецессияның салдарынан көлеңкеде қалды, ал шын мәнінде бұл таптырмас депозит екені белгілі", - дейді Кристи.

Сарапшы сақтандыру компанияларын аяқтан шалатын факторды атап, сақтандыру мен депозиттың арасындағы байланысты түсіндірді.

"Мұндай қаржылық олқылықтарды жіберіп отырған елдердің басшылығы жағдайды бес саусағындай біліп отыр. Ашығын айту керек, экономикасы тұрақсыз мемлекеттердің басым бөлігі сақтандырудағы басымдықты тек көлікке қоюда, оның өзі жалпы тәжірибедегі міндетті шаралар. Бұл бағыт бойынша компаниялардың шығыны қаншалықты ақталады деген де сұрақ бар. Тек ірі қаржылық институт жанынан ашылған сақтандыру компаниялары ғана өз-өзін ақтап отыр, ал майда сақтандырушылар соттан таяқ жейді, демек өз мүддесі бар, жекелеген топтармен байланыс орнатқан билік өкілдері аяқтан шалып отыр. Жасыратыны жоқ, мұндай практика Еуропаның да бірнеше елдерінде болды. Айтып отырғанымыз тек көлік мәселесі, өйткені басқа сақтандыру операциялары сұраныста жоқ. Ал негізі сақтандырудың екіжақты кіріс алып келетін жүздеген жолы бар екенін ескерсек, депозиттың өзіне айнала кетеді", - деді ол. 

Робин Кристидің сөзінше, сақтандырудың маңыздылығы артып, эволюцияланып келе жатыр. 

"Сақтандыру қатып қалған жүйе емес, осыны білген жөн. Өмірдің түрлі ағымы мен технологияның дамуына байланысты сақтандырудың жаңа объектілері пайда бола береді. Қарапайым мысал, жаһандық індетке байланысты коронавирустан сақтандыру шаралары тәжірибеге алынды. Былтыр Бельгияның өзінде  70 мыңға жуық адам өзін COVID-19 инфекциясынан сақтандырды. Бұл қалай? Кез келген азамат сақтандыру келісімшартына сәйкес премия алады. Құжат бойынша сақтандырушы өз клиентінің емхана мен дәрі-дәрмекке жұмсалатын барлық шығынын өз мойнына алады. Әрине, қазір пандемияға деген көзқарас өзгеріп келеді, сондықтан жазылым азайды. Одан бөлек, Орталық Азияда қолданысы өте аз жинақ сақтандыруын айтқым келеді, яғни егер сіз табыс табу мүмкіндігінен (өлім, мүгедектік) айырылсаңыз, сақтандырушы компания сіздің жақындарыңызға айлығыңызды төлеп отырады. Бұл қызмет түрін пайдаланатындар өте көп, өйткені кейбіреуінің кредиті бар, басқа бір отбасында қайтыс болған адам жалғыз табыс көзі болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, кез келген затты сақтандыруға болады, тіпті, үйлену тойын да кіріс-шығысқа сақтандырған отбасылар жетерлік", - дейді индонезиялық сарапшы. 

Сонымен қатар, ол сақтандыру компанияларының неге тиісті деңгейде дамымай жатқандығын білдірді. 

"Көптеген елде тәуекелдерді басқару жүйесі мен аудит қажетті деңгейде дамымаған. Мәселенің барлығы осыдан басталады, сондықтан сақтандыру компаниялары медициналық сақтандыру мен автосақтандырудан ары аса алмай жүр. Екіншіден, халықаралық резерв көлемі мен ЖІӨ арақатынасы бір-бірімен байланысты болуы керек. Қарапайым тілмен айтқанда, сақтандыру және басқа да қызмет түрлері адамның айлық табысының 15 пайызынан аспауы керек. Әрине, күнкөрістен басқаға артылмайтын табысы бар адам сақтандыру қызметіне жүгінбейді. Бұл дұрыс емес, кез келген мемлекет осы бағытта жұмыс жасауы керек. Неге десеңіз, бір адамға 100 миллион долларға орган ауыстыру қажет болады, басқа біреуі көлік апатынан мүгедек болып жатыр, оның барлығына көмекті кім көрсетеді? Сақтандыру компаниялары осы үшін қажет. Салық пен қаржы жүйесі шешілмейінші сақтандыру саласының бағы ашыла қоймас", - деді ол. 

Сөз соңында экономист-сарапшы Робин Кристи бұл салаға қатысты күдікті ойлар мен сақтандырушылардың пайдасын былай түсіндірді:

"Иә, сырт көзбен қарағанда, періштелер ме деп қаласың, дегенмен барлығы біз ойлағандай емес. Сақтандырушылардың да өз пайдасы бар, бірақ табыс көзі тұрақты емес. Неге десеңіз, кез келген компания бір аптаны еш шығыссыз аяқтауы мүмкін, яғни төтенше жағдайсыз, ал келесі аптада бірнеше жағдай тіркелуі мүмкін. Сондықтан олардың ақша айналымы биржаға ұқсайды. Мынаны түсінейік, қызмет бар жерде оның ақысы бар, бизнес деген осы. Менің ойымша, әлеуметі мен экономикасы дамыған ел сақтандырушыларды алаяқ санамай, тиімді шешім қабылдаудың жолын қарастырғаны жөн".

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов

Өзекті жаңалықтарды сілтемесіз оқу үшін Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная