ПОДЕЛИТЬСЯ
02 июня 2020 | 14:19
"Ұлттық қордан трансфер, аяқталмаған 43 жоба, тиімсіз шығындар". 2019 жылы Қазақстан бюджеті қалай жұмсалды?
26 мамырда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова 2019 жылы мемлекеттің ақшасы қалай жұмсалғанын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа баяндаған. Бұл есептің қысқарған нұсқасы ведомствоның сайтында жарияланды. Құжатта халық игілігі үшін басталып, бірақ жылдар бойы аяқталмай келе жатқан 43 жоба бары жазылған. Жобалардың жалпы құны - 51,8 миллиард теңге. Ал бюджет қаржысы өткен жылы да тиімсіз жұмсалған. 2018 жылмен салыстырғанда 3 есе артық. Сондай-ақ, халық тұрмысын жақсарту үшін көбіне кредит алған. Бюджет қаржысы тағы қай бағытта қалай атқарылғаны туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында.
ПОДЕЛИТЬСЯ
26 мамырда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова 2019 жылы мемлекеттің ақшасы қалай жұмсалғанын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа баяндаған. Бұл есептің қысқарған нұсқасы ведомствоның сайтында жарияланды. Құжатта халық игілігі үшін басталып, бірақ жылдар бойы аяқталмай келе жатқан 43 жоба бары жазылған. Жобалардың жалпы құны - 51,8 миллиард теңге. Ал бюджет қаржысы өткен жылы да тиімсіз жұмсалған. 2018 жылмен салыстырғанда 3 есе артық. Сондай-ақ, халық тұрмысын жақсарту үшін көбіне кредит алған. Бюджет қаржысы тағы қай бағытта қалай атқарылғаны туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында.
Құжатқа сүйенсек, "республикалық бюджеттің атқарылуы тұрақты макроэкономикалық ахуал мен экономиканың бірқалыпты өсу қарқыны жағдайларында жүзеге асырылды. Мұны 2019 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде "Макроэкономикалық тұрақтылық" индикаторы бойынша Қазақстан позициясының 60-орынға дейін жақсарғаны растап отыр".
"Экономика құрылымында түбегейлі өзгерістер байқалмаған"
Алайда, "бұған қарамастан, экономиканың өңдеуші салаларын дамыту бойынша жеткілікті дәрежеде тиімді жүргізілмеген саясат Қазақстанның мұнайға тәуелділігін төмендету үрдісіне қол жеткізуге мүмкіндік бермей отыр. Есепті кезеңде экономика құрылымында түбегейлі өзгерістер байқалған жоқ. Оған себеп - өңделген өнім экспорты, импортты алмастыру және ішкі нарықты қанықтыру емес, шикізат экспортына бағдарланған экономикалық даму моделі. Бұл бағытта инновациялық даму негізінде екі модельді синтездеу қажет", - делінген есепте.
Ұлттық валютаның құнсыздануының тәуекелі
Ведомство бюджеттің қалай атқарылғанына аудит жүргізе келе "10 жыл уақыт кезеңінде өңдеуші сектордың үлесі 11 пайыздан аспай отыр, сол мезгілде тау-кен өндіру секторының үлесі 14,4 пайызға артты. Экспорт құрылымында минералдық өнімдер үлесі 70 пайыздан асқан. Бұл төлем балансы жағдайының нашарлауы және мұнай бағасы төмендеген жағдайда ұлттық валютаның құнсыздануы тәуекелін туындатып, ұзақ мерзімді кезеңде еліміздің қаржылық және фискалдық тұрақтылығына әсерін тигізеді. Әдеттегідей, экономиканың басым бағыттарын дамыту бойынша түсінік жоқ", - деген қорытынды шығарды.
"Тұрмыс деңгейін жақсарту көп жағдайда халыққа кредит беру есебінен"
Құжатта 2019 жылы азық-түлік тауарларына бағаның өсуі халықтың ақшалай шығыстарының құрылымында олардың үлесінің 49,9 пайызға дейін ұлғаюына әкеп соққаны жазылған.
"Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 10 пайыз шегінде. Іс жүзінде кірістерді "ішіп-жеу" және экономиканы ілгерілетіп дамыту факторларының бірі ретінде өз жинақ деңгейін арттыруға халықтың мүмкіндігінің болмауы байқалады. Нәтижесінде, тұрмыс деңгейін жақсарту көп жағдайда халыққа кредит беру есебінен қамтамасыз етіліп отыр. 2019 жылы тұтынушылық кредиттердің өсуі халықтың номиналдық кірістерінің өсімінен 14,8 пайызға едәуір басым болып отыр", - делінген есепте.
Бұл ретте осылай қалыптасқан тұтынушылық сұраныс ең алдымен халықтың қажеттілігіне бағдарланған салалардың жеткілікті дәрежеде дамымауына байланысты импортқа сұраныстың өсуіне ықпал етеді. Ал тым көп кредит алу әлеуметтік шиеленіске алғышарт жасайды.
Бұрынғысынша, жаңа басымдықтарды қаржыландырудың негізгі көзі - Ұлттық қор
"(...) Ұлттық қордың активтерін пайдалану бойынша белгіленген шектеулерді сақтау салықтық түсімдерді жұмылдыру және мұнайға қатысты емес кірістерді ұлғайту арқылы емес, шекті көрсеткішті нақты қол жеткізілген мәнмен белгілеу арқылы қамтамасыз етілген. Осы бағыттағы саясатты іске асыру түбегейлі және жедел шешімдер қабылдауды талап етеді. Ұлттық қор өзінің негізгі міндеті - келешек ұрпақ үшін жинақтауларды жүзеге асыруы тиіс", - делінген құжатта.
Қазақстанның мемлекеттік борыш деңгейі қауіпсіз шекті көрсетіп тұр
"Алайда, жыл сайынғы өсу үрдісіне ие, бұл оған қызмет көрсетуге және өтеуге жұмсалатын шығындардың ұлғаюына әкеледі. Мұнда бұрын алынған міндеттемелерді өтеу көздерінің айқындығы және нақты көрінісі қажет", - деп ұсынылған есепте.
2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуын бағалау
2019 жылы "2019 - 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының орындалуы төрт нақтылау мен сегіз рет жүргізілген түзетулерді ескере отырып, жоспарланған шектерде қамтамасыз етілген:
- республикалық бюджетке түсетін түсімдер жоспарға шаққанда 100,5 пайыз орындалды;
- кірістер 100,4 пайыз деңгейінде қалыптасты;
- шығыстар мен шығындар 99,9 пайыз орындалды;
- тапшылық 1 296,3 миллиард теңгеге тең болды, бұл жоспарлы көрсеткіштен 68,4 миллиард теңгеге төмен.
Бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған - 2018 жылмен салыстырғанда 3 есе артқан
Бюджет ақшасы "100 пайызға дерлік атқарылғанына қарамастан, 2019 жылы әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бөлінген, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы 2018 жылдың деңгейінен үш есе асып, 427,5 миллиард теңгеге тең болды", - деп жазылған есепте.
Жалпы, республикалық бюджеттің кірістері 30 пайызға Ұлттық қордан берілетін трансферттер есебінен қалыптасқан (3,1 триллион теңге). Аталған көрсеткіш соңғы жылдары көлемі бойынша екінші (ең көп сома 2017 жылы байқалды - 4,4 триллион теңге) болып тұр.
Есеп комитеті бюджеттік тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу және мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді орнықтылығы құжатын әзірлеу мәселесін қарау қажеттілігіне қайталап назар аударады.
Құжаттың мәтініне сүйенсек, өткен жылы елдегі өңірлерге ақша көп аударылған. Тіпті жергілікті бюджеттердің барлық шығысының жартысынан асқан.
"Есепті кезеңде республикалық бюджеттен өңірлерге бөлінген трансферттер көлемдерінің едәуір ұлғайғаны байқалады, бұл жергілікті бюджеттердің барлық шығысының жартысынан астамын алып отыр. Алынған нысаналы трансферттер 99,1 пайыз орындалған", - деп жазылған есепте.
Сондай-ақ, 16,4 миллиард теңге артық қалған. Бұған бюджет қаржысын жоспарлағанда ақша сомасын көп қылып көрсету және басқа да себептер жазылған.
"Жергілікті деңгейде атқарылмау 16,4 миллиард теңгеге тең болды. Оның ішінде 80 пайызы бюджет қаражатының үнемі, бұл - жекелеген жағдайларда асыра отырып жоспарлау салдары. Нысаналы трансферттердің игерілмеуінің негізгі себептері - әдеттегідей мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ұзақ жүргізілуі, шарттардың уақытылы жасалмауы, жұмыс жүргізу кестесінен қалып қою, сапасыз әзірленген жобалық шешімдер", - делінген құжатта.
Есептегі ақпаратқа сүйенсек, аталған себептер нашар жобалық басқарумен қатар халық үшін қажетті және әлеуметтік маңызды объектілерді іске асыру мерзімдерінің созылуына әкеп соғады. Нәтижесінде басталған жобалар бойынша жұмыс белгіленбеген мерзімге тоқтатылады немесе кейін құрылыстың қымбаттауына байланысты түзетулер енгізіледі. Мұндай нысандарға 34 миллиард теңге жұмсалған, ал енді бюджетте ол үшін ақша жоқ.
"Жергілікті атқару органдарының алдын ала деректері бойынша елімізде барлығы 43 аяқталмаған нысан бар. Жалпы құны - 51,8 миллиард теңге. Жергілікті бюджет есебінен өзекті емес жобалық-сметалық құжатты түзетуге және қымбаттау құнын өтеуге өңірлерде қаражат жоқ. Және осындай жобаларға 34 миллиард теңге көлемінде едәуір қаражат жұмсалған", - деп жазылған есепте.
Қорытындысында халық үшін қажетті жобалар бірнеше жылдар бойы аяқталмаған. 10 жылдан астам - 1 жоба, 5-тен 10 жылға дейін - 23 жоба, 5 жылға дейін - 19 жоба. Алайда құжатта нақты қандай жобалар екені жазылмаған.
"Әлеуметтік-экономикалық әсерге қол жетпейді, қоғамдық игіліктерге қолжетімділік бойынша өңірлер арасындағы сәйкессіздікті күшейтеді. Аталған фактілер Мемлекет басшысының ең көп әлеуметтік-экономикалық әсері бар жобаларды басымырақ қаржыландыру жөніндегі тапсырмасына қайшы келеді", - деп көрсетілген құжатта.
Есеп комитеті осы мәселенің стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, Үкіметке мынадай ұсыныстарды атаған:
- өңірлерде басталып, бірақ аяқталмаған объектілерге олардың қажеттілігі және жобалық шешімдерге өзгерістер енгізудің қажеттігі тұрғысынан түгендеу жүргізу, аяқталмаған объектілер болған жағдайда жаңа жобаларға бюджет қаражатын бөлу практикасына тыйым салу;
- келесі үшжылдыққа арналған бюджет жобасын қалыптастыру кезінде қазіргі қаржыландыру көздеріне қарамастан республикалық бюджет қаражаты есебінен аяқталмаған жобаларды қаржыландырудың қосымша тетіктерін қарастыру;
- қоғамдық игіліктерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында әрбір сала мен елді мекен бөлінісінде өңірдің жағдайы жөніндегі бірыңғай паспорттар әзірлеу, бұл ретте аталған паспорттарды ескерумен бюджеттерді жоспарлау қамтамасыз етілуі қажет.
Ал, осы жылдың сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы" 2020 жылғы 8 сәуірдегі № 299 Жарлығына қол қойды. Енді оның қалай жұмсалатыны және өткен жылғы "қателер" қалай жөнделетіні уақыт еншісінде.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Показать комментарии
Читайте также