ПОДЕЛИТЬСЯ
13 мая 2020 | 16:56
"128 миллион теңге түсті". Блогер мұқтаж жандарға осымен сегізінші үйге ақша жинап берді
Баспана тақырыбында жазатын блогер Дәулет Төлеутайұлы алты баласы бар жалғызбасты әкеге баспана алып беру үшін 8 миллион теңге жинаған. Жақын арада көпбалалы әке баспаналы болады. Бұл блогердің мұқтаж отбасыларға 8-рет үй әперуі. Tengrinews.kz тілшісі Дәулет Төлеутайұлымен әңгімелесіп, қайырымдылық іс-шаралары туралы сұрады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Баспана тақырыбында жазатын блогер Дәулет Төлеутайұлы алты баласы бар жалғызбасты әкеге баспана алып беру үшін 8 миллион теңге жинаған. Жақын арада көпбалалы әке баспаналы болады. Бұл блогердің мұқтаж отбасыларға 8-рет үй әперуі. Tengrinews.kz тілшісі Дәулет Төлеутайұлымен әңгімелесіп, қайырымдылық іс-шаралары туралы сұрады.
"Қайырымдылықтың бір үлгісін көрсетуді қаладым"
Қазіргі таңда Дәулет Төлеутайұлы - баспанаға бағыт беруші жетекші сарапшы маман. Оның кеңесімен бүгінде мыңнан аса тұрғын баспаналы болған. Еліміздің әр аймағында 3 мыңға жуық адамға шеберлік сабақтарын өткізген.
Блогер кейін оқырмандарын қайырымдылық жасауға шақырғанын айтады.
"Instagram желісіндегі парақшамда оқырмандарым көбейген сайын, оларды жақсы жаққа жұмылдыру, қайырымдылықтың бір үлгісін көрсетуді қаладым. Қайырымдылық жасағанда ақша жинауды ұзаққа созбай, шамамыз жеткенше, 24 сағатта жинауды ұйғардық. Өзіміздің шамамызды байқап көрмек болдық. Баспана сыйлау қарашада алты баласы бар Асхат пен Гүлжахан деген жандардан басталды. Олар оған дейін вагонда тұрып жатқан", - дейді блогер.
Сол кезде Дәулеттің бастамасымен оның оқырмандары бір тәулікте 6 450 000 теңге жинап берген. Бұл сомаға олар отбасына үй сатып алып, кейін техникалық заттар алған.
"Гүлжахан босанды". Контейнерде тұрып жатқан отбасына блогер оқырмандарымен бірге үй сыйлады
Дәулеттің айтуынша, ол үшін қайырымдылық жасау - мектептен келе жатқан іс.
"Оқушы кезімде түрлі қайырымдылық шаралар ұйымдастыратынмын. Ардагерлердің үйіне барып, үйін жинап беретінбіз. Студент кезімде де қайырымдылықпен айналысудан бас тартпадым. 2010-жылдары Қызылағаш суға батқан кезде қайырымдылық штабында болғанмын. Одан бөлек, талай рет студенттер жиналып, Алматыдағы балалар үйіне барып, киім мен азық-түлік апарып беретінбіз", - дейді блогер.
8 отбасына баспана сыйлаған
Дәулет Төлеутайұлы бүгінде жеті отбасына баспана алып берген. Семейде тұратын жалғызбасты әкеге үй алып беру мәселесі бітуге жақын. Оқырмандары бір тәулікте 8 миллион теңге жинап берген. Қазір Дәулет пен оның командасы отбасына үй іздеп жатыр.
Блогер еліміздің түрлі аймағынан отбасыларға көмектеседі. Бүгінге дейін ол Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей, Өскемен, Қызылорда және Шымкенттегі мұқтаж отбасыларға баспана сыйлаған.
"Оқырмандарым бір тәулікте баспана алуға жететін сома жинап береді. Мысалы, Алматы облысында вагонда тұрған 6 балалы отбасына фалловерлер 6,5 миллион теңгеге жуық жинағанын айттым. Кейін алматылық тағы бір отбасына 7,5 миллион теңге жинап берді. Ал Нұр-Сұлтанда бес бауыры бар жетім балаға оқырмандар 10 миллион теңгеден аса қаражат берді", - дейді Дәулет.
Баспана алуға жиналған ең көп сома - 11 миллион теңге. Блогер оқырмандары бұл соманы мүмкіндігі шектеулі, бес балалы жалғызбасты анаға жинаған.
Оқырмандары жалпы 128 миллион теңге жинаған
Сонымен қатар, Дәулет Төлеутайұлы сырқат жандарға да ақша жинаумен айналысады. Мысалы, гидроцифилия диагнозы қойылған Іңкәр есімді кішкентай қыздың еміне 2,5 миллион теңге жинаған.
"7 сағатта 10 миллион теңге". Блогер оқырмандарымен бірге көпбалалы отбасына пәтер сыйлады
Сонымен қатар, астаналық Самат Ақбергенге деп оның оқырмандары жан-жақтан 20 миллион теңгеге жуық қаражат жіберген. Бұл ақша Ресейде мидың қатерлі ісігіне қарсы жасалған операциясының шығынына төленген. Ота сәтті жасалыпты.
Коронавирусқа байланысты елде төтенше жағдай режимі жарияланғанда да, Дәулет Төлеутайұлы қаражат жинап, мұқтаж жандарға көмектескен.
"Төтенше жағдай кезінде 12 миллион теңге жиналды. Бұл қаражатқа 400 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Соның ішінде жұмысынан айырылған 5 отбасына бір айлық пәтер ақысы төленді", - дейді ол.
Сондай-ақ, таяуда Мақтаарал ауданы суға кеткенде де блогердің бастамасымен қайырымдылық шарасы қолға алынған. Нәтижесінде Дәулеттің оқырмандары бір тәулікте 24 297 000 теңге жинап берген. Бұл сомаға ол 160 оқушыға ноутбук алып бермек.
"Шынымды айтсам, чек өте көп түсті. Біреуін көремін, біреуін көрмей қаламын. Өзім көргендер ішінен бір адамнан ең көбі 70 мың теңге түсті. Енді бұл қаражатты балалардың біліміне жұмсамақпын. Әрі ойланып, бері ойлана келіп, әділ шешім биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтетін түлектерге ноутбук сыйлау болды", - дейді блогер.
Бүгінде Дәулет баспанаға немесе ем алуға деп оқырмандарынан 12 рет ақша жинаған. Сол 12 бастамасынан жалпы алғанда 128 785 470 теңге түскен екен. Блогер түскен ақша бойынша оқырмандарына есеп беріп отыратынын айтады.
Дәулет Төлеутайұлының сөзінше, қазір ол қайырымдылық қорын заңды түрде тіркеп жатыр екен. Бұл қоры баспана және білім бағытында жұмыс істей беретінін айтады. Яғни, жиналған ақша мұқтаж отбасыларына үй әперуге, жастардың білім алуына көмектесу мақсатында жұмсалады дейді ол.
Жұбайы қайтыс болып, төрт баламен жалғыз қалған әкенің оқиғасы қазақстандықтарды жылатты
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также