1. Главная
  2. Узнай
  3. Жизнь
  4. Шоу-бизнес

Әлем жұлдыздары ағылшын тілін қалай үйренді?

Massaget.kz редакциясы әлем жұлдыздарының ағылшын тілін қандай тәсілмен үйренгені жайлы жобаны қолға алған болатын. Басылым шетелдік БАҚ-тардың мәліметтеріне сүйене отырып, жұлдыздардың тіл үйренудегі тәжірибесін баяндайды.

Тіл үйрену үшін Америкаға барған Джеки Чан 

China Daily басылымына сұхбат берген Джеки Чан ағылшын тілін қалай үйренгенін айтып берген. Ол сұхбатында тіл үйренуде қандай қиындықпен күрескенін, қандай тәсіл қолданғанын баяндайды. Оның айтуынша, Голливудқа алғаш келгенде қиындық тудырған оның ағылшын тілін білмеуі еді. Ол кез келген қиын трюкті оңай үйреніп алатын, фильмге түсу кезінде міндетті түрде басты рөлге шақырылатын, бірақ ағылшын тілін меңгеруге келгенде өте қатты қиналғанын мойындайды.

Джеки Чан фильмге түскен кезде тек өзінің сөздерін емес, толық фильмнің сценариін жаттап алады екен. Осы тәсілдің көмегінің арқасында өзі тілдік қорын дамытып жатса, сөзін ұмытқан актерлерге сол мезетте мәтінді жылдам есіне түсіруге көмек береді екен.

Ағылшын тілін үйрену Джеки Чан үшін қорқынышты болған дейді. Әлемге танылып, өзін мойындату үшін ағылшын тілін үйрену міндетті екенін түсінгеннен кейін ол белді бекем буып, ағылшынша бір сөз білместен Америкаға аттанған екен.

Massaget.kz мәліметінше, Джеки Чан үшін ағылшын тілінде акцентсіз сөйлеу өте қиын болған. Джеки ағылшынның сөздерін санасына қондырып, сөз бен сөзді, сөйлемді байланыстыратын деңгейге жеткенде америкалық әндерді тыңдап, дауыстап айтуды қолға алды. Әншінің орындауындағыдай дыбыс шығаруды мақсат етіп, жағымсыз акцентпен осы тәсіл арқылы күресті.

Ағылшын тілінде кітап оқыған Шакира

Бала күнінен өнерге, жалпы шығармашылыққа бір табан жақын өскен Шакира әншіліктен бұрын би өнерін меңгерген. 4 жасында өлең шығарып, 8 жасында әннің сөзін өзі жаза бастаған. Оның жазуға деген махаббатының артқаны сонша, 7 жасқа толғанда ата-анасынан баспа машинасын сатып алып беруді сұраған екен. Әншінің өсе келе ағылшын тілін меңгеруіне түрткі болған өлең жазуға деген құштарлығы еді.

Шакираның ана тілі - испан тілі. 1990-жылдардың соңында оның испан тіліндегі әндері Колумбияда кеңінен тарап, халық арасында жоғары бағаланды. Осы уақытта әншінің менеджері бұл әндерді ағылшын тіліне аударып, ағылшын тілінде орындау туралы ұсыныс тастайды. Көп ұзамай Шакираның әндері ағылшын тіліне аударыла бастады. Бірақ әндерінің аудармасына Шакираның көңілі толмады, себебі әннің түпкі мағынасы, идеясы өзгеріске ұшыраған еді. Осы кезеңде әнші ағылшын тілін үйреніп, өз әндерін өзі аудара алатындай деңгейге жетуді мақсат етті. 

Сауатты мәтін жазу, ойды қағазға еш кедергісіз түсіру үшін ол күн сайын ағылшын тілінде жазылған мәтінді көшіріп жазып отырған. Ағылшын тілінде классикалық көркем әдебиет туындыларын оқыды Ағылшын тілді халықтың мәдениетін бойға сіңіріп, оны сезіну үшін Шакира классикалық поэзияны оқуға ден қойған. Шакира үшін ағылшын тілін үйренуге ең көп ықпалын тигізген де осы тәсіл.

Айта кетейік, Шакира ағылшын тілінен бөлек испан, португал, итальян, француз, каталан тілінде еркін сөйлейді екен.

Тіл үйренуді 32 жасында бастаған Антонио Бандерас

Антонио Бандерас тіл үйрену кезінде кәсіби тіл мамандарымен жұмыс істеуді бірінші кезекке қойды. Тіркесті оқытқызып, өзі сол дыбыстарды тура сол қалпында қайталап отыруды әдетке айналдырды. Интонация, кідіріс, дыбыстау тәсілдерін үйрену үшін білікті мамандар кеңесіне құлақ түрді.

Бүгін белгілі актер Антонио Бандерас ағылшын тілін үйренуді 32 жасында бастаған және танымал берлиц әдісін қолданған екен. Ана тілі - испан тілі. Басылымның мәліметінше, ол кішкентай кезінде кез келген испаниялық бала секілді футболшы болуды армандаған. Жас келе спорттық машығына қарағанда өнерге деген талабының жоғары екенін түсінген ол музыкаға, кино саласына бет бұрады. Испанияда танымалдығы арта бастаған тұста Антонио Голливудты бағындыруды армандайды.

Ағылшын тілін мүлде білмесе де, жасы 30-дан асып кетсе де ол түпкі мақсатына жету үшін белді бекем буып, АҚШ-қа көшіп кетті. Оның жаңа құрлықтағы карьерасы жарнамаға түсуден басталды. Кейін шақырту бойынша фильмге түсе бастады. Бандерастың бағын ашқан Голливудтағы алғашқы фильм - The Mambo kings. Фильмге түсу кезінде актер ағылшын тілін мүлде түсінбеген. Түсірілім кезінде режиссердің тапсырмаларын аудармашылар айтып отырған. Сценаридегі диалогтардың, айтқан сөздерінің не мағына беретінін өзі білмеген, тек мүдірмей жатқа айтып отырған. Өмірінің осы кезеңіндегі оқиғаларды актер Loose women бағдарламасында қызықты қылып айтады.

Тіл үйрену үшін АҚШ-қа көшкен Арнольд Шварценеггер

Арнольд Шварценеггердің ана тілі - неміс тілі. Ол 10 жасынан бастап ағылшын тілін үйренуге ден қоя бастаған. Себебі осы кезеңнен бастап АҚШ-та өмір сүруді армандады. Ол бодибилдингке 14 жасында қызығып, сол кезеңде бұл спортпен шұғылдануды бастап кетті. 5 жылдың ішінде кәсіби білігін шыңдаған спортшы 19 жасында mr Universe атанды.

21 жасында Арнольд балалық шағындағы арманына қол созып, АҚШ-қа көшті. Арнольдтың "ағылшыны" алғашында тәуір емес еді. Алайда тілді меңгеруге барынша күш салған ол аз уақытта керемет нәтиже көрсеткен.

Арнольд Голливуд жұлдызы болуды бозбала шағынан армандаған. Арманын мақсатқа айналдырып, осы жолда көп жаттықты. Ағылшын тілін меңгермейінше Голливудқа апарар жолдың жабық екенін де түсінген дейді. Сол себепті түпкі мақсатына жету үшін бірінші тілді үйренуге күш салды.

Басылым тілшісінің айтуынша, АҚШ-қа қоныс аударған Арнольд бірден спорттық тағамдар сататын дүкенге жұмысқа орналасқан. Жұмыс уақытында ол әрқашан тұтынушылармен байланыс орнатып, көзбе-көз көп сөйлесуге тырысты. Жаңа достар тауып, үнемі жүздесулер, отырыстар ұйымдастырып, олармен көбірек сөйлесуді қалады. Өзінің айтуы бойынша, ол тіпті неміс тілін емес, ағылшын тілін жақсы білетін, керісінше немісше мүлде түсінбейтін қыздармен сөйлесіпті.

Туристерге тегін қызмет көрсеткен Джек Ма 

Белгілі кәсіпкер, Alibaba group компаниясының негізін қалаған Джек Ма тәжірибесіне келсек. Forbes зерттеуі бойынша Джек Ма Қытайдағы миллиардерлер рейтингінде бірінші орында тұр. Жеке капиталы - 38,2 миллиард доллар. 

Басылым мәліметінше, Джек Ма өзінің түпкі мақсатына жету үшін алғашында ағылшын тілді туристерге тегін қызмет көрсеткен. Ханчжоудың көрікті жерлерін көркем тілмен жеткізу үшін, сөздік қорын молайту үшін адамдармен сөйлесу кезінде жаңа сөздерді жазып алып, кейін жаттап алуға тырысқан дейді.