ПОДЕЛИТЬСЯ
25 мая 2020 | 17:50
ТМД-ның қай елінде коронавирус жұқтыру дерегі азайды?
Қазақстанда 8 531 адамнан коронавирус анықталған. COVID-19 жұқтырғандар саны бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында үшінші орында тұр. Ал ТМД-ның басқа елдерінде коронавирус жағдайы қандай? Tengrinews.kz тілшісі мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанмен одақтас елдерде коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандарды шолып шықты.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанда 8 531 адамнан коронавирус анықталған. COVID-19 жұқтырғандар саны бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында үшінші орында тұр. Ал ТМД-ның басқа елдерінде коронавирус жағдайы қандай? Tengrinews.kz тілшісі мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанмен одақтас елдерде коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандарды шолып шықты.
Ресейде - 344 481 адам
ТМД елдерінен коронавирус тараған алғашқы ел - Ресей. 31 қаңтарда Түмен мен Чита қалаларында вирус жұқтырғандар анықталды. Екеуі де - Қытай азаматы.
Ал елде вирус жұқтырған үшінші адам наурызда ғана анықталды. Содан бері Ресейде COVID-19 жұқтыру дерегі арта түсті. Сәуірден бастап елде вирус жұқтырғандар санына күн сайын орташа есеппен 5-6 мың адам қосылып отырған. Ал мамырдан бастап тәулігіне 10 мыңға жуық адамнан коронавирус табылып жүр.
© РИА Новости
25 мамыр таңдағы жағдай бойынша, Ресейде 344 481 адамнан коронавирус анықталған. Оның ішінде 113 299 науқас айығып шыққан. Ресей дүние жүзінде вирус жұқтырғандар саны бойынша үшінші орында тұр.
Соңғы уақытта Ресейде бір тәулікте 100-ден аса адам вирустан көз жұмады. Бүгінде 3541 адам қайтыс болған. Бұл - елде коронавирус жұқтырғандардың 1,02 пайызы.
Беларусьте - 36 198 адам
ТМД-да вирус қатты тарап жатқан тағы бір ел - Беларусь. Онда коронавирус жұқтыру дерегі 28 ақпанда тіркелген. Сол кезде Иранда оқып жатқан студенттен COVID-19 анықталған.
Елде алғаш рет вирус табылғаннан кейін екі ай ішінде COVID-19 жұқтырғандар саны 10 мыңнан асқан. Беларусьте күн сайын 900-ден аса адамнан вирус анықталып жатыр. Соңғы бір тәулікте елде 964 адамнан вирус табылған. Беларусьте жалпы 36 198 адам COVID-19 жұқтырған. Оның ішінде 14 155 адам аурудан айыққан.
Елде 31 наурызда коронавирустан алғашқы адам өлімі тіркелген. Содан бері күніне 4-5 адам вирустан көз жұмып келеді. Бүгінде 199 адамнан қайтыс болған. Бұл - вирус жұқтырғандардың 0,55 пайызы.
Молдовада - 7 093 адам
Молдовада коронавирус 8 наурызда анықталды. Алғашқы науқас 28 ақпанда Италияда ауруханаға түсіп, артынша ұшақпен Молдоваға оралғаны хабарланды.
Содан кейін екі апта ішінде елде жүзден аса адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды. Ал сәуір бойы күн сайын 100 жақты адамнан вирус табылған. Мамырда бұл көрсеткіш қатты өзгерген жоқ. Соңғы бір тәулікте Молдовада 99 адамнан коронавирус анықталған. Бүгінде Молдовада 7 093 адам COVID-19 жұқтырған. Оның 3 713-і аурудан жазылған екен.
Елде вирус алғаш табылғаннан соң он күннен кейін адам өлімінің алғашқы дерегі тіркелді. Соңғы уақытта күн сайын 5-10 адам арасында қайтыс болып жатыр. Соңғы бір тәулікте 8 адам көз жұмған. Осылайша, қайтыс болғандардың саны 250-ге жетті. Бұл - COVID-19 табылғандардың 3,5 пайызы.
ТМД елдері арасында пайыздық көрсекіште ең көп адам шығыны Молдовада тіркелген.
© Pixabay.com
Арменияда - 6 661 адам
Арменияда коронавирус жұқтыру дерегі 1 наурызда тіркелген. 11 наурызда тағы үш адамнан вирус анықталған. Содан бері елде күн сайын вирус жұқтырғандар саны артып жатыр.
Сәуірдің аяғындағы жағдай бойынша, бұл елде 2 мыңнан аса адамнан вирус табылған еді. Ал мамырда бұл көрсеткіш үш есе өсті. Соңғы үш күнде тәулік сайын 300-ден аса адамнан COVID-19 табылып отыр. Бүгінде Арменияда барлығы 6 661 адамнан коронавирус анықталған. Оның ішінде 3 064 науқас аурудан айыққан.
Арменияда 26 наурызда коронавирустан алғашқы адам қайтыс болған еді. Бүгінде күн сайын 3-4 төрт адам вирус жұқтырып өмірден өтіп жатыр. Жалпы алғанда 81 адам қайтыс болған. Ал бұл - вирус жұқтырғандардың 1,21 пайызы.
Әзербайжанда - 4 122 адам
Ал Әзербайжанға коронавирус 28 ақпанда жеткен. Сол кезде елде вирус жұқтырған Ресей азаматы екені белгілі болған. Келесі күні тағы екі адамнан вирус табылған. Артынша 5 наурызға дейін елде вирус жұқтырудың жаңа дерегі тіркелмеген. Наурыздан бастап елде сәт сайын вирус жұқтырғандар көбейе берді.
Бұл елде коронавирус жағдайы ТМД-ның көп еліне қарағанда жақсырақ. Көп уақыт бойы елде бір тәулікте орташа есеппен 30-40 адамнан вирус табылып отырған. Соңғы күндері 100-ден аса дерек тіркеліп жүр. Бүгінде Әзербайжанда 4 122 адам вирус жұқтырған. Оның 2 607-сі аурудан айыққан.
Әзербайжанда коронавирустан адам өлімі алғаш рет 13 наурызда тіркелген. 23 наурызда бірден үш адам көз жұмған. Жалпы алғанда, елде 49 адам қайтыс болған. Бұл - вирус жұқтырғандардың 1,18 пайызы.
© pixabay.com
Өзбекстанда - 3 164 адам
Өзбекстанда коронавирус жұқтыру дерегі 15 наурызда тіркелді. Өзбекстан азаматы елге Франциядан келгені хабарланған.
Қазақстанның оңтүстіктегі көршісі ТМД-да вирус аз тараған елдердің бірі саналады. Елде бір тәулікте коронавирус табылған адамдар саны 100-ге де жетпейді. Соңғы бір күнде 49 адамнан COVID-19 анықталған.
Бүгінде Өзбекстанда 3 164 адамнан коронавирус табылған. Вирустан айыққандар саны да жоғары. Елде вирус жұқтырғандардың 2 565-і аурудан жазылған.
Ал елде коронавирустан адам өлімінің алғашқы дерегі 27 наурызда тіркелген. Екі айға жуық уақыт ішінде оның саны артты. Елде соңғы рет вирустан қайтыс болған адам туралы 18 мамырда хабарланған еді. Бұл елде коронавирустан көз жұмғандар саны 13-ке жетті. Бұл - коронавирус анықталғалғандардың 0,41 пайызы.
Тәжікстанда - 2 929 адам
Тәжікстанда ұзақ уақыт бойы коронавирус табылмаған еді. Вирус жұқтырудың алғашқы дерегі 30 сәуірде тіркелген. Сол кезде бірден 15 адамнан COVID-19 анықталғаны хабарланған.
Мамырдан бастап елде вирус жұқтырғандар саны күрт өсіп кетті. Соңғы күндері елде күн сайын 200-ге жуық адамнан вирус табылып жатыр. Соңғы бір тәулікте тағы 187 адам коронавирус жұқтырған. Бүгінде коронавирус бір айдан аз уақыт бұрын табылған Тәжікстанда 2 929 адамнан коронавирус табылған.
Елде вирустан көз жұмғандардың саны да көп. Алғаш рет 2 мамырда адам өлімі тіркелген. Содан бері 23 күнде елде 46 адам көз жұмған. Ал бұл - коронавирус жұқтырғандардың 1,57 пайызы.
Қырғызстанда - 1 403 адам
Қырғызстанда коронавирус анықталғаны 18 наурызда хабарланған. Сол кезде елдің денсаулық сақтау министрі үш адамның вирус жұқтырғанын мәлімдеген еді.
Бұл ел ТМД елдері ішінде коронавирус ең аз тараған мемлекет саналады. Қырғызстанда 18 мамырда 78 адамнан вирус табылған, бұл елдің антирекорды саналады. Ал қалған уақытта бір тәулікте вирус жұқтырғандар саны 40-қа да жетпейді.
Кеше елде 38 адамнан COVID-19 анықталғаны хабарланған. Жалпы алғанда Қырғызстанда 1 403 адам коронавирус жұқтырған. Оның 980-і жазылған.
Қырғызстан коронавирустан адам өлімі бойынша да соңғы орында. Елде вирустан көз жұмған адам туралы 3 сәуірде хабарланған. Содан бері 14 адам көз жұмған. Бұл - вирус жұқтырғандардың 0,99 пайызы.
Оқи отырыңыздар:
"Бір тәулікте 182 адам". ТМД-ның қай елі коронавирустан көбірек зардап шекті?
"Күніне 40 адам өледі". ТМД-да коронавирустан адам шығыны қай елде көп?
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также