Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
23 июля 2019 20:25

Қырғыздар мен тәжіктер неге қақтығысып жатыр - Оқиғаның мән-жайы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Кеше, 22 шілдеде кешкі уақытта қырғыз-тәжік шекарасында қақтығыс болғаны, одан адамдардың жарақат алғаны жайлы хабар тарады. Кейінірек Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз қызметі оқиғаны растады. Tengrinews.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын білді.


Кеше, 22 шілдеде кешкі уақытта қырғыз-тәжік шекарасында қақтығыс болғаны, одан адамдардың жарақат алғаны жайлы хабар тарады. Кейінірек Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз қызметі оқиғаны растады. Tengrinews.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын білді.

Ведомство мәліметінше, Тәжікстан жағының Ворух ауылының тұрғындары елді мекенге кіреберісте ту орнатпақ болған, ал Қырғызстанның Ақ-Сай аулының тұрғындары бұған қарсы болған. Бұл қырғыз билігінің нұсқасы.

Алайда Тәжікстан билігі Ақ-Сай тұрғындарының "Ақ-сай" деген жазуы бар бағананы Тәжікстан территориясына орнатпақ болды деп есептейді. 


Тәжіктер "Ақ-Сай аймағы" жазуы бар белгіні алып тастап жатқан сәт. © Видео кадры

Екі ауыл тұрғындарының арасында жанжал шығып, кейін оқ атылған. Алайда әскерилердің оқ атпағаны жайлы хабар түсті, себебі жанжал кезінде аңшылық мылтық қолданылды делінді. 


Екі ел шекарасындағы Ворух ауылы

Осы уақытта бес адамның зардап шеккені және Исфана - Ворух автожолының жабылғаны хабарланды. Оқиға орнына шекара қызметінің бөлімшелері жетіп, екі елдің де құқық қорғау органдары шақыртылды. 


Тұрғындар тас лақтырып жатқан сәт. © Видео кадры

Осыдан кейін Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметі шекарадағы жағдайдың "күрделі, алайда тұрақтанғанын" хабарлады. Екі тарап та тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. 


© Қырғызстан МШҚ баспасөз қызметі

Қырғызстан мен Тәжікстанның шекара өкілдері, сондай-ақ қос тараптың құқық қорғау құрылымдары мен жергілікті билік органдарының өкілдері қақтығыстың ушығуына жол бермеу мақсатында бірлескен іс-шаралар өткізіп жатқаны айтылды.

Ал бүгін таңда шекарадағы қақтығыстан зардап шеккендердің саны алдын ала хабарланғандай 5 емес, 14 адам екені анықталды. Оның барлығы қырғызстандық болып шыққан. Зардап шеккендердің ішінде әскерилердің де бар екені белгілі болды. 

"Олар тас лақтыру кезінде жарақат алды. Кейінірек толық ақпарат болады", - деп хабарлады Қырғызстанның шекара қызметі.


© Қырғызстан МШҚ баспасөз қызметі

Азаттықтың қырғыз қызметі бір адамның қаза тапқанын хабарлады. Ол - Тәжікстан азаматы. Ворух ауылы басшысының айтуынша, шекаралық дау кезінде 52 жастағы мұғалім Жалолидин Қароев қаза тапқан. Сондай-ақ, Согди облысы ІІБ тергеу бөлімінің басшысы Абдурасул Шомирсаидов та зардап шеккен. Ресми Душанбе жергілікті полиция полковнигі мылтықтан ауыр жарақат алғаны туралы ақпаратты растаған.

Тәжікстандық news.tj сайтының мәліметінше, кеше жарақат алған төрт тәжікстандыққа қазіргі уақытта ота жасалған. Алайда олардың бірі - Абдурасул Шомирсаидовқа қалада ғана жасауға мүмкіндік туатын тағы бір күрделі ота керек, алайда оны Ворухтан әкету мүмкін болмай отыр екен. Себебі, басылымның мәліметінше, қырғыз тарапы жолды жауып тастаған, тіпті жедел жәрдем көлігі де өте алмай тұр.


Жарақат алған ІІБ тергеу бөлімінің басшысы Абдурасул Шомирсаидов. © Исфара әкімдігінің баспасөз қызметі

Түске қарай Қырғызстандағы қақтығыс аумағына жақын екі ауылдың тұрғындары эвакуацияланғаны анықталды. 

Ал Желіде қақтығыс кезінде түсірілген суреттер жарияланып жатыр. Онда ер адамдардың айғайлап, тас лақтырып жатқаны, кейбіреулердің оларды сабырға шақырғаны көрінеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

22.07.2019 соати 17:03

Публикация от Vorukh_page_official (@vorukh_news)

Қызыл Жарты Ай Ұлттық Қоғамының ақпараты бойынша, 315 адам Баткенге жеткізілді: 55-і туған-туыстарына, ал 260-ы мектептер мен лицейлерде ұйымдастырылған уақытша лагерьлерге орналастырылған. Көшірілгендердің көпшілігі - балалар мен әйелдер.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Киргизу точик чанг дар Ворух 22.07.2019 соати 17:13

Публикация от Vorukh_page_official (@vorukh_news)

"Қызыл Жарты Ай ТЖМ ұсынысы бойынша уақытша орын ауыстырған адамдарға бес лашық, сондай-ақ су, азық-түлік және ауруханаға жатқызылғандарға арналған киім берді", - деп хабарлады қоғамның өкілдері.

Жанжал орнына вице-премьер Жеңіс Разақов пен мемлекеттік шекара қызметінің басшысы Ұларбек Шаршеев ұшып кеткені хабарланды.

Осы оқиғадан кейін Тәжікстан мен Қырғызстан президенттері Тәжікстандағы Исфара қаласында кездесіп, тәжік-қырғыз шекарасын демаркациялау және делимитациялау мәселелерін талқылайтын болды. Екі ел көшбасшыларының кездесуі Ворухта осы аптаның соңына дейін өтеді. Тараптар келіссөздер жүргізіп, шекаралас ауылдардың тұрғындарымен кездеседі екен.


Эмомали Рахмон мен Сооронбай Жээнбеков. © Sputnik / Табылды Кадырбеков

Түс ауа Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай бойынша кеңес өткізіп, күш құрылымдарының жұмысын сынға алды. Бұл туралы көрші елдің басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Жээнбеков шекарашылар сеніп тапсырылған аумақтарда қызмет атқарып қана қоймай, жергілікті тұрғындармен және басқа елдердің әріптестерімен келіссөздер жүргізе білуі тиіс екенін атап өтті. "Мемлекеттегі тыныштық пен бейбітшілік шекарадағы тұрақтылыққа байланысты. Қандай жағдай болса да, жергілікті билік өкілдері мен тұрғындармен кездесіп, арандатуға жол бермеу керек", - деп кесіп айтты Жээнбеков.


Сооронбай Жээнбеков қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай бойынша кеңесте. © Қырғызстан президенті баспасөз қызметі

Қырғыз басшысы шекара маңындағы аудандар халқының әлеуметтік-экономикалық проблемаларын уақтылы шешу қажеттігін де атап өтті. 

Ал қырғызстандық БАҚ қырғыз билігінің Тәжікстанды эмоцияға берілмеуге шақырғаны жайлы хабар таратып жатыр. Мәселен 24.kg сайты таратқан мәлімет бойынша, Тәжікстан ҰҚКМ шекара қызметі қақтығысты "екі елдің басшыларының кездесуі қарсаңындағы қырғыз тарапынан жүзеге асып жатқан арандату" деп бағалаған.

"Өз кезегінде Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметі тәжік тарапын эмоцияға ерік бермеуге және қырғыз тарапының атына негізсіз айыптаулардан, сондай-ақ жағдайды және қосымша шиеленісуі мүмкін кез келген қарсылық пен іс-қимылдарға ықпал ететін мәлімдемелерден бас тартуға шақырды", - делінген сайттың хабарламасында.

Бүгін, 23 шілдеде сағат 14.28-де қырғыз-тәжік шекарасында Баткен облысында тағы да атыс болғаны белгілі болды. Бұл мәліметті Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз қызметі растады. 

Ведомстводағылар жағдайдың шиеленіскенін атап өтті. МШҚ ақпараты бойынша, тәжік тарапы Қырғызстан азаматтарына қарай екі рет оқ атқан. Нәтижесінде шекарашы жараланған.


© Видео кадры

Айта кетейік, тәжік-қырғыз шекарасының ұзындығы - 970 шақырым. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін екі Республика шекара бөлімін аяқтамаған. Осыған байланысты Тәжікстан мен Қырғызстанның шекара маңындағы тұрғындар арасында қақтығыстар жиі болып жүр. Екі елдің азаматтары бір-бірін мемлекеттік шекараны бұзды деп айыптайды. Қақтығыстар кезінде тас лақтыруға, кейде оқиға қарулы қақтығысқа ұласады.

Соңғы жылдары Тәжікстан мен Қырғызстан билігі шекараларды демаркациялау және делимитациялау туралы бірнеше рет келіссөздер жүргізіп, Тәжікстан мен Қырғызстан арасында ресми шекараларды мүмкіндігінше тезірек орнату ниеті болды.

Еске салайық, қырғыз-тәжік шекарасындағы соңғы жанжал 2019 жылы 13 наурызда болды. Оған Исфара қаласының Ворух аумағында "Көкташ-Оксой-Тамдық" жолындағы қырғыз тарапының құрылысы себеп болды.

Бір-бірін таспен ату және лақтыру нәтижесінде Тәжікстанның бір азаматы қаза тапқан. Қырғызстан азаматы ауруханаға жеткізілді. Ондаған адам жарақат алды. 2018 жылы қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасында жеті оқиға тіркелгенін айта кетейік.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 447.35   490.7   4.75 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети