19 апреля 2021 | 13:34

"Алматы мені күтіп тұрғандай келдім". Ғазиза Әбдінәбиеваның өмірі мен шығармашылығы

Ғазиза Әбдінәбиева

Кеше актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева 73 жасында өмірден өтті. Актриса 1948 жылы 3 қаңтарда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Торғатай ауылында туған. Tengrinews.kz тілшісі актрисаның өмірі мен шығармашылығын баяндайды. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Кеше актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева 73 жасында өмірден өтті. Актриса 1948 жылы 3 қаңтарда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Торғатай ауылында туған. Tengrinews.kz тілшісі актрисаның өмірі мен шығармашылығын баяндайды. 

Ғазиза Әбдінәбиева мектеп бітіріп, бірден арман қуып Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы өнер институтына түскен. Себебі бала күнінен арманы өнер жолы болған екен.

"Түсе алмаймын деген ой болған жоқ. Жаман чемоданымды көтеріп, бүкіл Алматы мені күтіп тұрғандай келдім ғой", - деген екен актриса "Бірегей" бағдарламасында.

Реклама
Реклама

Фото: Qazaqstan

Актриса еңбек жолын 1969 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында бастаған. Ал 1993 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры басшылығының шақыруымен сол ұжымға ауысып келген. Ғазиза Әбдінәбиева екі театрда да ұлттық классика мен заманауи драматургия туындыларында ерекше образдар жасай білді. 

Шұға, Әсел, Райхан секілді арулармен қатар, Тұтқын әйел, Шекер, Бөржан, Теңге, Айша апай секілді әрқилы тағдырды бастан кешірген аналар образын сомдап шықты. Одан бөлек, әлемдік классика шығармаларынан "Сүт ана", "Гертруда", "Анна Андреевна", "Жиһан", "Бейтаныс әйелді" сомдады.

"Бұл қыз - әмбебап. Кең диапазонды қыз, сахнадағы қайғыға да, қасіретке де, данагөйлікке де бірдей келе беретін. Кинода жүрген комедия ролдерінің өзінде астарында философиялық астары бар үлкен дүниелер жасайтын. (...) "Анна Каренинада" бір роль ойнап шықты. Бір мақсат қойсаңыз, соны өзі зерттеп, түбегейлі тетігін таппай, тоқтамайды. Бұл іздемпаздық - актриса үшін жеңіс ", - деген екен ұстазы, ҚР Халық әртісі Есмұхан Обаев "Таңшолпан" бағдарламасында.

Кинорежиссерлер де өнер иесін фильмдеріне жиі шақыратын. "Қыз жылаған", "Нан", "Жел адам", "Сіз кімсіз, Ка мырза?", "Біржан сал", "Айналайын" көркем фильмдерінде, сондай-ақ "Тоғысқан тағдырлар" (Перекресток), "Кемпір", "Қара шегіртке" (Саранча), "Зауал" телесериалдарына түскен.

"Ғазизаның әрбір образы бөлек дүние ғой. Оның әрқайсына жеке тоқталып, театр сыншылары, көзі қарақты театр зерттеушілеріміз жазуы керек. Ол тарихта қалуы керек. Ғазизаның мектебі болып қалуы керек деп ойлаймын", - деген екен құрбысы Гүлжамал Қазақбаева "Күміс апа" бағдарламасында. 

Актриса туралы қызық деректердің бірі: өнер иесі ақшаның түрін танымаған екен. Тіпті соған байланысты қызық оқиға да болыпты. Бірде таксиге отырып, жолдасы берген 500 теңгені жүргізушіге беремін деп отырған екен. Алайда одан да ірірегін берейін деп, басқа ақшаны береді. Бірақ 10 мың теңге беріп қойған екен. Такси жүргізушісі де ештеңе айтпаған, өзі де ештеңе сұрамай кетіп қалған екен.

Ғазиза Әбдінәбиеваның отбасы туралы мәлімет аз. Әкесі қарапайым адам болған. Ол Тартоғай ауылының үшінші пермесінде сиыр баққан.

"Әкемнің көрмегені жоқ. Соғысқа қатысқан. 9-сыныпта оқып жүргенімде куәлік алатын уақыт келді. Сонда әкем "Әбішев біздің тек емес, мен саған өзімнің атымды беремін", деді. Сонда қиын заманда жан сақтап қалу үшін бірнеше үй Әбішев болып жүрген екен. Әкем "Ғазиза Әбдінәбиева боласың, менің атымды сен шығарасың" деген. Отбасымызда үш қыз болдық. Қазақта ұл балаға ерекше қарайды ғой. Бізде ұл болмады. Мен үйдің ортаншысымын. "Әкемнің атын қалай шығарамын?" деп ойлайтынмын. Ол кісінің екі-үш сөзімен адам болдым, ақылы мені осы күнге жеткізді. "Қарапайым бол, жұрттың батасын ал! Қандай қиындық болса да, жарқырап жүр" деп айтатын. Солай есейдік, оқыдық. Есейгенде әкемнің сөзі дұрыс екенін түсіндім. Әкем тұтқында болып, одан кейін мал бағуға Сырдарияның ар жағына жіберілген. Онда да қой емес, сиыр баққан. Ендігісі, менің тапқан жігітім малшының баласы болды. Күйеуіме "мен әртіспін, сахнада жүремін. Менің өнерім қиын, қызғансаң отбасы бола алмаймыз" дедім. "Бұл сөзге қайтып оралмайық" деді. Осы күнге дейін оралмадық. Оның да жақсылығын айту керек", - деп еске алған екен актриса "Дара жол" бағдарламасында.

Фото: Бродвей

Ал жары Қапалдың етегіндегі сиыршының баласы болыпты. Актрисаның балалары мен келіндеріне деген махаббаты да ерекше болған. 

"Келінімнің айтқанын істеймін. Өйткені ол да біреудің қанша жыл тәрбиелеген баласы. Екі түрлі тәрбие, біреуге сіңіп кету оңай емес қой. Сондықтан оның үйреніп кетуіне көмектесу керек. Шынымен де жақсы көретінімізді түсінуі керек", - деген екен актриса "Күміс апа" бағдарламасында. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная