11 мая 2021 | 18:06

"Еден дірілдей бастады". Қазандағы қайғылы оқиға қалай болды?

Татарстан астанасы Қазанда белгісіз біреулер мектепте атыс шығарды. Салдарынан қаза тапқандар бар. Осы оқиғадан кейін өңірде 12 мамырда аза тұту күні жарияланды. Tengrinews.kz тілшісі Қазандағы оқиға туралы баяндайды. 

ПОДЕЛИТЬСЯ

Татарстан астанасы Қазанда белгісіз біреулер мектепте атыс шығарды. Салдарынан қаза тапқандар бар. Осы оқиғадан кейін өңірде 12 мамырда аза тұту күні жарияланды. Tengrinews.kz тілшісі Қазандағы оқиға туралы баяндайды. 

Қазанда не болды?

Бүгін түске қарай белгісіз біреулер мектепте атыс шығарғаны туралы ақпарат жарияланды. Оқиға Файзи көшесіндегі № 175 гимназияда болған. РИА Новости мәліметінше, бірнеше белгісіз адам сабақ кезінде мектепке қарумен кірген. 

Реклама
Реклама

Сөйтіп, олар мектеп ішінде атыс шығарған. Оқушылар мен мұғалімдер оққа ұшқан. Baza Telegram-арнасының мәліметінше, қанішерлердің қаһары 8 "А" сынып оқушыларына түсіпті. Арна оқиғадан кейін сыныптың суретін жариялады.

Жүйке жүйесі нашар адамдарға фото мен видеоларды қарамауға кеңес береміз. 

Кейін мектеп ғимаратында жарылыс болғаны хабарланды. Оқиға орнында қою қара түтін шыққан. Атыс болған мектептің оқушысы оқиға туралы айтып берген. 

"Бізде математика сабағы болып жатқан, бір кезде далада бірдеңе дүркіреді... Кейін түтіннің иісі келді, кенеттен қатты жарылыс болып, сыныптың едені дірілдеп кетті. 15 минуттан кейін біреулер сынып есігін қатты ұра бастады, бірақ есік қаққан адам қашып кетті", - дейді оқиға куәгері RT агенттігіне.

Артынша оқиға орнынан түрлі видео тарай бастады. Baza Telegram-арнасы куәгерлер түсірген суреттер мен видеоны жариялады. Онда балалар үшінші қабаттағы терезеден секіріп жатқанын көруге болады. Видеодан атыс дыбыстары да естіледі.

Назар аударыңыз! Жүйке жүйесі нашар адамдарға көруге болмайды!

Telegram-арна куәгерлер түсірген суреттер мен видеоны да жариялады. Онда балалар үшінші қабаттағы терезеден секіріп жатқанын көруге болады. Видеодан атыс дыбыстары да естіледі.

Ал URD_news Telegram-арнасы жариялаған кадрларда мектеп дәліздерінің бірі көрсетілген. Онда кабинеттердің есіктері мен терезелері сынғанын көруге болады.

Атыстан қанша адам қаза тапты?

Ресейлік БАҚ мәліметінше, атыс кезінде тоғыз адам қаза тапқан. Оның сегізі - оқушы, біреуі - мұғалім. РИА Новости мәліметінше, екі оқушы үшінші қабаттан секірген кезде қаза болған.  

Кейін агенттік дереккөзіне сүйеніп, атыс салдарынан қаза тапқандар саны 11-ге жеткенін хабарлаған еді.

Алайда Татарстан билігі сегіз адам қаза болғанын айтып отыр - мұғалім мен 8-сыныпта оқитын төрт ұл мен үш қыз. 

Татарстан басшысы баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, Республикалық балалар клиникалық ауруханасына атыстан зардап шеккен 18 оқушы түскен. Оның алтауы аса ауыр жағдай жатыр. 

Мектепке шабуыл жасаған кім?

Қазан мектебіне шабуыл жасағандар туралы нақты мәлімет жоқ. БАҚ-тың алдын ала мәліметі бойынша, атыс шығарған екі жасөспірім. Оның бірі атыс кезінде қайтыс болып, екіншісі ұсталғаны хабарланған. Алайда Татарстан билігі атқыш жалғыз болғанын айтты. Ол 19 жаста.

URD_news Telegram-арнасы ықтимал күдікті Ильназ Галявиевтің суретін жариялады. Telegram-арнасының болжамы бойынша, күдікті парақшасында қоқаң-лоққы сипатындағы жазба жариялаған.

Екі шабуылшы туралы ақпаратты әртүрлі Telegram-арна да жариялаған. Алайда қылмыскердің серіктесі болды ма, жоқ па әлі анықталған жоқ. Ресми билік өкілдері тек бір шабуылдаушы туралы айтып отыр.

Ұлттық терроризмге қарсы комитеттің баспасөз қызметі Қазандағы гимназияда атыс шығарған қарулы қылмыскер туралы хабарлады.

"Бүгін сағат 9.30-да Қазанда қарулы қылмыскер Джаудата Файзи көшесінде орналасқан №175 гимназияда атыс шығарды... Шабуылдаушыны құқық қорғау органдары қызметкерлері ұстады", - делінген хабарламада.


Фото ©РИА Новости

Сонымен қатар, "Еду в Татарстан" Telegram-арнасы Қазандағы атқыштың ықтимал серіктесі ұсталғаны туралы хабарлаған. Ол - 41 жастағы ер адам. 

Сондай-ақ, бірқатар Telegram-арнасы күдікті тұратын үйде жарылыс болғанын хабарлаған. РИА Новости мәліметіне сүйенсек, үй тұрғындары эвакуацияланған, бірақ жарылыс болған жоқ.

"Жарылыс болған жоқ. Туганлык көшесіндегі 10-үй тұрғындары эвакуацияланды. Өйткені атқыштардың бірі сонда болуы мүмкін. Бірақ әзірге ештеңе расталмады. 112 нөмірі бойынша күдікті адам үйге жүгіріп кірді деген хабар келді. Сондықтан адамдар эвакуацияланды. Онда бір пәтердің есігі жабық. Әзірге басқа ақпарат жоқ", - деді біріңғай диспечерлік қызмет өкілдері.

Ел билігі не дейді?

Ресей президенті Владимир Путин Қазандағы қайғылы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Ол денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко мен білім министрі Сергей Кравцовқа атыс болған мектепке баруды тапсырды.

Владимир Путин Қазандағы жағдайға қатысты тиісті министрліктер және арнайы қызметпен байланыста болады, деді Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

"Бүгін президент Мәскеудегі Кремльде жұмыс істейді. Әрине, ол күні бойы Қазандағы жағдайға қатысты хабардар болады. Қазір ең бастысы зардап шеккендерге көмек көрсету. Президент Денсаулық сақтау, Білім министрлігі және Үкіметпен, сондай-ақ арнайы қызмет басшыларымен байланысын жалғастырады", - деді Песков.


Фото ©РИА Новости

Татарстан президенті Рустам Минниханов та Қазан қаласындағы мектепте болған төтенше жағдайға қытысты мәлімдеме жасады. Республика басшысы мектепке, сондай-ақ қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетілетінін айтты.

Бүгін Мемлекеттік Дума отырысы бір минуттық үнсіздікпен басталды. Кейін депутат Алексей Миронов бала өлтіргендерге өлім жазасын қайта енгізуді ұсынды. Ал 12 мамырда Татарстанда осы жағдайға байланысты аза тұту күні жарияланды. Ертең өңірдегі барлық мектепте сабақ болмайды. 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram