ПОДЕЛИТЬСЯ
02 мая 2020 | 12:57
20 мың адам COVID-19 жұқтырған Швецияда неге карантин жарияланбаған?
Швеция - коронавируспен карантин режимінсіз күресіп жатқан аз ғана елдердің бірі. Ресми деректер бойынша, елде COVID-19 жұқтырғандардың саны 20 мыңнан асқан. Швецияда фармацевтика саласында дәрігер болып қызмет ететін Зарина Tengrinews.kz тілшісіне елдегі жағдайды баяндап берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Швеция - коронавируспен карантин режимінсіз күресіп жатқан аз ғана елдердің бірі. Ресми деректер бойынша, елде COVID-19 жұқтырғандардың саны 20 мыңнан асқан. Швецияда фармацевтика саласында дәрігер болып қызмет ететін Зарина Tengrinews.kz тілшісіне елдегі жағдайды баяндап берді.
Зарина Швецияға 2016 жылы магистратура бағдарламасы бойынша көшіп кеткен. Артынша Стокгольмде жұмыс істеп, сонда қалып қойған. Оның айтуынша, жалпы елде коронавирусқа байланысты қатаң шектеулер жоқ.
"Жалпы карантинге байланысты бізде Еуропаның көптеген еліне қарағанда қатаң шектеулер жоқ. 50 адамнан көп жиналуға тыйым салынды. Мүмкіндігінше үйден жұмыс істеу керек. Кейбір компаниялар уақытша жабылу туралы шешім қабылдады. Бірақ кез келген уақытта сыртқа шығып, қаласақ кеңсеге бара аламыз. Ешқандай коменданттық сағат жоқ. Қоғамдық жерлерде арақашықтық сақтауды сұрайды. Бірақ оның өзін ешкім бақылап отырмайды. Барлар мен мейрамханалар жұмысын тоқтатқан жоқ. Жаймашуақ күндері адам көп болады, арақашықтық сақталмайды", - дейді Зарина.
Кейіпкеріміздің айтуынша, жергілікті биліктің әрекеті ұзақ уақыт алған.
"Біріншіден, биліктің шешім қабылдауы ұзаққа созылып кетті. Скандинавия - премьер коронавирусқа байланысты жағдай туралы сөз сөйлеген соңғы елдердің бірі. Барлық талап демократияға негізделген. Мемлекет ештеңені талап етпейді, өтініш немесе ұсыныс жасайды. Яғни, мемлекет адал көзқараста", - дейді Зарина.
Швецияда қоғамдық орындарда адам көп жүреді екен. Әсіресе демалыс күндері. Заринаның айтуынша, жергілікті мектептер мен жоғары оқу орындары да бұрынғы режиммен істеп тұр.
"Қала бойынша бір кинотеатр жұмыс істеп тұр. Қалған екі кинотеатр жабық. Пабтарда, мейрамханаларда адам саны көп. Саябақтарда демалыста, күн жылы кездері адам көп жүреді. Жергілікті мектептер мен жоғары оқу орындары жабылған жоқ. Бұрынғы режим бойынша жұмыс істеп жатыр. Меніңше, әсіресе барларда адамдардың көп жүргені дұрыс емес. Егер арақашықтықты сақтаса, бәрі жақсы болады деп ойлаймын", - дейді Зарина.
Заринаның айтуынша, Швецияда қашықтан жұмыс істеуге рұқсат берілген. Бірақ кеңсеге келіп жұмыс істеуге де шектеу жоқ.
"Жалпы ешқандай шектеу жоқ. Қашықтан жұмыс істей алмайтындар бұрынғы режим бойынша жұмыс істеп жүр. Бірақ, менің байқауымша, дүкендерде, сауда орталықтарында жұмыс сағаты қысқарған. Адамдар да қорғанып жүрген жоқ, маска тағып жүрген бірнеше адамды ғана көрдім. Масканы дәріханадан сатып ала да алмайды, ол сатылымда болған да емес. 1,5 ай бұрын азық-түлік тапшы болды, бірақ қазір мұндай мәселе байқалмайды. Коронавирусқа байланысты үрей тек басында болды. Қазір бәрі тыныш. Үйде қалғысы келетіндер үйде отырады", - дейді кейіпкеріміз.
Зарина өз басы сыртқа шыққанда арақашықтықты сақтауға тырысатынын айтты.
"Ешқандай қорқыныш жоқ. Әрине, ауырғың келмейді. Сондықтан көбіне үйде болып, сыртқа шыққанда, дүкенге барғанда арақашықтықты сақтауға тырысамын", - деді Зарина.
Еске салайық, 30 сәуірдегі мәлімет бойынша, дүние жүзінде коронавирус жұқтырғандардың саны 3,2 миллионнан асты. Бір миллионнан аса адам коронавирустан жазылып шықса, 228 394 адам COVID-19-дан қайтыс болды. Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 3671-ге жетті. Сондай-ақ 922 адам жазылып шықты.
Показать комментарии
Читайте также