08 июля 2020 | 12:27

Алматылық жігіт АҚШ-та қазақ тілінде радиохабар таратпақ

Таяуда АҚШ-тың Нью-Йорк штатында қазақ тілінде радиостанцияның тұсауы кесілмек. Бұл жобаның авторы - алматылық Данияр Кожан. Ол қазір Нью-Йоркте тұрып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі Даниярмен сөйлесіп, АҚШ-тағы өмірі мен қазақ тіліндегі радиостанция туралы сұрап білді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Таяуда АҚШ-тың Нью-Йорк штатында қазақ тілінде радиостанцияның тұсауы кесілмек. Бұл жобаның авторы - алматылық Данияр Кожан. Ол қазір Нью-Йоркте тұрып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі Даниярмен сөйлесіп, АҚШ-тағы өмірі мен қазақ тіліндегі радиостанция туралы сұрап білді.

"АҚШ-қа алғаш рет анаммен келдім"

Реклама
Реклама

Данияр Кожан 1987 жылы Алматы қаласында туған. Сондаңы №117 мектепті тәмамдаған. Сондай-ақ, Алматыдағы бұрынғы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде білім алғанын айтады.

Даниярдың айтуынша, ол еңбек жолын Алматы қаласында бастаған. Еліміздегі ALASH PRIDE клубының алғашқы турнирін ұйымдастырып, кейін UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедовтің Қазақстандағы ресми өкілі ретінде жұмыс істепті. 

Өзінің айтуынша, кезінде оның ұйымдастырушылық қабілетін бірінші байқаған әнші, продюссер Қыдырәлі Болманов екен.    

"16 жасымда өмірім түбегейлі өзгерді. Өйткені, Қыдырәлі Болмановпен таныстым. Ол кісі маған сеніп, қарапайым қазақ баланы қасына ертіп алып, біраз нәрсені үйретіп, мені көмекші етіп жұмысқа алды. Ол кісі қалалық әкімшіліктің мәдениет басқармасында қызмет атқарды. Ол кезде Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласының әкім еді. Сөйтіп мен "Ұлытау" тобының, Қыдырәлі мен Қарақаттың және Нұржан Қалжан деген әншінің әкімшісі болып жұмыс істедім. Осылайша 2005-2007 жылдары менің уақытым керемет әрі қызық өтті", - дейді Данияр.

Алғашқыда АҚШ-қа саяхаттап барған отандасымыз кейін Нью-Йорк штатына жұмысқа тұрады. 

"Алғаш рет осыдан үш жыл бұрын АҚШ-қа анаммен келдім. Содан кейін жылына екі рет АҚШ-қа барып тұратын болдым. Қазір осы елде тұрақтап қалдым. Мені Нью-Йорк қаласындағы адвокаттар кеңсесіне PR-менеджер ретінде жұмысқа шақырды. Ballon Stoll Bader - өте танымал компания. 1931 жылдан бастап жұмыс істейді. Азаматтығымды өзгертпедім, Қазақстан азаматымын. Бірақ Алматы мен Нью-Йорк қаласында тұрамын", - дейді Данияр Кожан.

"Қазақстан мен АҚШ халқы екі бөлек"

Бүгінде екі елді мекен етіп жүрген Данияр Қазақстан мен АҚШ халқының менталитетін салыстырды.

"Қазақстан мен АҚШ халқы екі бөлек. АҚШ, расында, дамыған мемлекет қой. Әлемдегі аяққа тұрған бірінші держава деп айтсақ та болады. Халқының көзі ашық. Сондай тәртіпті адамдар да бұл жерде. Сіз біреуді қағып немесе тиіп кетсеңіз, өздері кешірім сұрайды. Соған әрқашан таңғаламын. Адамдар бір-біріне күліп тұрады. Сіз бір нәрсені түсінбей тұрсаңыз, әрқашан көмектесуге дайын. Тіл білмей тұрсаңыз да көмекке келеді. Халық та, полиция қызметкерлері де заңды қатты құрметтейді. Жүздері жайнап тұрады, күліп жүреді", - дейді ол.


Нью-Йорктегі қазақ полицейі Димаш Ниязовпен бірге 

Сондай-ақ, сұхбат барысында Данияр Кожан АҚШ-тағы карантин шаралары мен қара нәсілділердің көтерілісі туралы айтып өтті.

"АҚШ-тағы карантиннің Қазақстандағы шектеулерге қарағанда ерекшелігі бар. Халық арақашықтық сақтауы керек, жабық ғимараттарда маска тағуы керек дегендей... Бірақ көшеге шығуға сізге тыйым салынбайды. Біз карантиннің бірінші күнінен бастап еш кедергісіз далаға шығып, таза ауа жұтып, мұхитқа барып, саябақтарда серуендеп жүрдік. Қазір 1 шілдеден бастап барлық жер ашылды. Қазір карантин де, вирус та ұмытыла бастады. Себебі Джордж Флойдтың өліміне қатысты көтерілістер бәрін басып тастады. Қазір қара нәсілділердің де митингі басылды. АҚШ-та бәрі ақырындап ретке келе бастады", - дейді Данияр.

"Мақсатым - қазақ тілін, Қазақстан мемлекетін насихаттау"

Данияр Кожан енді алпауыт АҚШ-та "Азия дауысы" атты ана тіліндегі радиостанцияны іске қосып, Қазақстан туралы тікелей эфирде хабар таратуды жоспарлап отырғанын айтады.  

"Нью-Йоркте әр түрлі тілде радиостанциялар бар. Мексикан, ағылшын тілінде, орыс тілінде және өзбек тілінде де хабар таратылады. Соған байланысты мен Freedom атты орыс радиостанциясымен бірігіп, қазақ радиостанциясын ашуды қолға алдым. Орыс радиостанциясындағы продюсерлердің бірі - Лев Трахтанберг. Кезінде ол кісі Ресейдегі танымал радиожүргізушілердің бірі болған. Оған идея қатты ұнады. Жалпы, қазақ тіліндегі радиостанцияның мақсаты - бірінші қазақ тілін, Қазақстан мемлекетін насихаттау. Осындай мемлекеттің барын әлем халқына жеткізу", - дейді АҚШ-тағы отандасымыз.

Бүгінде Данияр Кожан қазақ тіліндегі радиостанцияның соңғы жұмыстарын пысықтап жатыр. Таяуда тың жобаның тұсаукесер рәсімі ресми түрде өтеді.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная