04 марта 2021 | 15:27

Ана капиталы деген не? Ресейде бұл бағдарлама пайдалы болды ма?

Фото: kp.ru

Депутаттар Қазақстанда ана капиталын енгізіп, бала дүниеге келгенде 4,2 миллион теңге төлеуді ұсынды.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Депутаттар Қазақстанда ана капиталын енгізіп, бала дүниеге келгенде 4,2 миллион теңге төлеуді ұсынды.

"Елімізде әрбір туған бала үшін қазақстандықтарға 4,2 миллион теңге мөлшерінде мемлекеттік төлем түрінде ана капиталын енгізу орынды. Осы қаражатты мақсатты пайдалану арқылы тұрғын үй сатып алуға және отбасының тұрғын үй жағдайын, балаға білім беру, анасының зейнетақы жинақтарын жақсартуға болады", - деді депутат Ерлан Смайлов.

Мұндай ана капиталы Ресейде он жылдан аса уақыт бойы қолданылады. Tengrinews.kz тілшісі Ресейдегі ана капиталы туралы баяндайды.

Реклама
Реклама

Ана капиталы деген не?

Ана капиталы - бұл Ресейде баласы бар отбасыларға берілетін төлемақы. Ол 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап екінші және одан кейінгі балалар үшін ата-анаға беріледі. Осы 13 жыл ішінде Ресейде тоғыз миллионнан аса отбасы төлем алған.

2007 жылы үкімет екінші және одан кейінгі балаға 250 мың рубльден (сол кезде шамамен 5,2 миллион теңге) беріп бастаған. Жыл сайын инфляция ескеріліп, бұл сома артып отырды. Мысалға 2012 жылы ана капиталы ретінде 387 мың рубльден (сол кезде шамамен 2 миллион теңге) берілген. 2015 жылы бұл сома 453 мың рубльге (шамамен 1,5 миллион теңге) жеткен. Содан бері отбасы тұңғышынан кейінгі әр баласы үшін осынша төлемақы алып келді.


Фото: ikrolevetc\shutterstock

Ал былтырдан бері отбасына бірінші баласы үшін де төлемақы беріледі. Ресейліктер тұңғыш баласын дүниеге әкелсе енді 466 мың рубль алады. Кейін екінші және одан кейінгі балалары үшін тағы 150 мың рубль беріледі. Яғни, екі балаңыз үшін 616 мың рубль аласыз.

Жоспар бойынша, биыл ана капиталы тұңғыш балаға 485 мың, келесі жылы 504 мың рубль болады.

Айтпақшы, ана капиталы бала туған кезде ғана берілмейді. Бала асырап алған кезде де ана капиталын беру қарастырылған. Тек баланы 2007 жылдың 1 қаңтарынан кейін асырап алу қажет.


Фото: duma.gov.ru

Бұл бағдарламаға не себеп болды?

Ана капиталының басты мақсаты - елдегі демографияны өсіру. Мұндай жобаны бастауға 2002 жылғы халық санағы себеп болған. Сол санақ бойынша көп отбасы тек бір бала асырап отырғаны анықталған. 1992-2006 жылдар арасында Ресейдегі балалардың 60 пайызы үйдің тұңғышы болған. 90-жылдары елде әр 1000 адамға 8-9 баладан ғана келетін.

Осыған байланысты 2006 жылы мамырда көрші елдің президенті Владимир Путин халыққа үндеуінде ана капиталы бағдарламасы енгізілетінін хабарлаған болатын.

Ана капиталы бағдарламасы Ресейде 2026 жылға дейін жұмыс істейді.

Ана капиталын кімдер алады?

Аты айтып тұрғандай капитал аналарға беріледі. Бірақ кей жағдайда ерлер де, балалар да төлемді алуы мүмкін. Әйелдер капиталды алу үшін Ресей азаматы болса жеткілікті. Жары шетел азаматы болса да, әйелі баласы үшін төлем алады.

Ал ерлер қандай жағдайда ала алады? Бала асырап алған жалғызбасты ер адамдарға да ана капиталы беріледі. Сонымен қатар, баланың анасы қайтыс болса не ата-ана құқығынан айырылса, капитал әкесіне өтеді.

Анасы да, әкелсі де қайтыс болса немесе ата-ана құқығынан айырылса, капитал балалардың өзіне беріледі. Бірнеше бала болса, сома бәріне бірдей бөлінеді.

Ана капиталын қайда жұмсауға болады?

Қазақстандағы зейнетақы жинағы төлемі секілді Ресейде ана капиталын да қолға бере салмайды. Оны белгілі бір мақсаттарға жұмсауға болады. Мысалы, үй сатып алуға немесе ипотекалық заемды жабуға. Құрылыс компаниялары арқылы үй салып алуға да болады.

Одан бөлек, ақшаны білімге жұмсауға болады: мектепке дейінгі мекемелердің немесе жоғары оқу орындарының ақысын төлеу қарастырылған. Не болмаса, капиталды әйелдің зейнетақы жинағына қосуға болады.


Фото: РИА Новости

Жалпы ереже бойынша, ана капиталын бала үш жасқа толғаннан кейін пайдалануға болады. Тек бастапқы жарна төлеу, негізгі борышты өтеу және тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ мүгедек баланың әлеуметтік бейімделуіне бірден жұмсауға рұқсат етіледі. Ана капиталын депозитке салуға, көлік сатып алуға, өз несиеңді жабуға немесе коммуналдық қызметтерді төлеуге болмайды. Мемлекеттік сертификатты қолма-қол ақшаға айналдыруға заң бойынша тыйым салынады.

Ана капиталы мақсатын орындады ма?

Ана капиталы бағдарламасы елдегі бала туу көрсеткішін арттырды - 2006 жылы Ресейде 1 479 637 бала дүниеге келсе, 2014 жылы 1 942 683 бала туған. Жыл сайын дүниеге келген бала саны арта берді.

Ресейдің әлеуметтік қолдау шараларының арқасында 2013-2015 жылдары халық саны арта бастаған. Ресей азаматтары үш жыл ішінде 86 387 адамға көбейген. 1997-2006 жылдар арасында Ресейде 13,6 миллион бала дүниеге келген. Ал ана капиталы енгізілген 2007-ден 2016 жылға дейін 18,2 миллион бала туған. Демограф Алексей Ракшидің айтуынша, ана капиталы енгізілгеннен кейін әр отбасының тұңғышын есептемегенде, тағы 2,5 миллион бала дүниеге келген.

Ана капиталы мен алаяқтық

Кей отбасы ана капиталы түскен кезде түрлі қулыққа барып жатады. Мақсаты - ақшаны қолма-қол шығарып алу.

Ең көп тіркелетін алаяқтық үй сатып алу арқылы жасалады. Ана капиталының иесі туысынан (көп жағдайда тегі бөлек) үй сатып аламын деп, оған ана капиталынан ақша аударады. Кейін туысы ақшаны қолма-қол шығарып алады да, қайтарып береді.

Тағы бір алаяқтық амал - тұруға жарамсыз үйді жоғары бағаға сатып алу. Риелтормен келісіп, отбасы ана капиталының бар ақшасына жөндеу жасалмаған, жағдайы жоқ үй сатып алады. Риелтор ақшаны шешіп алады да, өз қызметінің ақысын алып, қалғанын отбасына қайтарып береді.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная