14 января 2020 13:35

Әбілхан Қастеев өз заманында қандай цензураға ұшырады?

Әбілхан Қастеев © © Хабар TANYM бағдарламасы

1 қаңтар - қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің туған күні. Ол 1904 жылы Алматы облысы Панфилов ауданы Шежін ауылында туған. Tengrinews.kz тілшісі қылқалам шеберінің шығармашылығы мен еңбек жолын баяндайды.

ПОДЕЛИТЬСЯ

1 қаңтар - қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің туған күні. Ол 1904 жылы Алматы облысы Панфилов ауданы Шежін ауылында туған. Tengrinews.kz тілшісі қылқалам шеберінің шығармашылығы мен еңбек жолын баяндайды.

Әкесінен үш жасында айырылған

Реклама
Реклама

Әбілхан Қастеев кедей отбасында дүниеге келген. Әкесінен үш жасында айырылған оның отбасындағы үш бала мен жалғыз шешесі кедейлікте күн көріп, барлық ауыртпалық анасына артылған. Суретші анасына сүйеу болып, еңбекке жастайынан араласқан. Сөйтіп 8 жасында жалданып, байдың қойын баққан.

"Әкем екі бауырымен және анасы қалды. Күн көру қиын болды. Әкеміз күн көру үшін байлардың үйіне барып ауласын сыпырып жүрді. Мал бағып жүрген кезде туған жері Шежіннің әдемілігін байқаған", - деген екен суретшінің қызы Гүлдәрия Қастеева Хабар TANYM бағдарламасында.  

Жапан далада күні бойы мал баққан Әбілхан тау-тастың түрлі-түстісін көріп, бәрін қызықтаған. Осылайша суретші қолына түскен заттардан түрлі дүние, ағаштан бұйымдар жасауды меңгерген. Өз бетімен әшекей бұйымдарын жасауға да машықтанған. 

Ауыл молдалары суретшінің шығармашылығына қарсы шыққан

Суретшінің қызы Гүлдәрия Қастееваның айтуынша, әкесі түрлі нәрселерден адам мүсіндерін салғаны үшін опық жеген күндері болған.

"Әкеміз табиғат көріністеріне сүйсініп қарап отыратын. Бекер отырғанша әкеміз жұмсақ тастарды тауып неше түрлі заттар жасайтын. Бір кездері әкеміз адамдардың мүсіндерін жасағандай болатын. Содан бір кезде имам әкем тастан жасаған мүсінін көріп "Сен неге адамның мүсінін жасайсың? Сені құртамын. Шарихат бойынша ондай жасауға болмайды" деп ұрысып кеткен.

Әкем оны тыңдамай бәрібір жасап жүрді. Имам әкеміз бұл ісін қайта қолға алғанын естіп "Сенің әкеңді де, шешеңді де мешітке жібермеймін. Олар енді біздің мешітке келіп намаз оқымасын. Сендер күнәһарсыңдар" деп айыптаған", - дейді суретшінің қызы. 

Алғашында Қастеевтің шығармашылығына ауыл молдалары қарсы шықса, кейіннен совет цензурасы бөгет болған. Олар суретшіден уақыт талабына сай идеологиялық тақырыпта сурет салуды талап еткен екен. 

Лениннің портреті - білім жолын ашқан туынды 

Бірде суретші қолы боста Лениннің портретін салған. Жас суретшінің туындысын ұнатқан басшылық оның арнайы білім алуына жол ашады. Бірақ бай баласы емес пе деп алдымен Қастеевтің арғы тегін тексерген. Кедей отбасынан шыққанына көзі жеткен басшылық оған мүмкіндік беруді ұйғарады. 

Сөйтіп Әбілхан Қастеев Алматыдағы танымал суретші Николай Хлудовтың шеберханасында білім алады. Хлудов - Қастеевтің алғашқы ұстазы әрі көпті үйреткен кісі екен. 

Қылқалам шеберінің өміріне ағарту саласының комиссары Темірбек Жүргенов те араласып, оның Мәскеуде білім алуына жол ашқан. Бірақ ол бұл мектепті аяқтамай, оқуды тастап, елге оралған. 

Мәскеуден қайтарда Қастеев бірнеше картинасын сатуға шешім қабылдайды. Ұсынысын қабыл алған музейдегілер оның туындыларын өзі сұраған бағадан бірнеше есе қымбатқа сатып алған. Қастеевтің бас қоспақ болған сүйіктісі болатын. Алайда ол суретшіні мал бағушы деп менсінбей қойған екен. Кейіннен Мәскеуден жаңа костюм киіп, мүлде өзгеріп шыққан Әбілханды көрген бұрынғы сүйіктісі қайта келмек болады. Алайда ол кезде Қастеевтің басқа қалыңдығы болған екен. 

Әбілханнан 10 жас кіші Сақыш тоғыз баланың анасы атанған. Суретшінің шығармашылығымен айналысуына мүмкіндік жасайды. 


Әбілхан Қастеев жары Сақышпен

Пәтерге қолы әрең жеткен

Суретші Дінмұхамед Қонаевқа тікелей барады. Қастеевке үй салып беру туралы министрлер кеңесінің қаулысы шығады. Бірақ жоба бойынша үйді қызыл кірпіштен салуы керек болған прораб суретшіге қамыс үй салып береді де, өзіне кірпіштен үй тұрғызып алады. 

"Үйді өте тез салды. Бірақ үй өте суық болып, жылу жүйесі де дұрыс жүргізілмей, үй жобаға сай емес қамыстан салынған. Жылу батареясының орнында құры құбырлар тұрды. Бала кезімізде жер салқын болғандықтан аяғымызды жылы құбырға асып қойып жататынбыз. Себебі құбырдың жоғары жағы төменге қарағанда жылы болды", - дейді суретшінің қызы Гүлназия Қастеева Хабар TANYM бағдарламасына берген сұхбатында. 

Қастеев 1955-1959 жылдары Қазақ ССР Жоғары кеңесінде депутат болып қызмет еткен. Ол аймақтардың мәселесін шешіп, мектеп, балабақша салу мәселесіне белсене араласқан. Танымалдығы мен халықтың сүйіспеншілігін, биліктің оған деген көзқарасын өнердегі әріптестері көре алмай, Қастеевтің зор абырой-құрметке бөленгеніне бөгет болғандар да болған екен.


© Хабар TANYM бағдарламасынан скриншоттар

Қазақтан шыққан тұңғыш қылқалам шебері сол кездері КСРО-дағы ең үлкен марапат "Ленин сыйлығына" бірнеше мәрте ұсынылса да ала алмаған. Мәскеуге сан мәрте құжат өткізілгенімен түгел емес деген сылтаумен кейінге қала берген. 

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram