Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
22 июля 2019 18:17

Сөзін Президент те түсінбейтін рэпер. Сіз кімсіз, Скриптонит мырза?

ПОДЕЛИТЬСЯ

"Президент 2.0" деректі фильмінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық рэп орындаушы Скриптониттің әндерін тыңдағанын, бірақ кей сөздерін түсінбегенін айтқан болатын. Скриптонит деген кім және ол туралы не білеміз? Тengrinews.kz тілшісі танымал рэпер туралы мәлімет жинады.


"Президент 2.0" деректі фильмінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық рэп орындаушы Скриптониттің әндерін тыңдағанын, бірақ кей сөздерін түсінбегенін айтқан болатын. Скриптонит деген кім және ол туралы не білеміз? Тengrinews.kz тілшісі танымал рэпер туралы мәлімет жинады.

Скриптонит лақапаты қайдан шыққан?

Scriptonite лақапатымен танылған Әділ Жәлелов 1990 жылы 3 маусымда Павлодар қаласының маңындағы Ленинский ауылында дүниеге келген.

Өзінің айтуынша, музыкаға деген қабілеті әкесінен дарыған. Рэпердің әкесі де жас кезінде музыкаға жақын болған. Нәтижесінде бала Әділ 11 жасында хип-хоп жанрына қызығып, рэп жаза бастаған. 15 жасынан өзі бит жаза бастаған.

Әділ мектепті бітіргенше Құлмағамбетов деген фамилиямен жүрген. Кейін ғана атасының құрметіне тегін Жәлелов деп өзгерткен. Бірақ рэпер өз тыңдармандары арасында Скриптонит деген атпен танымал. Әнші бұл лақапатты қалай таңдағанын айтып берді:

"Суперменнің тарихынан шықты. Оның фанаты болмасам да, көп нәрсе білетін едім. Маған "скрип" деген сөз ұнайтын. Неге екенін білмеймін. Басында "Скрип" деген лақап атпен жүрдім. Кейін Суперменнің криптониті есіме түсті. Сөйтіп, Скриптонит деген атпен жаңа трек шығардым. Жарты жылдан соң Google-ға Скриптонит деп тергенімде мен туралы екі парақша ашылды. Ол кезде мен әлі танымал емес едім. Сол кезде бұл лақапатты жоғалтуға болмайды деп ұйғардым".

Ресейге кетуіне қай әні түрткі болды?

Музыкант сахнаға алғаш рет 16 жасында шыққан. Бұл Павлодардағы фестивальдардың бірі болатын. Ауылдан келген жас рэпердің шығармашылығы сол кезде көрермендердің көңілінен шыққан.

Кейін 19 жасында достарымен бірге JILLZAY атты ұжым құрып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде өнер көрсете бастаған. Ал жұлдызын жаққан сәт 2013 жылы болды. Niman-мен бірге ол "VBVVCTND" әніне клип түсіреді. Бұл клипті ол анасы жұмыс істейтін жанармай бекетінің, иесіз қалған үйлердің алдында түсірген.

Аз ғана қаражатқа түсірілген бейнебаян жас музыканттарды интернетте танымал етті. Нәтижесінде Әділ Жәлелов ресейлік танымал лейбл "Газгольдермен" әріптестік құрып, Бастамен бірге жұмыс істей бастайды.

Осылайша, 2015 жылы "Скрипидің" алғашқы студиялық альбомы жарық көрді. "Дом с нормальными явлениями" көптің көңілінен шықты, iTunes-чартта Джастин Бибердің дискінен озып, тек Адельдің жаңа альбомына жол берген. Бүгінге дейін рэпердің "Праздник на улице 36" және "Уроборос: Улица 36/Зеркала" деп аталған альбомдары шықты.

Алғашқы гонорары 50 доллар болған 

Музыкант өзінің табысы туралы айтқанды ұнатпайды. Жас кезінде жанармай бекетінде жұмыс істеп, 18-20 мың теңге айлық алған. Ал музыкадағы ең алғашқы гонорары - 30-50 доллар. Кейін сатқан биттері үшін айына 2000 доллар түсе бастаған.

Рэпердің нақты табысы туралы ақпараттар жоқ. Тек 2017 жылы РБК орыс тілінде рэп оқып жүрген музыканттардың табысын санаған. Сол кезде Скрипидің бір жылда 33,4 миллион рубль тапқаны жазылған болатын.

Скриптонит әлеуметтік желіде белсенді емес. Instagram желісіндегі парақшасында көбіне жаңа клиптерінің үзіндісін жариялап тұрады. "ВКонакте" желісінде де арнайы парақшасы бар, бірақ ол да көбіне шығармашылығына арналған. Себебі рэпер жеке проблемаларыңды жұрт алдына паш етудің қажеті жоқ деп санайды.

Әділ Жәлелов қазақстандық әріптестерін Мәскеуге шақырып, сонда бір пәтер жалдап тұрады. Студиясы да сонда.

29 жастағы музыкант әлі үйленбеген. Бірақ бұрынғы сүйіктісінен ұлы бар. Есімін анасының құрметіне Лучи деп қойған. Баласының суреттерін ғаламтордан табу қиын. Тек 2017 жылы маусымда ұлының бірнеше суретін жариялаған болатын. Айтуынша, ұлы анасымен бірге Қазақстанда тұратындықтан, онымен жиі кездесе бермейді.

Себебі Скрипи қазір бар уақытын өнеріне арнап жүр. Әділ Жәлеловтің осынша танымал болуына оның рэп оқудағы мәнері де себеп болған. Тыңдармандардың көбі Скриптониттің сөздері түсініксіз екенін айтып жатады. Мемлекет басшысы да музыканттың сөздерін түсінбейтінін айтқан болатын. Скрипидің YouTube-тегі ВДудь арнасына берген сұхбатында өзінің дикциясына қатысты былай деп пікір білдірген еді: "Мен оны әдейі жасамаймын. Мен рэпті осылай оқимын, әдейі емес. Жаңа албомымда анығырақ оқуға тырыстым. Расында да тырыстым".

Шардаралық, заңгер, көлігі Toyota. Сіз кімсіз, Арыс әкімі?

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 447.35   490.7   4.75 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети