20 декабря 2020 14:38

"Думаның халық әртісі". Евгений Федоровтың даулы мәлімдемелері

Фото: ИТАР-ТАСС

Өткен аптадан бері ресейлік депутаттардың Қазақстан жері туралы пікірі қызу талқыланып жатыр. Мемлекеттік Дума депутаты Вячеслав Никонов "Первый канал" эфирінде "Қазақстан деген ел болмады" деген еді. Артынша әріптесі Евгений Федоров та оның сөзін жақтап шықты. Федоровтың айтуынша, Қазақстанның солтүстік бөлігі - Ресейдің сыйы. "Қазақстандықтар оны сый деп мойындамаса, жерді қайтарсын" деген болатын.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Өткен аптадан бері ресейлік депутаттардың Қазақстан жері туралы пікірі қызу талқыланып жатыр. Мемлекеттік Дума депутаты Вячеслав Никонов "Первый канал" эфирінде "Қазақстан деген ел болмады" деген еді. Артынша әріптесі Евгений Федоров та оның сөзін жақтап шықты. Федоровтың айтуынша, Қазақстанның солтүстік бөлігі - Ресейдің сыйы. "Қазақстандықтар оны сый деп мойындамаса, жерді қайтарсын" деген болатын.

Евгений Федоровтың бұл талқыға түскен алғашқы мәлімдемесі емес. Бұған дейін ол Ресейді АҚШ-тың колониясы деп атап, Виктор Цойды АҚШ агенттерімен жұмыс істеді деп айыптаған болатын. Tengrinews.kz тілшісі "Единая Россия" депутаты Евгений Федоровтың қызу талқыланған даулы мәлімдемелерін жинап шықты.

Реклама
Реклама

"Ресей - АҚШ колониясы"

Федоров 2018 жылы "Человек и закон" бағдарламасына қонаққа барып, "Ресейді АҚШ-тың колониясы" деп атаған болатын.

"Әрбір ресейлік азамат Ресей өнімінің жартысын АҚШ пен оның одақтастарына сый ретінде береді. Америка Ресей ғана емес, басқа елдер де шарттарын орындағанын қалайды. Құрама Штаттарда дүние жүзі халқының 4,5 пайызы ғана тұратынына қарамастан, олардың тұтынуы жаһандық көлемнің 50 пайызынан сәл ғана төмен. Бұл бүкіл әлемнен жиналған алымның арқасында", - дейді депутат.

Ол Ресей заңнамасын америкалықтар жазғанын да басып айтты.

"Ресей - АҚШ-тың колониясы. Америкалықтар біздің заңнаманы бізден гөрі жақсы біледі, өйткені оны өздері жазды", - деген ол.

Сондай-ақ, Федоров бағдарлама барысында АҚШ Ресейді әдейі дамытпай отырғанын, себебі ол колониялық тізімнен шығып кетуі мүмкін екенін айтқан.

"Цойдың әндерін АҚШ жазып берген"

90-жылдардың танымал әншісі Виктор Цойдың жанкүйерлері де Федоровты ұната қоймайтын шығар. Себебі бірнеше жыл бұрын "Западные манипуляторы России" бағдарламасында ол Цойға үлкен айып таққан болатын.

"Цой деген әнші естеріңізде шығар. Шынында да, Кеңес Одағында өте танымал болды. Сол кезде олар (КГБ қызметкерлері) былай деген: "Біз кенеттен оның бұрынғыларына ұқсамайтын әндер айта бастағанын байқадық. Бұған дейін ол алюминий қияр туралы әндетсе, кейін кенеттен өзгерістер ("Перемен" әні - авт. еск.) туралы ән айта бастады. Оның стилі емес. Бір-біріне ұқсамайтын екі әнші сияқты.

Біз (КГБ қызметкерлері) оның тобын шақырып, зерттеу жүргіздік, жауап алдық, сол кезде Цой өзі ән жазбайтынын, ұжым болып жазатынын, соңғы әндерін Америкадан алдырғанын білдік. Голливудта кәсіби түрде орыс тілінде ән жазатындар болған", - деген еді Федоров.

Депутаттың бұл сөзін БАҚ пен халық "Цой ЦРУ агенттеріне жұмыс істеді" деп түсінген. Бірақ кейін Федоров олай айтпадым деп ақталуға тырысты. Тек америкалық барлаушылар Ресейге мәдениет арқылы ықпал еткісі келгенін айтқысы келген екен.  

Осы мәлімдемеден кейін оны сотқа бергісі келгендер де болды, бірақ іс аяқсыз қалды. Федоров бұл мәлімдемесін кейін сайтынан өшіріп тастады.   

"Думаның халық әртісімін"

"Говорит Москва" радиостанциясының эфирінде депутат Мемлекеттік Думадағы жұмысы туралы сұраққа өзін халық әртісімін деп жауап берген.

"Мен бұл театрда жұмыс істейтін халық әртісімін. Бұл театрға ұқсас жұмыс", - деген болатын ол.


Фото: РИА Новости

Ол Мемлекеттік Думаны оның алдында да театр деп атаған еді.

"Дума - осындай театр. Бірінші шақырылымдағы депутат ретінде мен бұл әртістер отырған орган екенін жақсы түсінемін. Бұл адамдар осы принцип бойынша таңдалады. Олардың әртістік қабілеті, жақсы сөйлеуі, ел алдында өзін-өзі ұстау қабілеті болуы қажет. Стратегиялық ойлауға бейімді депутаттар ешкімге қажет емес", - дейді депутат.

Федоровтың бұл мәлімдемесінен кейін Федерация Кеңесінің мүшесі Константин Добрынин депутатқа өкілеттігінен бас тартып, сатиралық бағдарламаларға баруға кеңес берген.

"Наразылыққа АҚШ шығарып отыр"

2015 жылы Ресейдің әр өңірінде жүргізушілер наразылығы басталған. Жүк тасымалдайтын жүргізушілер сол жылы қарашада ақылы тасжол жүйесіне наразылығын білдірген. Бұл акция бүгінге дейін жалғасып келеді.

Сол кезде Евгений Федоров жүргізушілердің бұл әрекетінен де АҚШ-тың саясатын көрген.

"Олардың наразылығы Америка Құрама Штаттарының идеясы бойынша Ресей мемлекеттілігін жоюға бағытталған. "Наразылық білдірген жүргізушілер" брендімен Ресейге билікті құлату үшін содырлар жіберіледі", - деген еді ол.

Депутаттың бұл мәлімдемесі жүргізушілердің наразылығын арттырып, БАҚ қызу талқылаған.

Танымал әншіні фашист деп айыптаған

2014 жылы Украинадағы майдан жалғасып жатқанда ресейлік танымал әнші Андрей Макаревич бастаған "Машина времени" тобы украиналық Святогорск қаласында өнер көрсеткен. Бұл да Евгений Федоровқа ұнамапты.


Андрей Макаревич. Фото: РИА Новости

Депутаттың пікірінше, Украинаның Ұлттық гвардиясы бейбіт тұрғындарды өлтіріп жатқан уақытта ресейлік жұлдыздар Ресейге қарсы позиция ұстанбай, Киев билігінің жағына өтпеуі керек.

"Андрей Макаревич ұзақ уақыт бойы фашистермен ынтымақтас. Ол бұл таңдауды баяғыда, Ресей Федерациясы жауларының жағына өткен кезде де жасады", - деген депутат "Известия" басылымына.

Ол Макаревичтің барлық орденін қайтарып алуды ұсынған. Бірақ әртістің ордендері мен медальдары өзінде қалды.

"Болмай қалғыр тарихшылар". Танымал ресейліктер дума депутаттарына жауап берді

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram